Бүгін барша мұсылман қауымы қасиетті Қадыр түнін күтеді
Жарияланған күні:
Бүгін барша мұсылман қауымы қасиетті Қадір түнін күтеді.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.
Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Ал кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін.
Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады.
Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.а.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті.
Құран Кәрім – мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса, мүминдер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары екендігі сөзсіз.
Қадір түнінің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне әсіресе, тақ түндерін іздеу керектігін нұсқайды. Ғалымдардың көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндерінің біріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді. (Қараңыз: Бұхари, Қадір, 3; Мүслим, Сиям, 216)
Қадір түніне қатысты мынадай бірнеше маңызды деректер айтылып жүр:
1- Құран Кәрім толық күйінде «Ләухул Махфуздан» дүние көгіне, Бәйтул Иззәтқа Қадір түні түскен. Бұл – адамзат үшін өте маңызды оқиға.
2- Бұл түнгі ғибадат – құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық.
3- Алла тағала адамдардың тағдырындағы келесі жылы болатын жазмыштарды періштелеріне бұйырады.
Абдуллах ибни Аббас (р.а.) және Имам Әбул-Хаттаб әл-Басридің айтуынша, бұл түні келесі жылға дейін болатын әр түрлі маңызды оқиғалар туралы Алла тағаланың тағдыры періштелеріне аян болады.»
4- Имам Сәһл ибн Абдуллах: «Алла тағала бұл түні мүмін құлдарына рахымын төгіп, кешірім сыйлайды,» – дейді.
5- Бұл түні Рух (Жәбірейіл періште) пен көптеген періштелер жер бетіне түседі. Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша – жер беті періштелерге сыймай кетеді» деп көрсеткен.
Қадір түнін қалай өткізген жөн?
Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Қадір, 1);
Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді.
Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады.
Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес.
Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1177143-bugin-barsha-musylman-qauymy-qasietti/