ОҚО-да "әкімнің әкесінің көшесі" тұрғындардың күлкісін келтірді

Опубликовано:

Сарыағашта Жанкешу деген ауылында бір көшенің аты ауылдың бұрынғы әкімінің әкесінің атына ауысып кететін болды деп тұрғындар дабыл қақты. Балалық парызын өтегісі келген бұрынғы әкім анау-мынау емес, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов атындағы көшеге көз салыпты.

Бұл туралы жергілікті korrespondent.kz басылымы жазады.

Бұл туралы жергілікті газетке хабарландыру да берілген. Ұлы сазгерді ығыстырып жатқан тұлғаның да оңай емес екені белгілі. Ұлы Отан соғысының ардагері екен.

"Қолына қару алып, қан майданда ерліктің үлгісін көрсеткен ардагер, шын мәнінде, құрметке лайық. Дегенмен әкімнің әкесіне ауыл орталығынан бір көшенің аты керек болды деп көзі кетсе де көңілдерден өшпейтін, күллі қазақ даласын әліге дейін өзінің әуезді әндерімен тербетіп тұрған талантты «құрбандыққа шалу» қаншалықты әділетті?", - деп жазады басылым.

Осыны айтып шырылдаған тұрғындардың дабылынан кейін Шәмші Қалдаяқовтай қазақтың маңдайына біткен талант қолда барда, қоныштан басатындардың «құрбандығынан» аман қалды, есесіне ардагер де атаусыз қалмады, яғни оған ауылдың басқа бір көшесінің аты бұйырды.

Жалпы аймақта танымал тұлғалардың әкесінің атымен аталатын көшелер аз кездеспейді, деп жазады басылым.

Мысалы, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы ең үлкен көшелердің бірі осы ауылдан шыққан кәсіпкер, кезінде парламентте депутат болған Ермек Абасовтың әкесінің атымен аталады.

Бірнеше жыл облысты басқарған, кейіннен Сенатқа депутат болып кеткен Болат Жылқышиевтың туысының құрметіне де көшелердің біріне Әбжаппар Жылқышиев атауы берілген.

Сондай-ақ, Шардарадағы Тұрысбеков атындағы ауыл да құлаққа таныс естіледі. Осыдан біраз жыл бұрын Зауытбекті Қауысбектің баласы деп танитындар енді баласының арқасында әкесін танып жүр. Шардараның бірінші басшысы ретінде Қ.Тұрысбеков тарихта қалатыны белгілі.

"Еткен еңбек, төккен терінің өтеуі ретінде бүгінде бір ауылдың атын беру де артық емес, дегенмен елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқандар тек Қ.Тұрысбековпен түгесілмейді ғой. Егер осы тұрғыдан алғанда есімі ел ішінде құрметпен аталатындар аз емес. Соның бәрін бірдей жарылқауға жағдайымыз, көшеміз, ауылымыз жете ме екен?!", - деген сауал тастайды БАҚ.

Ресми дерек тек Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде Тәуелсіздік алғаннан бері 500-ге жуық елдімекендердің аттары заман талабына сай өзгертілгенін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1159656-oqo-da-akimninh-akesininh-koshesi-turghyn/