Мектепте "ботаник" атанып, бай болуды армандаған Әбдірахымов қалай әкім болды? (фото)
Опубликовано:
Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бала күнінде сиыр сауып, мал баққан. Ата-анасының қатал тәрбиесін алған ол үнемі кітап оқып, өз ортасында салмақты мінезімен ерекшеленіпті. Төртінші сынып оқып жүрген кезінде бірге ойнайтын қатарластарына "ауылдың ең бай адамы" боламын деп уәде еткен екен.
Миллионға жуық халқы бар Шымкентті басқарып отырған әкім Әбдірахымовтың балалық шақтағы арманы да ерекше. Бұл туралы қала басшысының туыстары аймақтағы NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Ерекше қасиет дарыған бала
Шымкент басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Рахматолла - инженер болған. Ал анасы Әнипа - ғұмырын білім саласына арнаған. Қарапайым қызметкер болып жүрген олар үш ұл мен екі қызды тәрбиелеген. Екеуі де бала тәрбиесіне өте қатал қарапты. Балаларынан тек білім мен тәртіпті талап еткен. Әкесі Рахматолла перзенттеріне: "Мен сендерге керемет етіп үй салып, дүние жинап қалдырмаймын. Тек білім мен тәрбие беремін. Ал жоғары білімді өз күштеріңмен аласыңдар. Ақша беріп оқытады деп тіпті ойламаңдар", - деп үнемі ескертіп отырған. Әкенің бұл сенімін ұл-қыздары ақтап шығыпты. Бес перзенттің барлығы да мектепті "Алтын белгіге" бітіріп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған.
Бүгінгі әкім неміс тілін мектеп кезінен тереңдете оқыған. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен анасы сабақ берген.
Ғабидолла Әбдірахымов үйінде ұлдардың үлкені. Әпкесі Айжамал екеуі Қуаныш, Мұхтар есімді інілері мен Нұржамал қарындасын қамқорлығына алып, бауырмал болып өскен. Әлі күнге дейін бауырлары мен туыстарын қамқорлығына алып келеді екен. Еңбекқор, шыншыл әрі пысық болған Шымкент әкімі әділетсіздік орын алса, соны дәлелдемей жаны жай таппайтын бала болып өскен.
Әбдірахымовтың лақап аты жоқ. Туыстары үшін "қарапайым Ғабит". Ал жары Данара "Ғабидолла" деп атайды. Әкімнің туыс әпкесі Раушан Исмайылова Әбдірахымовқа ерекше қасиет дарыған дейді. Анасы Әнипа дін жолындағы қасиетті адамдардың біріне барғанда Ғабидоллаға аяғы ауыр кезде ай сәулесі арқылы тылсым қасиет дарыған деп айтыпты.
Мектепте "ботаник" болған
Оқушы Ғабидолла мектепте көшбасшы болып, қоғамдық шараларға белсене ат салысып өскен. Н.Крупская мектебінде орысша білім алған оның кітап оқуға деген құштарлығы жоғары болғаны соншалық, бала күнінде інісі Мұхтармен мал бағуға шығып, кітаптың қызығына кіріп кетіп, он бес қойды жоғалтып алған екен.
Алайда білімге ерекше көзқараспен қарайтын тәрбие көрген әкесі Рахматоллаұлы бұл кезде ұлдарына ауыр сөз айтып, ұрыспапты. Тек оны жақсылыққа балап қоя салған. Содан бері Ғабидолла Әбдірахымов "Алла бізге берсе, біз өзгелерге бөліп беру керекпіз" дегенді ұраны еткен. Туыстарының айтуынша, бұл ойын әлі күнге дейін өзгертпепті. Қатарласы Мәлік Әлменов Шымкент басшысы көршілеріне үнемі қолдау көрсетіп отыратынын айтты. Осыдан біраз жыл бұрын жесір қалған көршісінің ұлының Астанада білім алуына демеу жасапты.
Ғабидолла Рахматоллаұлы оқушы кезінде өзгелер секілді сотқар болып, төбелеске құмартпаған. Бұзақылықтан жанын аулақ ұстауды құп көрген ол оқымыстылығымен ерекшеленген. Бірге оқыған ауылдасы Әлменовтен (автор: өзге сыныпта) Шымкент басшысының балалық шақтағы махаббаты туралы сұрағанымызда ашылып айтқысы келмеді. Соған қарағанда оқушы Ғабидолланың мектеп кезде махабатта жолы болмаған секілді.
Сыныптастарымен әлі күнге дейін араласып тұратын Шымкент әкімі мектеп бітіргеніне 20 жыл толғанда жұмысбастылықтың салдарынан мерекелік отырысқа келе алмай, 100 мың теңге беріп жіберіпті.
Шымкент басшысының ауылына барарда жолда бірге өскен ауылдасын жолықтырып қалдық. Өзін Қабыл деп таныстырған азамат жүк көлігімен Ресейге тауар жеткізеді. Ара-тұра Астанадан өткенде Ғабидолламен хабарласып (автор: ол кезде Әбдірахымов Астанада қызмет ететін), тіпті бірге шәй ішіп, әңгімелесетін болып шықты. Кездейсоқ сұхбат берушіміз әкімнің қарапайымдылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес деп отыр.
Бай болуды армандаған Әбдірахымов
Сыр-сұхбат барысында Әбдірахымовтың нағашы жеңгесі Мақпал Айтуова оның балалық шағындағы арманын да атап өтті.
"Мен Ғабиттің (автор: Ғабидолланың) нағашы ағасына тұрмысқа шыққанымда, ол бір жасар бала еді. Балаларым онымен бірге өсті. Сол кезде біздің балалармен Келес өзеніне шомылуға жиі баратын. Төменгі сыныпта оқып жүрген ол құрдастарынан "Ауылдың ең бай адамы кім?" деп сұраған. Қасындағылар "Сейітхан" ғой деп жауап берген. Сейітхан деген кісі екі қабатты үйде тұратын бақуатты кісі болатын. Сонда Ғабит: "Мен одан да бай боламын" деп тілегін айтқан екен",-деді әкімнің жеңгесі.
Шымкент әкімі Ташкент базарында ірімшік сатқан
Нағашы жеңгесінің әңгімесіне өзге де туыстары қосыла кетті. Айтуларынша, Ғабидолла Әбдірахымов анасын ерекше құрметтейді. Тіпті бала күнінде үйіне кім келсе де, анасы ұйықтап жатса, "тыныш, анам демалып жатыр" деп айтып, келген қонаққа көрпеше салып беріп, шәй қойып, дастархан жайып беріп жүрген. Ерекше айта кетерлігі, Әбдірахымов сыртқы келбеті жағынан анасына қатты ұқсайды. Балалық шағындағы тағы бір естелік, оқушы Ғабидолла анасымен бірге сиыр сауып, күбі пісіп, ірімшік дайындап, Ташкент қаласындағы базарда сауда жасаған. Әпкесі Раушан оның сауда жасап тұрған жүзі әлі күнге дейін көз алдында екенін жасырмады.
"Анасына үнемі көмектесіп жүретін Ғабит Ташкент базарларының бірінде сауда жасайтын кезде сатып алушылар ұзын-сонар кезекте тұратын. Әрине, ұзын бойлы, түрі де келісті сатушыдан кім сауда жасағысы келмейді дейсіз? Алып келген тауарын әп-сәтте сатып қоятын ол қайтарда тапқан табысқа анасымен бірге азық-түлік алып қайтатын. Бірақ, анасына үш келіден артық ауыр сөмке көтертпейтін", - деді әкімнің әпкесі.
Тағы бір айта кетерлігі, Ғабидолла оқушы кезінде інілерімен бірге әкесі мен анасын төл мерекелерімен құттықтауды ұмыт қалдырмаған. Ағашты күйдіріп, қолдан жасаған түрлі мүсіндері Әбдірахымовтар әулетіндегі бағалы сыйлықтардың бірі болып табылады. Айтпақшы, Шымкент әкімінің туыстары оның қызметтегі өсуіне ешкімнің ықпалы болмағанын айтты. "Бір жылдары "көкесінің арқасында көтерілді" деген әңгімелер шыққан. Оның бәрі бос сөз. Ғабит таза білімінің, еңбекқорлығының арқасында қызметте өсті" деді туыстары.
Қараусыз қалмаған қара шаңырақ
Әбдірахымовтың балалық шағы өткен шаңырақта бүгінде анасы Әнипа тұрады деген аты болмаса, ол кісі ұлы Ғабидолланың қолында. Қара шаңыраққа жаз ауасында жиі бас сұғады. Туып-өскен үйге Әбдірахымов соңғы рет Рамазан айында келіп, туыстарының басын қосып, құран оқытып кетіпті. Үй иелері жоқта бұл баспанаға көршісі Дильфуза бас-көз болады. Екі күнде бір рет үйді жинап, қарап отырады.
ОҚО-ның экс-әкімі Тұрысбековтың ұлымен туған бажа
Әпкесі Раушан Исмайылованың айтуынша, әкім Ғабидолла Рахматоллаұлының жары Данара да текті жердің қызы. Танымал профессор Тынысбек Қалменовтің перзенті. Әпкесі Салтанат кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болған, бүгінде "Нұр Отан" партиясының хатшысы қызметін атқарып жүрген Зауытбек Тұрысбековтің келіні. Данара мен Ғабидолланың таныстығына осы Тұрысбековтер әулеті септігін тигізген екен. Шымкент басшысы Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Асқармен (автор: бүгінде "ПетроКазахстан Ойл Продактс" компаниясының вице-президенті) туған бажа.
Жары Назарбаевқа иіліп сәлем салған
Әбдірахымовтың туыстары Шымкент әкімі жарын Данара Қалменованы жер-көкке сыйғызбай мақтап тастады. Айтуларынша, қазақи тәрбие алған Данара өте көпшіл. Үйіне келген қонақты асты-үстіне түсіп күтіп, дастарханын жайнатып, күлімдеп қарсы алады. "Мен әкімнің әйелімін" демей, туыстары қонақ күтсе, келіндік міндетін атқарып, ыдыс та жуып, басынан орамалын тастамайды.
Әбдірахымов Астанада қызмет етіп жүрген кезде елбасының қатысуымен жаңа жылдық кеш өткен екен. Оған бірқатар лауазым иелері жұбайларымен қатысқан. Барлық қонақтар мерекелік бетперде киіп, көңіл көтеріпті. Кештің соңында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бетпердесін шешіп, ортадағы сандықты ашпақ болады. Сол сәтте президенттің алдында тұрып қалған Әбдірахымовтың жары иіліп сәлем салған. Мұны көрген Назарбаев көп жаса деп, "Қай жақтың қызысың?" деп сұрапты. Данара болса: "Оңтүстіктің қызымын. Ғабидолла Әбдірахымовтың жарымын" деп жауап берген. Елбасы: "Өзім де солай ойлап едім. Оңтүстіктің қыздарынан үлгі алу керек" деп ұзын бойлы, реңді келген жас келіншекке ризашылығын білдіріпті.
Дәл осы кеште президент "сиқырлы" сандықты ашқан сәтте өзгелер ішіндегі сыйлығын алуға талпынса, шымкенттік келін Данара сандықтың кілтін қағып алыпты. Қызыққа толы естеліктер айтқан Раушан Исмайлова Ғабидолла Әбдірахымовты елбасы Назарбаевқа да теңеп алды.
"Болашақ" бағдарламасымен Германияда білім алып, неміс тілін жетік меңгерген 41 жастағы Шымкент әкімі - көпбалалы әке. Жары Данарамен бірге қыздары Аделя, Алтынай, Хадишаны және ұлы Әлиханды тәрбиелеп отыр. Ал үлкен қызы Әсел бүгінде Америкада білім алуда. Бес уақыт намазға жығылған Ғабидолла Әбдірахымовтың інісі Дербісек ауылында балабақша салып жатыр. Бұған дейін анасы меншігіндегі жерді мемлекетке беріп, ол орынға мектеп салыныпты. Айтпақшы, Дербісектегі орталық көшелердің біріне Ғабидолла Рахматоллаұлының атасы, өмірінің соңына дейін мектеп директоры қызметін атқарған Тәжітіллә Әбдірахымовтың есімі берілген.
Айта кетейік, Ғабидолла Әбдірахымовтың есімі былтырғы жылдың көктемінде ел ішінде жиі айтылды. Кәсіпкер Қайрат Жамалиев жас жігіт Әліби Жұмағұловты өлімше етіп сабап тастаған соң аталған істің тергелу барысында ҚР Президент Әкімшілігі басшысының сол кездегі орынбасары (автор: қазіргі Шымкент әкімі) Әбдірахымовтың есімі аталған. Сонымен қатар отандық тілшілердің бірімен әңгімелескен Ғабидолла Әбдірахымов екі әйелі барын жасырмай айтқан. Тілшінің "Елімізде екі әйел алу заңда рұқсат етілген бе?" деген сұрағына "Маған Аллаһтың өзі рұқсат берген" деп жауап беріп, жұрттың жағасын ұстатқан болатын.
Фотолар Ғабидолла Әбдірахымовтың туыстарының мұрағатынан алынды
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1192112-mektepte-botanik-atanyp-bay-boludy-ar/