Расул Жұмалы: Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, басқаға ма?

Опубликовано:

Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Қазақтың тілі мен тарихына» қатысты өткен қоғамдық талқылауда саясаттанушы Расул Жұмалы үш тілді білімге қарсылық танытты деп хабарлайды ult.kz.

— «Соңғы он-он бес жылда Қазақстанның қай саласын алсаңыз да дамып, оңып жатқан сала жоқ, бәрі дағдарысқа ұшыраған. Оның көптеген себептері бар. Яғни, шенеуніктеріміздің кәсіби біліксіздігі, білімсіздігі, сонымен қатар халық пен билік арасындағы байланыстың үзіліп қалғандығы себеп болып отыр. Соңғы кездері алдымен шешім қабылданып, сосын халық дүр сілкінеді.

Содан кейін барып талқылауға көшеді, мораторий жарияланады. Қолын мезгілінен кеш сермейді. Мысалы, кешегі жер мәселесін алып қарайық. Мейлі, кедендік одақ, еуразиялық одақ, бүгінгі тіл мәселесі бәрінде де осы жағдай. Бұған дейін мемлекеттік органдар қайда қарап отырды? Парламенттің қателігі үшін осындай комиссиялар құрыла бермек пе? Онда мұндай парламенттің қажеті не?

Тіл – тек қана қатынас құралы емес. Бұл – ұлтты, мемлекетті қалыптастырушы бірден-бір алғышарт. Мектеп – тек білім беретін орталық емес. Ол ұрпаққа тәрбие беретін, азаматты қалыптастыратын, оның ұлттық сана сезімін оятатын – орталық. Өз басым елу шақты елде болдым. Солардың бірінен екі тіл, үш тіл деген мәселені атымен көрген жоқпын. Ол мемлекеттер бұл қадамға ақылы жетпегеннен бармай отырған жоқ. Өзінің ұрпағын, өзінің болашағын ойлағандықтан солай жасап отыр. Меніңше, үштілділік деген ұстанымның өзі әу бастан қате.

Адам тек бір тілде ғана ойланады. Тиісінше, сол тілден өзінің мәдениетін, болмысын, өмірін танымын қалыптастырады. Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген сөзі бар. Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, Ресейге ме, ағылшынға ма?

Физиология мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. 12 жасқа дейінгі баланың ойлау қабілеті бір тілде дамуы шарт. Жетінші сыныптан кейін ғана басқа тілді оқытуға болады.

Ата заңға сәйкес Қазақстанда тек бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Бірақ ана тіліміздің бүгінгі қоғамдағы жағдайына қараңыз: орыс тілі Парламентте — 90%, экономиканың басым бөлігі орысша, телеарналарымыз 90% орыс тілінде. Тиісінше, үш тілдің арасында қыспаққа түсіп отырған жалғыз ғана тіл – қазақ тілі.

Осыны ретімен шешу үшін не істеуіміз керек? Қазақ тіліне деген сұраныс неге аз? Рас, еліміздегі білім саласында шешілмеген проблемалар көп. Керісінше біздің министрлердің бірі Украинамен арада кикілжің шығарып, екіншісі бір құжаттан 50 қате жіберіп, үшіншісі жоғарғы мансапқа келгеннен кейін барып, енді қазақ тілін үйренемін деп әуре болып жүр.

Онсыз да білім деңгейі мәз емес ауыл мектептері орысша мен ағылшыншаға көшіп кетсе керемет болып кете ме? Жаратылыстану пәндерін қазақ тілінде оқытпау дегеніңіз қазақ тілінің тынысын тарылтып, көкжиегін кеңітпеудің, мешеу артта қалған тілге айналдырудың жолы. Ауыз-екі құрал тіліне айналдырып, ғылым тілінен мүлде айыру деген сөз. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, бұған ешқашан жол беруге болмайды.

Қазақ қоғамы толықтай жүз пайыз болып кетсе де, бүгінгі реформаны дәл осы қалпында жүзеге асыруға болмайды. Ал, орыс тілді мектептің балалары бір ғана тілмен шектеліп қалады. Қазақ тілін білмейді.

Бүгінгі күннің шындығы – қазақ мектебін мектептерді бітірген балалар кемінде екі тілді меңгеріп шығады. Алдымен, сол орыстілді мектептер қазақтілді мектептердің деңгейіне жетіп алсын.

Соңғы айтарым, бізде министрлер өте жиі ауысады. Әр министр өзінің жаңа реформасымен келеді. Басы бар аяғы жоқ бағдарламаларымен елді дүрліктіріп, халықтың тынышын кетіреді. Қалай болғанда да бұндай практиканы қою керек».

Айта кетсек, жиында қоғам белсенділері үштілділік реформасының ұлтты жоюға бағытталғанын ашық айтып, өз қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Білім министрлігінің өкілдеріне қоғам белсендісі Руза Бейсенбектегінің 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хатын тапсырды.

Айдос Сарым

Аталған мәселеге байланысты саясаттанушы Айдос Сарым да кеңірек тоқталып, өз ойын білдірді:

-  «Бүгінгі тіл, мемлекет, білім мәселесі айналып келгенде жер заңынан да маңызды. Осының ұғыңыздар. Тіл дегеніміз – ұлттың жаны, экзистенциальды ұясы. Ұлт дегеніміз алдымен тілден басталады. Адам жаратылысынан солай. Мен де көптеген елде болдым. Сол елдердің көптеген мұғалімі, оқушылары үш тілді біледі деп айта алмаймын. Бүгінгі жағдайға қатысты менде дайын жауап жоқ, тек күдіктерімді айтайын.

Бірінші мәселе, үштілділік деген неден туындады? Ол мынадан туындады: бүгінгі күні орыс тілді билік өзінің дәурені өтіп бара жатқанын жақсы сезінді. Осыны сақтап қалу үшін «үштілділік» деген қойыртпақты ойлап тапты. Ондағы басты міндет – қазақ рухты мемлекетті болғызбау. Егер осыны мойындамаса, қалғанының бәрі бос сөз.

Екінші мәселеге көшейік. Мектеп дейміз, сенім, жауапкершілік дейміз. Ал, жарайды үштілділік мәселесі дұрыс болсын. Қазақстанда 3 мың мектеп бар делік. Соның 3 мың директоры, орынбасарларымен жауапқа тартылу керек. 25 жылда математиканы үйретті, химиядан, физикадан олимпиада өткізді, ал 11 жылда қазақша үйрете алмаса, онда жауап беруі тиіс. Сіздер өтірік айтып отырсыздар. Мұның бәрі орыс тілін үйрету үшін жасалып жатыр деп айтады маған кейбір жігіттер. Мен сенбеймін. Мысалы, жерді жалға берсек инвестиция келеді дейді. Бұл да сол секілді жалған аргумент.

Менің Израиль жаққа кеткен бір таныс ағам бар. Ол кісі «Мен қазақ мемлекетінің, билігінің балаларды әсіресе, орысты, кәрісті, басқаны қазақ тіліне үйретуге ниеті бар екеніне сенбеймін» дейді. Егер шын мәнінде сондай ойы болса, Израильдің үлгісінде жасауымыз керек. Оларда балабақшаның бәрі тек еврей тілінде. Біз де солай жасап көрейік. Қазақстанда тек қазақ балабақшасы болсын, орыс, кәріс дегендер мүлде болмасын.

Израиль елінің ұстанған саясаты бойынша, ана тіліңді ешкім шектемейді, үйіңде сөйлес, курсқа бер, өзің білесің. Балабақша – кішкентай нәрестені мемлекеттендіру құралы. Яғни, мемлекетке бойұсындыру, елдің тарихын, мәдениетін үйретудің алғышарты. Балабақшадан тілі сынған бала кейін қандай мектепке барса да, аз да болса тіл үйреніп шығады. Біз ертең комиссия құрайық та, қаладағы кез-келген орыстілді мектепке барайық. Диктант жазғызайық, жүзбе-жүз сөйлесіп көрейік. Егер бұл сынақтардан жақсы өтсе, басымды иемін.

Тағы да оқыңыздар:

Отандық журналист елбасы туралы фильмнен Назарбаевтың ерекше кадрларын жариялады (фото, видео)

Жарылыс кезінде Ыстамбұлға ұшып келген қазақстандық жантүршігерлік жайтты баяндап берді (фото, видео)

Қазақстаннан АҚШ-қа кетіп қалған студент: Өз жерім туралы ешқашан жаман жазған емеспін

Еліміздегі жас келіндер күйеуінен "мәхр" сыйлығы үшін пәтер мен құндыз тон сұрайтын болған

Бортында қазақстандықтар болған ұшақ Стамбулдағы терактіден 5 минут бұрын ұшып кеткен

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1175991-rasul-zhumaly-ush-tildi-bilim-alghan-bala/