Елімізде Тиматидің сақалы мен Қайрат Нұртастың шашына қызығатын жігіттер көбейген
Опубликовано:
Ақтөбеде 23 жастағы жігіт тек ер адамдарға арналған салон ашты. Салонда шаш қиылып, келушінің қалауынша сақалы сәнделеді.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
«Жеке кәсібімді бастағаныма биыл тура бір жыл болады. Ал өзім шаштараз болып жеті жылдан бері айналысып жүрмін. Бес жылдай әмбебап маман болып жасадым. Әйел адамдардың да ер адамдардың да шашын алып жүрдім. Кейін өз кәсібімді ашуға бел будым»,- дейді Арай Төлегенов.
Арай өз ісінің ерекшелігін тек ер адамдарды қабылдайтындығымен түсіндірді.
«Басқа шаштаразда әйелдер мен ер адамдар бір жерде шаш қияды. Химия жасалып жатқан жерде ер адамның отырып шаш қидыртқаны ыңғайсыз. Немесе сақалымды қидыруға барғанда жанымда әйел адамдардың өсек айтып отырғаны біртүрлі. Қызғылт түсті түсқағаз да ер адамдарға жақсы әсер қалдырмайды. Ал мұнда тек ер адамдарың шашы қиылады, іштің безендіру жұмыстарын да ер адамның мінезіне келетіндей етіп жасадық. Ер адамдармен ер адамдар жұмыс жасайды. Бірін бірі түсінуге жақсы», - дейді шебер.
23 жастағы жігіт шаш қиюды алты жасынан бастаған.
«Кішкентай кезімнен шаш қия бастадым. 5-ші класстан бастап достарымның, туыстарымның шаштарын қидым. Енді ол кезде кәсіби түрде тамаша қидым деп айта алмаймын. Жобасын білген соң, қысқартып берем. Ағаларым «Ооо, жарайсың!» деп кетеді. Әскерде жүрген кезде де шаш қысқарттым. Қазіргі қиғаным бұрынғы шаш қиғаныммен салыстырғанда жер мен көктей. Ол кезде келушімен жұмыс істеуді де білмейтін едім», - дейді Арай.
Арай Төлегенов бір жылдың ішінде жеті шебер дайындаған. Қазір Ақтөбе қаласында 2 салон ашты. Әлі де бірнешеуін ашуды көздеп отыр. Шебер жігіттердің арасында сақалға қызығатындардың көп екенін айтады.
«Сақалдың өсуіне байланысты пішінін келтіреміз. Сақалға қызығатындар көп. Бірақ жұрттың бәріне сақал шыға бермейді ғой. Сақалға қызығып «қалай өсіруге болады, қандай жақпа май жағуға болады» деп келетіндер көп. Жастар Тиматидың сақалына көп қызығады. «Сондай қылып қалай өсіруге болады» деп жатады. Қазір көбіне сақалы қалыңдау өсетіндерге Тиматидің формасын салып береміз. Сақалдың қатып қалған формасы жоқ. Оның өсуі мен адамның бет пішініне қарай қия береміз. Негізі сақал еркектік гармоны көп адамдарға өседі», - дейді ол.
Шаш үлгісінде жас жігіттер әлі Қайрат Нұртас пен кәріс жігіттеріне еліктеп жүр екен.
«Қайрат Нұртастың және кәріс жігіттерінің шаш үлгісін сұрайтындар көп. Өзім кәрісше шаш үлгісін көп жақтырмаймын. Олар жараспаса да сол шаш үлгісіне қатып қалады. Олар бізде көп қалмайды. Ондайларды көбіне әйелдерге арналған салондарға жібереміз. «Мелирование» жасатып, қайырып шаш өсіретіндерді ер адамға тән мінез деп жатқыза алмаймын», - дейді Арай Төлегенов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1140982-elimizde-timatidinh-saqaly-men-qayrat/