Байқоңырлықтар Ресей қарамағында қалғысы келеді

Опубликовано:

«Байқоңыр» ғарыш айлағы мен оған қарасты Байқоңыр қалашығын Ресей жылына 115 млн доллар төлеп, 2050 жылға дейін жалға алғаны белгілі. Осы орайда, байқоңырлықтар Ресей қарамағында қалғысы келетінін алға тартты деп жазады korrespondent.kz.

Ғарыш айлағы мен жалпы қаланың аумағы 672 мың гектар жерді алып жатыр.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, Ресей бұл қаланың бюджетіне жыл сайын 1 млрд рубльден астам қаржы құяды. Алайда, соған қарамастан қала тиісті деңгейде дамымай отыр. Ресейге тиесілі шаһарды жұмыссыздық жайлаған. Сыртқы әлемнен оқшау қалып қойған.

Ең қызығы – біз өз жеріміздегі космодромның аумағына алғаш рет 2014 жылы бас сұғып, жұмысымен таныстық. Оған дейін жауап әрқашан біреу болатын – «құпия нысан, кіруге болмайды»!

Қазақ жеріндегі Ресейдің бір бөлшегі

Біз Байқоңыр ғарыш айлағы туралы көп естігенімізбен, оның жанындағы мыңдаған адамдар өмір сүретін қалашық жайлы біле бермейміз. Ғарыш кешенімен бірге қаланы да Ресей жалға алғандықтан, ол аталған мемлекеттің заңдарымен өмір сүреді. Қалада 70 мыңнан астам халық тұрады.

Бұл – режимдік қала, сондықтан мұнда тек қонақ деген визамен ғана кіре аласыз. Ол үшін сізді күтіп алатын туысыңыз немесе танысыңыз ең әуелі қала басшысының атына арыз жазып, рұқсат сұрайды. Мұнда өз бетіңмен көшіп келе алмайсың. Кіргізбейді.

Тек осындағы жоғарғы оқу орны – Мәскеу авиациялық институтына оқуға түскен болсаңыз ғана Байқоңырда тұра аласыз. Орталығында әлі күнге дейін Лениннің ескерткіші тұр. Кеңес заманын еске салатын жәдігерлер бұл қалада аз емес.

Кәсіпорындар көбіне Ресей Федерациясының нысаны ретінде тіркелген. Қазақстандық кәсіпорындар да бар. Олар өте аз. Мұнда екі елдің де валютасы жүре береді. Азық-түлік бағасы жергілікті бағалармен бірдей. Жол полициясы Ресейдікі.

Тәртіп бұзсаңыз, рубльмен айыппұл жазып береді. Дегенмен оны теңгемен төлеуге де болады. Ал егер қылмыс жасасаңыз, сізді ресейлік полиция ұстап әкетуі мүмкін, алайда олар сізді бәрібір қазақстандық полицияның қолына тапсырады.

Бұл жерде ЖШС, АҚ деген формадағы компаниялар жоқ. Барлық кәсіпорындар мемлекетке тиесілі. Зауыт, фабрика деген мүлде жоқ. «Байқоңыр-Энерго» ЖЭО, газ, жасылдандыру, жол құрылысы, Роскосмос, Қазкосмос – қалашықтағы бар мекеме осылар ғана.

Байқоңырдағы тұрғын үй сатылмайды. Оның бәрі – мемлекеттікі. Оны тек жалға береді. Екі бөлмелі пәтердің бір айлық жалдау құны – орта есеппен 20-30 мың теңге. Сәйкесінше жер телімі де жекеге берілмейді.

Қала Ресей заңдарымен өмір сүретіндіктен, тұрғындардың төлеген салығы мен зейнетақы жинағы көрші елдің бюджетіне кетіп жатыр. Осы қалада тіркелген әйелдер – 55 жаста, ерлер – 60 жаста зейнетке шығады.

Қалада қонақта болғандардың айтуынша, халық Байқоңырдың Ресей қоластында қала бергенін қалайды. Өйткені, ресейлік зейнетақының көлемі қомақты. Егер бизнес ашамын десең, оны Ресейден субарендаға аласың. Салығыңды Ресейге төлейсің.

Алайда, бұл өте тиімсіз. Солтүстік көршімізде салық көлемі жоғары. Қалтаңды кәдімгідей қағады. Сондықтан көпшілігі бизнеспен айналысуға тәуекел етпейді.

Қалада 10 мектеп бар. Оның алтауында қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жасалған. Дегенмен, осы уақытқа дейін балалар Ресей оқулықтарымен білім алып келді. Тек 2015 жылы ғана сол алты мектеп пен бір балабақша қазақстандық білім беру стандартына көшірілді. Енді түлектер мектептен қазақстандық үлгідегі аттестатты алып шығады.

Қала тұрғындарының 60 пайызы – қазақстандықтар, қалғаны – ресейліктер. Мұнда аралас неке – қалыпты дүниеге айналған. Шаһардан сіз орысша бір ауыз білмейтін ауыл қазағы мен таза мәскеулік акцентпен сөйлейтін орыстарды жиі кездестіресіз. Ерекшеліктеріне қарамастан, олардың бәрі бір қалада тұрады.

Жұмыссыз қалған қазақстандықтар көбейді

Дегенмен, жыл өткен сайын ғарыш қаласының мәселелері де ұлғайып келеді. Ресейліктер Байқоңырды жалға алу жайлы келісімшартқа қарамастан, қаладағы бірнеше нысанды қаржыландыруды азайтып отыр.

Соған қарағанда Ресей өз космодромын салып жатқан соң Байқоңырға көңіл бөлуді бір шетке ысырып қойған сияқты. Еске сала кетсек, Ресей Амур облысына қарасты аймақтан «Шығыс» атты өз ғарыш айлағын салып жатыр.

«Караван» газетінің жазуынша, бұл жағдай жалғаса берсе, қаладағы көптеген адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Былтырдың өзінде «Роскосмоста» және қаланың бюджеттік мекемелерінде еңбек етіп жүрген 600-ден астам адам жұмыссыз қалған. Олардың көпшілігі – қазақстандықтар.

Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, биыл бұл көрсеткіш 1500 адамға жетуі мүмкін. Космодромды жалға алғалы бері Ресей жағы қаланы дамытуға жеткілікті қаржы бөлмеген.

Тіпті, сонау 2008 жылы Қазақстан салып берген перзентхананы әлі күнге дейін түрлі сылтаулар айтып, қабылдамай отыр. Осыған орай Қызылорда облысының әкімі былтыр Байқоңырдағы бірқатар нысандарды ел меншігіне қайтарып алу туралы ұсынысын жеткізген болатын.

Өз қаламыз қашан өзіміздікі болады?

Негізі қаладағы нысандар ғана емес, жалпы космодромды қайтарып алу туралы бастама көтерілгелі бірнеше жыл болды. Айталық, 2012 жылы «Лента.ру» бұл мәселе алғаш көтерілгенде көптеген мәселелердің бас көтеретінін айтты.

«Қазақстан жағы бірте-бірте жалға беру келісімшартын бұзу жайлы бастама көтеруде. Оның қашан іске аса бастайтыны белгісіз. Бірақ олар ең бірінші «Зенит» зымыран ұшыру комплексін Ресей қарамағынан шығарып алмақ. Сондай-ақ Байқоңыр қаласын қайтарып алғысы келеді. Дегенмен, ғарыш айлағында жұмыс істейтін мамандар бұл бастамаға қарсы. Бұл жағдайда ресейлік мамандар жаппай өз еліне кетіп, айлақта кадрлық мәселелер туындайды», - деп жазды лента.ру.

Оның үстіне Ресейдің енді өз айлағы бар. Демек, Байқоңырды қайтарар сәт жақындап қалды. Өйткені, ол бір күндері Ресейдің өзіне керексіз болып қалады. Шаһарды дамытуға тиісті қаржы қарастырмай, елдің тұрмысына жүрдім-бардым қарап отырғаны да содан болса керек.

Өткен жылы бұл мәселені Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев көтерді. Ол Ресейдің Федералды ғарыш агенттігінің басшысы Игор Комаровпен болған кездесуде Төретам және Ақай ауылдарын кеңейту үшін Ресейдің «Роскосмос» агенттігі жалға алып отырған Байқоңырдың 25 мың гектарын Қазақстанға қайтару туралы ұсынысын жеткізді.

Ұсыныс жерде қалмады. Биыл Ресей 2050 жылға дейін жалға алған Байқоңырдың бір бөлігі, нақтырақ айтсақ, Байқоңыр қаласымен түйісіп жатқан 11,6 мың гектар аумақты Қазақстанға қайтарды.

«Аумағы 11,6 мың гектар төрт жер учаскесін Қазақстанға қайтару туралы уағдаластыққа өткен жылдың күзінде қол жеткізілді. Біз бұл жерді мүлде пайдаланбаймыз. Кадастрлық жұмыстар аяқталды және I жартыжылдықта жерді жалдан шығару қорытындысы дайын болады. Жер учаскелері қазақстандық әріптестеріміздің бастамасымен қайтарылады – олар инфрақұрылымды дамытпақшы, қонақ үйлер салуы мүмкін», - делінген ресми ақпаратта.

Ал енді ғарыш айлағының өзі, қала нысандары қашан өзіміздің игілік болары белгісіз. Бұл мәселеде елдің пікірі қақ жарылып отыр. Біреулер «біздің қолымыздан түк келмейді, оны қайтарып алған күнде де дұрыс игере алмаймыз, бекерге алып кешен құрдымға кетеді» деген пессимистік көзқараста болса, енді бірі «өз қолымыз аузымызға жетті, бұл мәселеде шеттен мамандарды тартсақ та, істі байыппен шешуге болады» деп отыр.

Ал Ұлттық ғарыш агенттігінің жетекшісі Талғат Мұсабаев болса, бір сөзінде «Қазақстан жағы Байқоңырдың мәңгілікке Ресей иелігінде қалғанын қалайды» деп маман ретіндегі өз ойымен бөліскен еді. Демек, бұл мәселеде біржақты ештеңе дей алмаймыз. Алайда ұзақ жылдар экологиялық зардап шегіп, бөтеннің тақымында кеткен қазақтың қаласы мен даласы өз иелігіне қайтарылса, бұл оқиғаға қуанбайтын қазақ болмасы анық.

Тағы оқыңыз:

Еліміздің ең тартымды жас арулары

Атырауда 70 жастағы ақсақал қамауға алынды

Аружан Сайын Мәдениет министрінен пантеонға жерлемек адамдардың тізімін сұрады

Мәскеудегі қырғыз жұмысшылар еліміздің Мәдениет министріне жауап берді (видео)

Шымкент әкімі жер сұраған тұрғындарды «сабырлы болуға» шақырып қайтарды

Қазақстанның Ұлттық гвардиясы: Курсант әлімжеттік туралы әңгімені үйлену үшін ойдан шығарды

Өзін педофилдердің тізімінен көрген Алматы тұрғыны балаларының көзіне қараудан қалған

80 жасқа келген ақтаулық ақсақалдың ғылыми жұмысы ресейлік ғалымдардың таңдайын қақтырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1140215-bayqonhyrlyqtar-resey-qaramaghynda-qa/