Ерке Есмаханның көлеңкесінде қалған молда ағасы жалыққанын айтты

Опубликовано:

Ақтөбе облыстық дін істер басқармасын басқарып отырған Бауыржан Есмахан әнші қарындасынсыз-ақ өзінің де атағының бар екенін айтты.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Еркенің ағасы деген біртүрлі естіледі. Мен ешқандан роль ойнамай қаламын. Еркенің арқасында танымал адам сияқтымын. Өзімнің лауазымым, өзімнің аты-жөнім бар», -дейді Ақтөбе облыстық дін істер басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан.

Сонымен қатар ол «Бауыржан мешіттің ақшасын жымқырып, үй салып алыпты» дегендердің қате пікірде екенін ескертті. Шынын айтып, өзі Ерке Есмаханның салып берген үйінде тұрып жатқанын жайып салды.

«Нұр ғасыр» мешіті 2008 жылы салынды, ал менің үйім, шыны керек, әке-шешеме арнап, 2015 жылы Еркенің салған үйі. Еркенің талай суреттерінен де көрген шығарсыздар. 2015 жылға дейін менде жеке үй де болған жоқ. Осы қызметте жүргеніме 17 жыл болды. Соның 15 жылында менде жеке үй болған жоқ, үш отбасы бір үйде тұрдық. Қазір Еркенің салған үйінде ата-анаммен тұрып жатырмын. Менің өзімде жеке көлік те жоқ. Егер жағдайым жақсы болса жақсы көлік мініп алатын едім», - дейді Бауыржан Есмахан.

Ол облыстың бас имамдығынан кетуін 2011 жылғы Ақтөбедегі теракт оқиғасына еш қатысы жоқтығын да айтты. Дін саласында жүргендіктен болып жатқан оқиғалардан өзін «тазамын» деп ақтап ала алмайтындығын да мойындады.

«2011 жылы облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлы «Имам ауысуының бұл оқиғаға еш қатысы жоқ» деген сөзі жергілікті басылымға шықты. Жұрт айта береді. Мен өзімді пәкпін, тазамын деп айта алмаймын. Ол менің тікелей жұмысым. Бірақ ең соңғы нүнтексін алты адамдық штатқа әкеп тіреп қою да дұрыс емес деп ойламаймын. Тағы да айтам, мен тазамын, менің қателігім жоқ деп айта алмаймын, күшіміздің жеткенінше жұмыс жасап жатырмын. Мешітте жұмыс жасадым, мемлекеттік қызметте жүрмін. Мен кез келген нәрсеге дайынмын. Осы қызметте мәңгі қаламын деген пікірде отырған жоқпын, бірақ бұл қызметімнен бас тартамын деп те тұрғаным жоқ. Осы салаға жауапты кісілер өз пікірлерін айтса, мен бар жағдайға дайынмын», - дейді ол.

Естеріңізге салсақ, Ақтөбеде 2011 жылғы теракт оқиғасы шілде айында тіркелгеннен кейін облыста әкім өзгерген болатын. Елеусін Сағындықов шілде айының аяғына жетпей басқа қызметке ауысқан еді. Дін істер басқармасының басшысы Ақтөбеде тіркелген теракт оқиғасының қайталанбауына ешкімнің кепіл бола алмайтындығын ашып айтты.

«Теріс ағымда жүргендерге қатысты толық тосқауыл қойып, заңмен тыйым салынбайынша, нақты айту қиын. Пайғамбарымыз хадисінде «Ертең жас балалар шығатын уақыт болады. Олардың ақылдары толықпаған, қолдарына қару ұстап, халыққа қарсы шығады. Олардың әрекеті дұрыс емес» деп айтып кеткен. Бұл оқиғаның қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды. Олар интернеттен уағыз тыңдап отырған адамдар. Қару алып шыққандарға Однани деген кісінің пәтуәсі себеп болғаны айтылып жатыр. Ол кісінің уағыздары қазір де интернетте тұр», - дейді Бауыржан Есмахан.

Дін істер басқармасының басшысы имамдардың діни сауатының төмендігін айтқан облыс әкімнің сөзіне шамданған ақтөбелік имамның пікірімен келіскен жоқ.

«Хромтау ауданы бас имамының пікірі эмоциямен, асығыс айтылған ой деп ойлаймын. Мынадай оқиға болғаннан кейін ешқандай діни қызметкер, имам, теолог өзін пәкпін деп айта алмайды. Бәрінің де жіберген қателігі бар. Егер қателік болмаған жағдайда бұл оқиға болмайтын еді. Әңгіменің шыны керек, бізде жоғары сауатты имамдар жетіспейді. Облыста алпыстың үстінде имам қызмет етіп жатса, оның 20-30 пайызы ғана жоғары санатта. Қалғандары орта және мешіт жанындағы курстарды бітіргендер. Олардың сауаттылығы жоғары сауатты имамға жетпей жатыр», - деді облыстық дін істер басқармасын басшысы.

Басшы теракт кезінде қолына қару алудан бас тартқан жамағат ойының өзгеруіне теологтар жұмысының себеп болғанын алға тартты.

«Құқық қорғау орындарының жиналысында басқа ағымда жүргендер 1565 деген сан айтылды. «Аңсар» орталығының теологтары биыл 500 жеке кездесу өткізді. 171-і ханафи мазхабына өтеміз деп отыр. Олармен бірнеше рет кездесемін. Ол «болдым» дегенімен бірден бас тартуы да қиын. Қазір қалада, Мұғалжар, Шалқар, Темірге күш салып жатырмыз. Қаражат бөліп жатса басқа да аудандарға теологтар жіберілетін болады», - дейді Ақтөбе облыстық дін істер басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан.

Тағы да оқыңыздар:

Астана жұрты Салидат Қайырбекованы соңғы сапарға шығарып салды (фото)

Көріпкелге сенген павлодарлық қария 900 мың теңгесінен айырылып қалды

Шымкенттік журналист Төреғали Төреәліге неліктен дауыс көтергенін айтты

Елімізде ерте жастан жүкті болып қалатын қыздар көбейген

Мақпал Исабекованың жартылай жалаңаш фотосы жұрттың ашуын келтірді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1179387-erke-esmakhannynh-molda-aghasy-anshininh-k/