Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік полицейлердің бір күні (фото)

Опубликовано:

Елдің қауіпсіздігі үшін кейде өз өмірлерін қатерге қойып жататын полицейлер жұмысының қаншалықты қиын әрі қауіпті екені белгілі. Түрлі оқыс оқиғалардың басы-қасында жүретін бұл маман иелерінің бір күндік жұмысы кімді де болсын қызықтырары сөзсіз.

Осы ретте NUR.KZ   порталының аймақтағы тілшісі шымкенттік полицейлердің бір күнін бақылап көрді.

Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полициясының полкінде 650-ден астам тәртіп сақшысы қызмет етеді.

Олардың жұмыс күні таңғы сағат жеті жарымнан басталып, кешкі сегізге дейін жалғасады. Ал түнгі кезекке түсетіндер үшін жұмыс уақыты кешкі сегізден таңға дейін созылады.

Форма киген мамандардың айтуынша, олар әр үш ай сайын, күндіз және түнгі кезекке ауысып отырады.

28 жастағы полиция инспекторы Қанат Бусаханов Y216 КР экипажының қызметкері. Жұбайы Балжан екеуі Әсел және Аделя есімді бүлдіршіндерді тәрбиелеп отыр.

Полицейдің әйелі Балжан Базарбаева жолдасының жұмысына алаңдайтынын және күн сайын Алладан амандығын тілеп, жұмысқа шығарып салатынын да жасырмады.

«Шынымды айтсам, кейде үнемі түзде жүретін күйеуім өзге саланың маманы болғанда өміріміз басқаша болар ма еді деген ой да келеді. Өйткені екі қызым әкесі жұмыста кезінде жиі сұрап, тіпті сағынышпен күтіп отырады. «Әкелерің жұмыста» деп айтуға да қысыламын кейде. Бала әкенің аялы алақаны мен тәрбиесін де сағынады ғой», - деді Балжан. Айтуынша, полицейдің жары болудың өзіндік оң тұстары да бар.

«Көршілерім жолдасым үйде кезде алаңсыз жүретінін айтады. Ол кісі біздің ауладағы талай қылмыстың бетін ашып, оның алдын алуға атсалысқан адам. Жұмыстан түнгі сағат үште келсе де «жұмыс уақытым бітті» деп қарап отырмайды. Қандай да бір тәртіп бұзушылық орын алса, соның ашылуына білек сыбана кірісіп кетеді», - деп әңгімесін жалғастырды Балжан Базарбаева.

«Полицей болу – бала күнімдегі арманым» деген полицей Бусаханов осы қызметке орналаспас бұрын талай тер төгіп, сынақты ойдағыдай тапсырып шыққанын айтты. Үш жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол халықтың қауіпсіздігін сақтауға ант еткеннен кейін берілген жауапкершілікті атқаруға тиіспін. Кез келген полицей елге адал қызмет етуі тиіс деді.

Қанат Бусахановты жұмысқа үйіндегілер шат шадыман көңіл күймен шығарып салады. Әсіресе қыздары сәттілік тілеп, құшақтарына қысып алады.

Полицейлер жұмысқа келген бойда саптық жиынға қатысады. Кешегі түнде орын алған жайттар мен алдағы жұмыстары талқыланады. Мұнан соң шенділер бейнежетон мен байланыс құралдарын алып, көліктеріне отырып қызметке кіріседі. Әр полицейдің өз міндеттері бар.

Айтуларынша, Шымкентте күндізге қарағанда түнгі уақытта тәртіп бұзушылық көптеп орын алады. Жалпы қала бойынша орталық болып табылатын әл-Фараби ауданында орын алатын қылмыс саны көбірек. Мұны полицейлер халықтың тығыз орналасуымен байланыстырып отыр.

Тәртіп сақшысының айтуынша, қызығы мен шыжығы мол қызмет барысы талай сәттерге толы. Кейде асығығыс жүріп бас киімін не қолындағы ала таяғын оқиға орнында ұмытып қалдырып қоятын жайттар орын алып тұрады. Ал кейде тәртіп бұзған адам дөрекілік танытып, тіпті күшпен бағындыратын сәттер де болады.

Ал енді бір кездері қарақшылық жасап, пәтерге түскен ұрылардың қалталарындағы куәліктері ұрлық жасаған орында түсіп қалып, қылмыстың ізі суымай ашылуына септігін тигізетін жайттар да болыпты.

Полицей Қанат Бусахановтан қызметін атқару барысындағы есінде қалып қойған оқиғаны сұрағанымызда біраз ойланып тұрып, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жасаған әрекетін айтып берді.

«Бұл жайт жақында ғана орын алды. Мен жол бойында қызметімді атқарып тұрған едім. Жолда кетіп бара жатқан қымбат бір көлік иесінің тәртіп бұзғанын байқап, дереу тоқтаттым. Көлік тізгіндеген жүргізуші қаша жөнелді. Артынан қуып, ол тұрғын үй орналасқан ауданға кіріп кетті. Қасына жете бергенімде сол маңда қала әкімі өз қызметкерлерімен өтіп бара жатыр екен. Болған жайтты көрген әкім мен қасындағылар әлгі көлік тізгіндеген «қашқын» жүргізушіні көліктерімен қысып, тоқтатты. Осы сәтте әкім көлігінен түсіп, жүргізуші көлігінің алдына тұрып алды. Міне, көрдіңіз бе, шаһар басшысы орын алған тәртіп бұзушылықты көріп, бей-жай қарай алмады. Меніңше, қаланың кез келген азаматы осындай жағдайда полицейлерге қолынан келген көмегін жасаса, құқық бұзушылық азаяр еді», - деді полицей.

«Бірақ, осыдан он жыл бұрынғы уақытты алсақ, бүгінде Шымкентте тәртіп орнаған» деп сөзін жалғады тәртіп сақшысы.

«Шен» таққан қызметкерлермен жұмыстары туралы сұхбат алып тұрғанымызда шақырту келіп түсіп, дереу шағым түскен жерге бардық.

Егде жастағы әйел азаматын өз танысы әлімжетік танытып, соққыға жығып, отыз мың теңгесін тартып алыпты. Оқиға орнына барған полицейлер жәбірленуші тараптың арызын алды.

Бұл факт бойынша іс қозғалатынын айтты. Ал шағым түсірген келіншектің алған соққысынан соң жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінуіне тура келді.

Тәртіп сақшылары жол бойында кетіп бара жатқан көліктерді бақылауына алуды ұмытпайды. Әсіресе терезесі күңгірттелген көліктер көрсе, бірден тоқтатады.

«Заң – бәріне ортақ. Сол себептен оған ханның да баласы бағынуы тиіс. Ереже бұзған жүргізушілерді көрсек, бірден тоқтатып, бұзған ережесін айтып, заң бұзушылығына қарай айыппұл саламыз. Бізде «шымкентский вариант» жасағысы келетіндер көп. Бірақ, оған жол бермейміз. Біздің әрбір әрекетіміз, тіпті қызметтік көлігіміздің ішіне дейін бейне мен аудио жазбаға жазылады. Егер «көкелерін» ортаға салып оңай құтылғысы келетіндер болса, оған жол беретін тәртіп сақшысының өзі жазаланады», -дейді полицейлер.

Шымкентте бұзған ережесіне келіспеушілік танытып, жауаптан жалтарғысы келетіндер көп. Бірақ, бейнежазбаға түскен көріністер бәріне де дәлел болады.

Мына бір ақ түсті «приора» маркалы көлігінің иесі темір тұлпарының алдыңғы тұстағы терезесін күңгірттеп қана қоймай, жолдың қарсы бетіне шығып кетті. Мұны байқаған тәртіп сақшысы дереу оны тоқтатып, құқық бұзғанын жеткізді.

Алайда көлік иесі полицейдің таққан айыбымен келіспеді. Тіпті «көке-жәкелеріне» хабарласып, жағдайды оңай шешуге талпынды. Бірақ, полицейлер оған жол бермеді.

Содан соң күңгірттелген жапсырманы жүргізушінің өзіне алғызып, көлігін айыптұрағына тығып тастады. Сондай-ақ, қалада бағдаршам істен шығып қалатын сәтте сақшылар сол маңға дереу жетіп, кептелісті реттейді.

«Кейде аптап ыстық пен қара суыққа қарамастан төрт-бес сағаттап жолда кептілісті реттеп отыратын кездеріміз де бар» деген полицейлер қызметтері қанша жерден қиын болса да мамандықтарын ауыстыруға бармайтынын алға тартты.

Айтпақшы, Шымкенттегі тоғыз саябақта полиция бекеті демалыссыз жұмыс істейді. Әр бекетте үш полицейден отырады. Бүкіл аумақ бейнебақылауға алынған. Экран арқылы тыныштықты қадағалап отыратын олар велосипедке отырып, тәртіп сақтау шараларын жүргізеді. Одан өзге атқа мінген полицейлер көлік жүре алмайтын аумақтарды бақылауына алған.

Сонымен қатар жақында ғана шымкенттік полицейлерге тәртіпті әуе арқылы бақылау мүмкіндігі туды. Арнайы құрылғы арқылы диспетчер қызметіндегілер көктен қала көшелеріндегі қозғалысты қадағалап отырады.

Тәртіп бұзушылық орын алса, дереу оқиға орнынан арнайы экипаж жіберіледі.

Жұмыс уақыты аяқталуға жақын сәтте барлық полицейлер саптық жиында бас қосып, полк командирі Мұхтар Бұхарбаевқа бір күндік қызметтік өтілін баяндап береді. Кейін қызметтік құралдарын өткізіп, үйлеріне қайтады. Әрине, егер оқыс оқиға орын алып қалса, күн-түн дегенге қарамай міндетін атқаруға дайын.

Бейнежетон мен байланыс құралдары полктағы арнайы қоймада сақталады. Бейнежетонға түскен көріністерді полицей өздігінен өшіре алмайды. Терминал іспеттес құрылы арқылы ондағы видеоларды көшіріп алуға мүмкіндік бар.

Тыныштық пен қауіпсіздік үшін өмірлерін құрбан ететін тәртіп сақшыларының қызметтік уақыты қызық пен өкінішке толы. Өйткені адамдардың кейде жауыздықпен бір-біріне жасайтын қатыгез әрекеттері оларды да алаңдатпай қоймайды.

«Біз де адам баласымыз. Жұртшылық тәртіп сақшылары мейірімсіз деп ойлайтынын да білеміз. Бірақ, біздің де жүрегіміз, жанашырлық танытатын да сәттеріміз бар. Тек қауіпсіздіктің сақталуына жауапты болған соң тым жұмсақ болуға болмайды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бар ғой, біздің мақсатымыз бен міндетіміз, арманымыз – тәртіп сақтап, қауіпсіздіктің алдын алу. Шүкір, күн санап елдің полицейлерге деген сенімі артқан», - деп сөзін түйді полицей Бусаханов.

Тағы оқыңыз:

Бас мүфти кісі қазасынан соң аста-төк қылып құдайы ас бермеуге шақырды

Шылымқорлар темекі сыртына шіріген дене мүшелерінің суретін салуға қарсы шықты

Елімізде Тиматидің сақалы мен Қайрат Нұртастың шашына қызығатын жігіттер көбейген

Қарағандылық оқушы қыз АҚШ-тың атақты университетінің оқу грантын ұтып алды

Оңтүстікте студент қызды асқан қатыгездікпен өлтірген жігіт тамызға дейін қамауға алынды

Алматы әкімдігі тұрғындарға 10 сотық жер тауып бере алмайтынын мәлімдеді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1141163-shymkenttik-policeyler-bir-kunin-qala/

pixel