Түркістанда алты күн бойы жоғалып кеткен қыз құрбысының үйінен табылды

Опубликовано:

Түркістанда жоғалып кеткен 18 жастағы қызылордалық студент Ғазиза Қайратова аман-есен табылды. Туыстары мен полицейлер бойжеткенді алты күн бойы іздеген болатын.

Бұл туралы Skifnews.kz хабарлайды.

"Қызды Түркістан қаласының криминалды полиция қызметкерлері тауып берді. Ол дін-аман. Ол Түркістан қаласындағы өзінің құрбысының үйінде болыпты. Ата-анасын шақырттық. Жоғалып кетудің себептерін айта алмаймын. Өйткені, ол кәмелет жасына толған қыз. Мүмкін оның өз себептері болған шығар", - дейді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Қуанышты хабарды естіген Ғазизаның анасы дереу Қызылордадан Түркістанға қарай бет алды. Қызының неліктен мұндай қадамға барғандығын ол жолыққан кезде анықтамақ.

Естеріңізге салайық, Ғазиза Қайратова 31 мамыр күні Қызылордадан Түркістанға қарай шығып, із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Ол сол күні анасына хабарласып, өзі жалдап тұратын пәтерге аман-есен келгенін хабарлаған.

Содан кейін телефоны өшіп, өзі де хабарсыз кетіпті. Туыстарымен байланысқа шықпаса да Ғазиза ВКонтакте әлеуметтік желісіне кіріп, жазба қалдырған. Тіпті, суретін де алмастырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1150421-turkistanda-alty-kun-boyy-zhoghalyp-ket/