Имамдар өздерін сауатсыз деп атаған Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қарсы шықты (фото)
Опубликовано:
Ақтөбедегі терактіден кейін билік өкілдері мен дін қызметкерлерінің пікірі екіге бөлінді. Облыс әкімі өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстардың нашар екенін имамдардың бетіне басқан болатын деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«Бүлік жасағандардың бәрі мешітке барады, бәрін сіздер білесіздер. Ақтөбенің имамдары соны жасырады. Шынын айту керек, олармен дұрыс сөйлесе алмайды. Себебі, сауат нашар. Солардың алдында мен шынын айтсам, тәуелді ме деп қорқам. Егер солармен жұмыс болса мынадай жағдай болмас еді», - деген болатын Бердібек Сапарбаев имамдармен кездесу кезінде.
Сол кезде имамдар арасынан әкіммен келіспейтін ешкім болған жоқ.
Облыс әкімі 2011 жылғы оқиғадан сабақ алып, жастармен жұмысты күшейту керектігін осыған дейін де айтып жүрді. Дін қызметкерлеріне Шұбарши оқиғасын ұмытпау керектігін ескертті.
«Кезінде 2011 жылы болған оқиғадан сабақ алынбады. Егер сол кезде тиісті шаралар қолданылғанда мұндай келеңсіз оқиға қайталанбас еді», - деді облыс әкімі.
Бірақ ақтөбелік имамдар әкімнің сөзін елер емес. Сұхбат беруден қашқан дін қызметкерлері облыс әкімінің пікірімен келіспейтіндерін ашып айтты.
«Имамдар ештеңеден қорықпайды. Жалғыз имамдар кінәлі ме? Қоғам кінәлі! Бәлені имамдарға жаппаңдар. Құдайға шүкір, сауатсыз имам жоқ. Ешбір имам сауатсыз емес. Әкімнің өзінің шаруасы, кім не айтқысы келеді, өзі біледі. Оның жеке пікірі. Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз, ешкімнің аузына қақпақ болмаймыз. Мен ешкімге аты-жөнімді айтпаймын, айтуға міндетті емеспін», - деген ақтөбелік имам өзін таныстырудан бас тартып, бұрқ ете қалды.
Осыдан соң ол суретке түспеймін деп бетін кітаппен жауып үлгерді.
Имамдар қоғам көрінісін ашып айтқан әкімнің сөзін жеке пікір деп таңып тастады. Ақтөбе қаласының имамы Серікжан Еншібайұлы да әкімнің сөзін қолдамайтын болып шықты.
«Әкім сырттағы мешітке келмейтін адамдардың сөзін айтып жүр. Бір адамды кінәлау керек болды. Сол үшін имамдарды кінәлады. Оны қайта-қайта жаза бергеннен не пайда? Мен сұхбат бермеймін, осыған дейін айттым, тікелей эфирге шықтым», -дейді қалалық мешіт имамы Серікжан Еншібайұлы.
Осылайша, билік пен дін қызметкерлерінің пікірі екіге бөлінді.
Естеріңізде болса, аймақтағы қара жамылған қыздар мен сақалды жігіттерді сабасына түсірмек болған имам Нұрлан қажы Асановты басшылық қызметінен алып тастаған болатын.
Тағы да оқыңыздар:
Баян Есентаеваның мұрнына пластикалық ота жасалатын болды
Қоқыс арасындағы өмір: ОҚО-дағы 5 балалы жесір ананың аянышты тағдыры (фото)
Астанада қымбат көлік мінген шенеуніктердің бірі велосипедшіні қағып кетті (фото)
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы алдағы Олимпиадаға қатыспауы мүмкін
Биылғы түлектерге тегін оқу үшін қай мамандыққа тапсырған дұрыс?
Ақтөбеде «Арлан» арнаулы жасағы командирінің орынбасары қолға түсті
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1169272-aqtobelik-imamdar-ozderin-sauatsyz-d/