Бас мүфти алматылық жағдайы төмен 200 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті (фото)
Опубликовано:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық шарасын жасады. Оған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, отбасыларға азық-түлік және қаражылай мерекелік сый тарту етті.
Шара «Рамазан – сыйы» акциясы аясында өтті. Бұл туралы NUR.KZ порталына мүфтияттың баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында 200 отбасына бір айлық азық түлік және 100 отбасына қаржылай көмек көрсетілді. Жалпы алғанда 1,000 литр сұйық май, 2,000 кг ұн, 1,000 кг қант, 1,000 кг күріш, 1,400 кг макарон берілді.
«Діни басқарма мен Алматы орталық мешіті бізді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Рамазан айында, Ораза айт пен Құрбан айтта, балалар мектепке баратын кезде қолдау көрсетіп қайырымдылық шарасын өткізіп тұрады. Игі іске бастамашы болып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді Зәуреш Әлиева.
Айта кеткен жөн, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен еліміздің имам-молдалары 4 бағыт бойынша жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі – қайырымдылық іс-шараларын жиі ұйымдастыру. Рамазан айының құрметіне орай жасалған қайырымдылық шарасы әр өңірде жалғасын табуда.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни салада басымдық беретін бағыттарының бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Биылда Рамазан айының құрметіне орай Республика бойынша барлық мешіттер қазақтың асар деген ұғымын тірілтіп, ірі көлемдегі әр түрлі бағытта қайырымдылық шаралар мен ауызашарлар өткізіп жатыр. Бүгінде Алматы қаласының 200 отбасына азық-түлік пен қаржылай көмек көрсетіліп отыр», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1175812-bas-mufti-almatylyq-zhaghdayy-tomen-200-ot/