Шымкенттік кәсіпкер Орталық мешітте 19 жылдан бері азаншы қызметін атқарып келеді

Опубликовано:

Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстанда мешіттегі азаншылар азанды арнайы жазылған құрылғының көмегімен шақырады деген сыбыстың шыққанына аз уақыт болған жоқ. Расымен де солай ма? Олар бұл қызметтері үшін қанша жалақы алады?

NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі Оңтүстік Қазақстандағы мешіттердің біріне барып, бұл сұрақтарға жауап іздеп қайтты.

Шымкенттегі Орталық мешіттің азаншысы Саян Ысқақовтың бұл қызметті атқарып келе жатқанына аз уақыт өтпеді. Павлодарда туып-өскен ол 1997 жылы діни сауатын ашу үшін шырайлы Шымкенттегі медресеге арнайы келіпті. Содан білім алған ол Ордабасы алаңындағы орталық мешітте (сол кездегі) азаншы қызметін атқаруды бастайды.

Сөйтіп жүріп облыстық мешітке қала шетінен жаңа ғимарат бұйырып, қызметін сонда ауыстырады. Өмірінің он тоғыз жылын азан шақыруға арнаған дін жолындағы Ысқақов соңғы жылдары жастардың дінге көптеп бет бұра бастағанын айтты.

"Әлі есімде мен алғаш азаншы бола бастағанымда жұма күндері намазға жығылғандар саны жүзге де жетпейтін. Жастар саны саусақпен санарлық еді. Шүкір, бүгінде мешіт жұма сайын  құлшылық етушілерге толады. Жастар басым", - деп әңгімесін бастады азаншы.

Атасы арқылы дін жолына келген Саян Ысқақов бүгінде ұл-қыздарының да діни сауаты ашылғанын айтып қалды. Тек әзірге олардың жастары кіші болғандықтан намазға жығыла қоймапты.

Облыстың Орталық мешітінде тек бір ғана азаншы қызмет етеді. Егер денсаулығы сыр беріп, азан шақыруға жағдайы болмаса, оның орнын өзге қызметкерлер алмастырады.

"Аллаға шүкір, азан шақырып келе жатқаныма биыл 19 жыл болды. Сырқаттанып қалған кезім болған емес. Алла денсаулық берсін" деген мешіт қызметкері намаз уақытында азан шақыратын орнын таныстырды. Азаншы құлшылық етуге келгендерге арналған орында азан шақырады. Ал арнайы бөлмеде дауысты күшейтетін құрылғы орналасқан. Ол мешіттің бірнеше тұсына орнатылған. Себебі азаншының даусы мұсылман баласын намазға шақыра білуі керек. Тек дін жолындағы кез-келген адам азаншы қызметін атқара алмайды", - деген Саян Ысқақов ол үшін дауыс ырғағы болуы тиіс екенін, ал өзі даусын арнайы күтіп-баптамайтынын айтады.

"Бұл дауыс - тума дауыс. Алланың маған берген сыйы десем де болады. Ешқандай күтіп-баптаған емеспін", - деп сөзін жалғады ол.

Соңғы кезде "мешіттегі азаншылар бес уақыт азан шақыруды қиынсынып,  арнайы дискке басып алып, оны намаз алдында қоя салады екен" деген әңгіме ел ішінде желдей ескені белгілі. Бұл турасында мешіт қызметкеріне сауал қойғанымызда, діни қызметкер оны жоққа шығарды.

"Бізге облыстағы сегіз жүздей мешіт қарайды. Ондай жағдай мүлдем орын алмаған. Ол дегеніңіз Алланы алдаумен тең ғой. Азаншы ешбір фонограммасыз, шынайы дауыспен азан шақыруы тиіс", - деді Ысқақов.

Айта кетейік, азан шақыру уақыты намаз алдында 3-5 минутқа созылады.

Елдегі ешбір мешіт мемлекет қамқорында емес екен. Мешіт өзін-өзі қаржыландырады. Демек, мемлекет тарапынан қызметкерлеріне берілетін көмек қарастырылмаған. Тек онда келіп түскен пітір-садақаның белгілі бір үлесі қызметкерлерге жалақы ретінде төленеді.

Ал кейде қайырымды жандар қолдау көрсетіп тұрады. Мәселен, азаншы Саян Ысқақов айына отыз мың теңге шамасында жалақы алады. Сол себептен де жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мәжбүр болған.

"Ер азамат - отбасын бағу керек. Саудамен айналысу шариғатқа қайшы емес", - дейді ол.

Пайғамбарымыздың өзі сауда жасау-сүннет деген" деген азаншының "сақалдыларға" қатысты пікірін білуді жөн көрдік.

"Рас, шариғатта сақал қою міндеттелмеген. Сондай-ақ, оған шектеу де қойылмаған. Пайғамбарымыздың өзінде иегінен бір қарыс аспаған сақалы болған" деп жауап берді азаншы. Ал "хиджап киген дұрыс па, бұрыс па?" деген сауалға "ешнәрсе айта алмаймын" деп жылы жауып қоя салғысы келген мешіт қызметкері "Шариғаттың үкімі бойынша Құранда ашық жерлердің бәрі жабылсын делінген. Тек мақсат - паранджа емес, шариғат ұзын киіп, орамал тағуды талап етеді. Ол - парыз, ал ұзын киюдің жөні осы екен деп қара жамылуға болмайды", - деп ойын түйді.

Айта кетейік, Шымкентте облыстық орталық мешіті о баста үш мың мұсылманның құлшылық жасауына лайықталып салынған. Дегенмен мұнда он мыңға дейін жамағат сыяды. Әсіресе Айт намазы кезінде ғимарат іші құлшылық етушілерге лық толады.

Мешіт қызметкерлері кешегі Ақтөбедегі жағдайдан соң халық арасында сақалдыларға үрки қарайтындардың басылмай отырғанын жеткізді. Дегенмен жекелей шағымданып келгендері болмаған. Дін жолында жүргендер жамағатқа сақалдылардың бәрі бірдей "сәләфиттер" емес екенін ескертеді. Алайда мешітке арнайы барғанымызда сақал қойғандарды әңгімеге тартпақ болып едік, неге екені белгісіз олар үзілді-кесілді қарсы болды.

Мешітте жиырма үш қызметкер жұмыс істейді. Бас имамының бес орынбасары бар. Солардың бірі - наиб-имам Мұхамеджан Естеміров.

Имам орынбасары теріс ағымдармен күрес жыл санап күшейіп отырғанын, ол үшін әлеуметтік желілердің көмегі тиіп жатқанын, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде былтыр жат ағымның жетегінде Оңтүстік Қазақстанның 205  тұрғыны дәстүрлі дінімізге қайта оралғанын айтты. Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстанда үш мыңнан астам адам өзге ағымға кіріп кеткен.

Тағы оқыңыздар:

Ақтөбеде тал түсте аялдамадан табылған нәрестені полицейлер жасырып қалғысы келді

Журналист Дәурен Абаевқа телевизиядан жұлдыздарды аластататын басшы керектігін айтты

Отандық жазушы: «Қатын» мен «әйелдің» айырмашылығы неде?

Астана маңында жер дауы қоздап жатыр

Белгілі жазушы әрі ақын Әуезхан Қодар дүниеден өтті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1184691-shymkenttegi-ortalyq-meshitinde-azan-q/