Қарағандыда батыр полицей төрт баланы тілсіз жаудан құтқарып қалды

Опубликовано:

Қарағанды қаласында полиция майоры Дәурен Алтаев қызмет атқару барысында бір отбасының төрт бірдей баласын өрттен құтқарып қалды деп хабарлайды baq.kz.

Оқиға барысын қысқаша тарқататын болсақ, сол күні Дәурен Қасымжанұлына Майқұдық елдімекеніндегі үйлердің біріне жетуі керектігі туралы хабарлама түседі. Әдеттегі отбасы жанжалы болар деп, хабарлама түскен мекенжайға жеткенде бес қабатты үйдің бесінші қабатының өртеніп жатқанын көреді.

Ес-түстерінен айырыла шулаған көршілер үйдің ішінде балалардың барын айтады. Сол сәтте өрттің қара түтініне қарамастан, Дәурен Қасымжанұлы білек сыбана балаларды құтқаруға кірісіп кетті.

«Пәтерге кірсем, түтіннен басқа ештеңе көрінбейді екен. Дереу бір матаны суға малып, бетіме орап, бөлмелердің ішінен балаларды іздедім. Қарасам, төрт бала кереуеттің үстінде бірінің үстіне бірі үймелеп жатып қалған. Ес-түссіз. Сол сәтте, демім де таусылуға қарамастан, балаларды иығыма арқалап сыртқа алып шықтым. Алғашында екеуін, кейін екі баланы шығардым. Екінші рет кірейін дегенімде, өрт одан әрі өршіп, маңайлатпайды. Сонда да еш мүдірместен, жанымды шүберекке түйіп, балаларды құтқардым»,- дейді сақшы.

Аға учаскелік инспектор Алтаев жеке сектордағы 900 баспана мен бес қабатты үйге жауапты. Ол тек тұрғындарды ғана емес, әр үйдің бөлмелері қалай орналасқандығын да зерттеп алған. Сондықтан болар, балаларды тілсіз жаудан аман алып қалды.

«Төртеуіне иіс тиіп, ұйықтап кетіпті, полицей өз күшімен алып шықты. Бұл – кез-келгеннің қолынан келмейтін ерлік. Егер учаскелік инспектор болмаса, қара жамылып отырар едім. Менің бес балам бар. Біреуін көршілер қызыл жалыннан құтқарып алыпты. Қалғандарын алып шығуға батпаған. Төрт баламды отқа оранған пәтерден алып шыққан сақшы жоғары марапатқа лайық деп есептеймін», - дейді балалардың анасы Бақытжан Әбікеева

Отан қорғаушылар күнінде Дәурен Алтаев Ішкі істер министрілігінің грамотасымен марапатталды. Облыстық департамент басшылары да Ішкі істер министрлігіне батыр инспекторды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау жөнінде ұсыныс жіберді.

Дәурен Алтаев - отбасында зайыбы екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Дәурен Қасымжанұлы мінсіз қызметі үшін II және III дәрежелі медальдармен марапатталды. Ішкі істер министрлігі тарапынан 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісін иеленді.

Тағы оқыңыз:

Қазақстанды әйел адам басқаруы мүмкін бе?

Назарбаев: Соғыс жоқ, алайда соғыс жүріп жатыр

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Спортшыларға берілетін сыйақыны тартып алмаймыз

Айтаханов Ауыл шаруашылығы министрлігін қайта құруды ұсынды

Отандық журналист арабша сөйлеуді сәнге айналдырғандарға шүйлікті

Сенатор Тасмағамбетовтен әскерден табытпен қайтып жатқандарға қатысты түсініктеме беруді талап етті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1170252-qaraghandyda-batyr-policey-tort-balan/