Қызылордада құны 2 млрд теңгеден асатын зауыт жұмысын тоқтатты

Опубликовано:

2014 жылдың желтоқсан айында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында «Қызыл мия өсіру және тамырын өңдеу» зауыты іске қосылған болатын. Алайда бүгін құны 2 млрд теңгеден асатын зауыт жұмысын тоқтатты деп хабарлайды NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі.

Жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын инвестициялық жоба аясында көптеген адамдарды тұрақты жұмыспен қамту көзделген еді.

Жұртшылық «БИС-Групп» серіктестігіне қарасты өндіріс орны облыстың экономикасын арттырып, халықтың әлеуметін жақсартуға септігін тигізетініне кәміл сенген еді. Себебі, зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің өзі қатысып, мекеменің жарқын болашағы туралы сөз қозғаған болатын.

Ал бүгінде сол айтылған сөздер желмен ұшып кеткендей. Зауыт жабық, жұмыс тоқтап тұр. О баста қызметке алынғандар қысқартылған.

Мәселенің мән-жайын білу үшін NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі зауыт басшылығымен жолығуға әрекеттенді. Алайда, есік алдындағы күзетшілер директордың орнында жоқ екенін, қашан болатынын білмейтінін айтқан.

«Зауыт ашылған кезде қатты қуанған едік. Ең болмаса, әр үйден бір бала болса да тұрақты табыспен қамтылатынына сендік. Үміт арттық. Қазір ше? Ана жақтан менмұндалаған ғимараттан не пайда? Ішінде жұмыс істеп жатқандар жоқ», - деп ашынады Жалағаш ауданының тұрғыны Аманжол Садықов.

«Керемет болады. Жұмыссыздық жойылады деп еді әкімдер. Шикізаттары кетті жан-жаққа. Қаншама ақша желге ұшты. Жұмыс істеп тұрған зауыт жоқ. Енді не болатынын білмейміз», - дейді зейнеткер Мәди Әшімов.

Мия зауытының не себепті жабылып қалғанын тілшіміз әкімдіктегілерден де сұрады. Кезінде мекеменің ашылу салтанатында журналистерге таласа, мақтана сұхбат берген шенеуніктердің біреуі де маңына жуытпай қойды.

Тіпті «Бұл материалды шығармаңыздар. Облыс әкімінің имиджіне нұқсан келеді», - деп телефон шалғандар да болды. Жалағаш ауданының шенділері «біздің зауытқа қатысымыз жоқ» деп шықты.

Тілшіміз әрең дегенде Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Карипов Саматтың қабылдауында болды.

«Зауыт жұмысының тоқтап қалуының бірінші себебі қаржы мәселесінің шешілмеуінде болып тұр. Негізінен зауыттың жұмысы «БИС-Групп» серіктестігі мен «Борихунда» Қытай сауда компаниясының екіжақты келісімімен жүргізілген болатын. Қазіргі таңда екі компания арасында акцияларының бақылау пакетін бөлу бағытында сот процесі жүргізілуде. Осы мәселе шешілген соң зауыт қайтадан жұмысын бастауы мүмкін. Бірақ уақытын нақты айта алмаймыз», - деді шенеунік.

Мемлекет тарапынан зауыттың жұмысына субсидия бөлінбеген екен. Дегенмен, зауытты іске қосуға Жалағаш ауданы, Ақсу ауылдық округінің «Ахмет база» учаскесінен тоғыз гектар жер және мия егуге Жаңадария ауылдық округінен 6 мың гектар жер телімі тегін рәсімделіп берілген.

Мұның өзі мемлекет қазынасына бірталай шығын әкеліп отыр.

Негізінен Қызылордада жарнама ретінде ашылып, кейін жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар аз емес. Мия зауыты солардың бірі болмайтынына нақты сенім жоқ.

Тағы оқыңыздар:

Ниццадағы терактіден 80-ге жуық адам қаза тапты (фото, видео)

Шымкенттіктер Ресей азаматын төрт жыл бойы құлдықта ұстаған

Астана әуежайында қарапайым халықпен бірге рейсін күтіп тұрған Исекешев жұртты таңырқатты (фото)

Беларусь пен Ресей шекарасында тұрған Қазақстанның жүзден астам жүргізушісі 10-шы тәулік аш отыр

Литва соты Әблязовтің балдызын Қазақстан мен Украинаға бермейтін болды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1190257-qyzylordada-quny-2-mlrd-tenhgeden-asaty/