Отандық журналист тоқалдарды заңдастырып, шетелдікке тұрмысқа шығатын қыздарға ақы қоюды ұсынды

Опубликовано:

Белгілі журналист әрі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы қазақ қыздары мен келіншектерінің қазіргі ахуалына алаңдап, үлкен мәселе көтерді.

Elana.kz сайтында жарық көрген мақалада журналист тоқалдарды заңдастырып, шетелдікке тұрмысқа шығатын қыздарға ақы қоюды сұраған.

NUR.KZ мақаланы қысқартып, оқырман назарына ұсынады.

- Бойымыздан адами әдеп-ғұрыптардың барлығы табылады. Ендеше, неге қырмызыдай құлпырған қыздарымыз бақыттарын жат жұрттан іздейді, шетелдерде қаншама қыздарымыз ажал құшты десеңші! Әкесіз бала өсіріп, салтымызда жоқ жат әдеттерге бауыр басқандар легі жылдан-жылға көбеюде. Неге? Бұл үрдіс кең етек алып жайыла берсе, арты жақсылыққа апармасы белгілі.

- Әлемге аты мәшһүр көптеген даналарымызбен бірге, Абай да, Шоқан да тоқалдың балалары. Олар ақ некемен дүниеге келген ұлт мақтаныштары. Ақылды да айбарлы бабаларымыз әйелдерін бөлектемей, балаларын жіліктемей, бір үйдің балаларындай ынтымақта ұстауы қандай жарасымды! Шежіреге толы тарихымызды ақтарсақ, мұндай мысалдарды жүздеп, тіпті мыңдап келтіруге болады. Бүгінгі біздің қоғамда осы үрдісті жалғастыруға неге болмасқа.

- Аллаға шүкір, қалталы да аталы, ақылды да сабырлы ер-азаматтар елімізде аз емес. Кейбірінің заңсыз тоқалдары бар! Базбіреулері жасырып жауып, ұрпақ мәселесіне жүрдім-бардым қарап, «бала белде, қатын жолда» үрдісін ұстанып әлек. Бәйбішесінен, туыс-туғанынан таса ұстауға тырысады. Өз айтары бар азаматтар «құпиясын» жасырмай, халықтың талқысына тастап, ойын еркін айтып жүр. Өйткені олар адамнан жасырғанмен, Құдайдан жасыра алмайтын істерін көптен неге көлегейлесін. Себебі некесіз туған бала мен әйелдің обалы атан түйеге жүк болардай ауыр. Тексіздік деген сөздің бір қыры осы тұста ашыла түседі. Кедейлер қауымы екі әйел алмақ түгілі, «байтал түгіл бас қайғы» болып, қара бастың қамын күйттеп жүр. Қоғамдағы теңсіздіктің бір айғағы осы.

- Елімізде статистика бойынша әйел заты алдыңғы орында. Еркектер аз. Демографияны қалыптастыруға, дамытуға бұл да бір кедергі. Себебі некесіз балалар көбейді. «Көкек аналар» молайды. Олардың тағдырына немкетті қарауға болмасын баршамыз сезінеміз. Солардың жартысы ойнап жүріп от басқандар болса, қалғандары жанұялы азаматтардың «нақ сүйерлері». Тағы айтамын, көп әйел алу сән емес. Оған шошына қарайтын түк те жоқ. Көңіл жарастырып, қосылып жатса, неге заңдастырмасқа дегің келеді. Сол үшін «Неке және отбасы» заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізсе, ешкімнің де намысына ши жүгірткендік болмас еді.

- Қуыс-қуыста жасырынып, дүниеге келген ұрпағына өз ныспысын жаздыра алмай жүргендерге жаным ашиды. Сонда деймін-ау, балаға әкелік мейірім мен сүйіспеншілік қайда? Оны сезінбеген ана мен баланы толыққанды жанұя деуге келе ме өзі? Байлыққа бөккеннің жары не тоқалы болу бақыт па? Еркегі именшек, әйелі қожа отбасы да оған жатпас. Ұмытпасам, бірде теледидардан белгілі айтыскер әйелді «меншікті мекеннен» көрсетіп жатыр. Әлгі әйел беті былш етпей «біз бақытты отбасымыз» деп сайрап отыр. Жастай қосылған қосағын тастап, екі баласымен әкесіндей адамға тигенін бейне ел-жұрт білмейтіндей көсіледі. «Буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» деген қазақ қандай данышпан еді…

- Менің айтпағым — солқылдақ заңға «жағдайы келіп тұрса, ұрпақ, ұрпақ үшін, екінші әйел алуға болады» деп енгізсе. Балаға әкенің ныспысын беруге, балаға бар жағдайды жасауға ерекше талап қойылуы керек. Оны орындамаған жағдайда қызметінен қуылып, қатаң жазалар қолданылса. Бірнеше әйел алып, керісінше байларын тастап басқа байға тиіп жүрген кімдер деген сұраққа жауап дайын. Олар, негізінен, «биліктегілер, қалталылар, теспей сорып семіргендер». Бүгінгі солқылдақ заң солардың сөзін сөйлеп тұр. Таршылықтың, жоқтықтың кесірінен қаншама отбасылар үйлі-баранды бола алмай ажырасып жатыр. Сонымен, қысқасын айтсақ, «Отбасы және неке туралы» Заңды қолға алатын кез жетті…

- Жоғарыда айтқанымыздай, шетелде оқыған қыздардың намыссыздығынан «жиендеріміз» әлемнің түкпір-түкпірінде көбейіп келеді. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Қазақ қыздарының құны неге соншалықты арзандап кетті, ағайын? Мысалы, Мысырда жат жұрттың қызын алатын болса, 100 мың АҚШ долларын сұрайды. Өзге де елдердің қыздары алтыннан ардақты. Ал біздің қыздарымыз тышқақ лақ құрлы жоқ па? Кім көрінген пайдаланады, еліне жетектеп алып кете береді. Яғни ондай күйеу болғысы келгендерге заң жүзінде тосқауыл қою қажет. Мысыр немесе Түркіменстан сияқты қымбат баға қоялық. Сонда ол намысымызды да, қыздарымызды да қорғайды. Өзге де елдерде қыздары алтыннан ардақты. Ал бізде ше?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1182688-tanymal-zhurnalist-baylardynh-konhilde/