Қорасына лаңкес қонып шыққан қобдалық тұрғын әлі есін жия алмай отыр

Опубликовано:

Ақтөбеде лаңкестік әреткет жасап, іздеуде жүргендердің біреуі Қобдадан табылғаны туралы ақпарат белгілі. Ол Қобда ауылының Білтабан көшесі №60 үйдің қорасына қонып шығыпты.

Үйдің иесі Жантас Сүндетов осы оқиғадан әлі ес жия алмай отырғанын айтады деп хабарлайды Aktobenews.kz.

"Маусымның жетісі күні кешкілік үйге Гүлім деген таныс әйел қызын ертіп келді. Ол бұрын Қобдада тұрып, әйелім Күлән екеуі бірге жұмыс істеген болатын. Бір қызы менің қызымның сыныптасы. 2012 жылы Ақтөбеге көшіп кеткен екен. Ешқандай жақындығымыз жоқ. "Аға, мен Қобдаға қайтадан көшіп келіп жатырмын. Жалдап тұратын пәтер іздеп жүрмін. Бүгінше қызым екеуіміз сіздің үйіңізге қонып шығайық", — деп сұранды. Қазақпыз ғой құдайы қонақ деп қарсы алдық, дастарқан жайдық. Түнгі 11-лер шамасында төргі бөлмеге қызы екеуіне төсек салып бердік. Біздің үй үш бөлмелі, қызымның өз бөлмесі бар, әйелім екеуіміздің жатын бөлмемізге кіріп ұйықтап қалдық. Таңғы алтылар шамасында есік-терезе тарсылдап, полиция келіп, ұйқылы-ояу тұрған мені тергеп ала жөнелді. Бөлімшеге апарды. "Үйіме мына әйел қызымен қонды. Қорамыз жабық тұрады. Мен ештеңе білмеймін", — деп жатырмын. Сөйтсем, менің қорама қонып шыққан бүлікшілердің бірі жаңағы Гүлім деген әйелдің күйеубаласы болып шығыпты. Гүлімнің 1993 жылы туған қызының жолдасы екен. Олар Қобдаға жасырынып жетіп, отбасыларымен бірге туған-туыстарына жоламай, мен сияқты тағы бір таныстарының үйіне де түнеген екен. Мен оны білсем ауламның маңынан да жүргізбес едім",  - дейді Жантас Сүндетов.

Жақында ғана жиырмаға жеткен жалғыз ұлынан қапыда айырылып, жер қойнына тапсырған Жантастың отбасы үшін бұл жағдай кәдімгідей күйзеліс болыпты. Оқушы қызы қорқып қалған, әлі күнге дейін шошып ұйықтай алмай жүргенін айтады.

"Баламның садақасын береміз деп үйдегі газ балонды, артық тұрған көрпе, жүн-жыпырдың бәрін қораға шығарып тастадық. Жаз айы ғой, мал тұрмаған соң, есігін жауып қойдық, қораға ешкім кірмейді. Жаңағы Гүлімнің күйеубаласының қалай, қашан барып жатқанын ит біліп па?.. Тек құдайы қонақ деп қарсы алып, ақ дәм — дастарқанымызды жайғанымызда алған алғысымыз осы болды. Шынымды айтсам, жаныма бұл жағдай қатты батты. Онсыз да ұлымнан айырылып, қамкөңіл болып жүрген едім. «Мал аласы сыртында, кісі аласы ішінде» деген осы екен-ау", - дейді Жантас Сүндетов.

Ол таңғы алтыда полиция бөлімшесіне тек бір өзін ғана емес, оған дейін күн бұрын бүлікші жігіттің отбасы қонып шыққан басқа да үйлердің иелерін апарып жауаптағанын көрген.

«Олар да, мен де кінәлі емеспіз. Танымайтын қаймана қазақты төріне шығаратын ауылдың адамымыз ғой. Енді мына жағдай маған ой салды. Жан баласына сенуге болмайды екен…», — дейді Сүндетов.

Ақтөбедегі ірі лаңкестік оқиға бойынша барлық жаңалықтарды мына жерден таба аласыздар

Тағы да оқыңыздар:

Сержант Берік Қалиев лаңкестермен соңғы оғы қалғанша атысқан (фото)

Бердібек Сапарбаев: Ақтөбедегі оқиға бүкіл Қазақ халқына сабақ болуы керек

Іздеуге жарияланған күдіктілердің бірі өзін тізімнен көріп шошып кетті

Қара жамылған Ақтөбенің бүгінгі жайы (фото)

Ақтөбедегі атыста жараланған сарбаздың анасы: Ұлымды мақтан тұтамын

Бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні

Ақтөбедегі терактіден қаза тапқан күзет қызметкері «үйленемін» деп дайындалып жүрген

Ақтөбеде жүргізуші лаңкестердің автобусты қалай басып алғанын айтып берді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1155529-qorasyna-lanhkes-qonyp-shyqqan-qobdaly/