Оңтүстік Қазақстанда тартылып қалған шипалы көл өздігінен суға толды

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері үздіксіз тартылып келген Қызылкөл тек жергілікті тұрғындарды емес, барша қазақстандықтарды, тіпті ресейлік жамағатты да алаңдатқан.

Қызылкөл суға толды деген хабарды естіген NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі жағымды жаңалықты өз көзімен көріп қайтты.

Оңтүстік Қазақстандағы Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округіндегі көлдің аумағы 113 млн текше метр. Алайда осыдан 25 жыл бұрын ондағы су белгісіз себептермен өздігінен тартыла бастаған.

Арада оннан астам жыл өткенде тұзды көл жергілікті тұрғындар үшін өз зардабын тигізе бастапты. Ауылдық округтің әкімі Абай Көбенов бала күнінде осы маңға талай келіп, шомылып, тіпті бос орын таппай кеткен кездері болған дегенді алға тартты.

"Әлі есімде баламыз ғой әлі, мектептен шыға сала осы көлге қарай тартатынбыз. Балалармен бірге шомылып, кейде жағасында бос орын болмай кезек күтіп тұратын едік. Кейінірек мұндағы тұзды судың салдарынан жер тұзданып, тұрғындардың тыныс алуына кедергісін келтіре бастады", - деп әңгімесін бастаған ауыл әкімі жаздыгүні жел тұрса, тұрғындар үйлеріне қаша жөнелетінін де айтып қалды.

Бүгінде бұл мәселе созақтықтар үшін артта қалды. Отыз пайызы тартылған көл тоқсан пайыздан астам суға толып, қуанышында шек жоқ. Ал жергілікті билік келушілер саны көбейетініне сенімді. Өйткені ондағы су сүйектің қақсауы сынды түрлі емге дауа.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын мынадай оқиға болған. Ол кезде мен әлі әкім емеспін. Бір көлік толы адам жолдан адасып жүр екен. Айтуларынша, Ресейден келген. Қызылкөлді іздеп жүр екен. Бұрынырақта осында келіп, суына шомылып кеткен көрінеді. Тартылған көлді таппай жүрген. Содан мен мән-жайды айтып түсіндірдім. Жағдайды естіген олар көңілдері құлазып елдеріне қайтты", - деді Абай Көбенов.

Жергілікті биліктің сөзіне сенсек, Қызылкөлдегі жағдай облыс басшылығының да бас ауруына айналған. "Қалай суға толтырамыз" деп бастарын қатырған олар қаншама рет жағдайды түзетуге әрекет етіп көріпті. Бірақ, нәтиже болмаған.

"Алланың құдіреті шығар, көл суға толды" деген әкім бұл жағдайға биыл жаңбырдың көп болуы септігін тигізді дегенді айтты. Қалай дегенмен де, тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Өйткені биылғы жазда халық бұрынғыдай жаздың шайма шуағында суға шомылуға мүмкіндік алып отыр.

Алайда талай жылдан бері мәселесі күрделенген көл аумағында әзірге келушілер үшін жағдай жасалмаған. Жергілікті билік оның жолын қарастырып жатқанын жеткізді. Тек бір мәселе бар. Қызылкөл - облыстық маңызы бар көлдердің қатарында.

Демек, аудандық басшылық өздігінен ешқандай әрекет ете алмайды. Дегенмен, биылғы шомылу науқанына дейін ол мәселе оң шешімін табады деген сенімде. Айта кетейік, көл маңында қара балшықты көлшік бар.

Ондағы лайды Жаңақорған мен Манкенттегі шипажайлардағылар алып кетеді екен. Көл аумағы қалыпқа келтірілсе, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келушілер артар еді деген үмітте созақтық басшылар.

 

Тағы да оқыңыздар:

Қазақстанда үш тілде білім беруге көшу үшін 1,5 триллион теңге жұмсалмақ

Сенат депутаты білім саласындағы жаңалықтардан шаршағанын мәлімдеді

Білім министрлігі мектептегі пәндер санын қысқартады

Депутат Білім министрін сұрақтарымен тығырыққа тіреді

Президент білім реформасын халыққа дұрыс түсіндіре алмаған Сағадиевті сөкті

Зиялы қауым президентке ашық хат жолдап, білім саласындағы эксперименттерді тоқтатуды талап етті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1132686-onhtustik-qazaqstan-khalqy-talay-emge-sh/