Алматыдағы елді дүрліктірген шабуыл: Оқиғаның хроникасы (фото, видео)

Опубликовано:

Алматыда бүгін, 18 шілдеде елді дүрліктірген оқиғаның хроникасын Bnews.kz назарларыңызға ұсынды.

18 шілдеде таңертеңгі сағат 11 шамасында Алматы қаласы ІІД Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына кіруге әрекеттенген қылмыскер кезекшілік еткен полицейге оқ атып, осыдан соң ішкі істер органдары қызметкерінің автоматын алып, қашып кеткен.

Қарулы адам қару кезеніп басқа бір көлікті тоқтатып, соған отырып ізін суытқан.

Осы оқиғаға куә болған ер адамға жедел медициналық жәрдем қажет болды. Дәрігерлердің айтуынша, ол қатты үрейленген. Ал полиция қызметкерлері дереу қарулы адамның ізіне түсті.

Куәгерлердің айтуынша, осыдан соң қылмыскер айналадағы адамдарға оқ жаудырған. Жараланғандар және зардап шеккендер бар.

Жалпы, атыстан 14 адам жарақат алды. Қылмыскер Никольский базары маңында және Төле би-Абылай хан көшелерінің қиылысында бірнеше адамды жарақаттады. Дәл осы маңда «Буран» патрульдік экипажының машинасына оқ атып, соның салдарынан 2 қызметкер жараланды.

«Көшеде қан суша ақты. Полиция және қарапайым адамдардың көліктеріне оқ атылды. Екі адам жараланды, полицейдің мойнына оқ тиді. Ол тірі ме, жоқ па, білмеймін. Тағы бір күзет қызметкері жарақаттанды», – деп баяндады Төле би-Абылай хан көшелері қиылысында болған атыстың куәгері.

Қала ішімен қашқан қылмыскердің ізіне түсу кезінде жарақат алғандар көбейді, ол туралы нақты мәлімет жоқ. Қылмыскерлер бейбіт тұрғындардың көліктеріне оқ атып, полицейлерді жаралады. Қанды қолдың бірін полицейлер «Қазақконцерт» АҚ ауданында қолға түсірді. Оның кім екені белгілі болып отыр.

«Өкінішке қарай, қылмыскер қала тұрғыны тізгіндеген көлікті иеленуге әрекет етіп, жүргізуші алған жарақатынан көз жұмды. Алған жарақаттарынан үш полиция қызметкері қайтыс болды», – деп мәлім етті ІІМ баспасөз қызметі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, ұсталған адам бұрын сотталған 27 жастағы Қызылорданың тумасы, ол өткен демалыста орын алған әйел өліміне күдіктеліп отыр.

Қалада «Сирена» жедел жоспары енгізілді, барлық полицияның қызметкерлері ұсталған қылмыскердің сыбайластарын ұстауға жұмылдырылды.

Сондай-ақ «Перехват» арнайы жоспары жүргізіліп жатыр. Полицейлерге оқ атқан екінші адам іздестірілуде.

Сауда орталықтары, қала базарлары, қару-жарақ дүкендері жабық.

«Алматы қаласында «Перехват» арнайы жоспары енгізілді. Полиция қызметкері арасында опат болғандар бар. Шабуыл жасағандардың бірі ұсталды, тағы біреуі – іздеуде», – деді Алматы қалалық терроризммен күрес жөніндегі жедел штаб.

Алматының әуежайы мен вокзалында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, алайда бірі штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Тексерілмеген мәліметтер бойынша, қаскөйлер Қапшағайдағы әскери бөлімге баса-көктем кірмекші болған. Алайда Қорғаныс министрлігі Қапшағайдағы әскери бөлімге шабуыл жасалғаны туралы сыбысты жоққа шығарды.

«Әскери бөлімде бәрі тыныш, қалыпты», – деді қорғаныс ведомствосындағы дереккөз.

"Астана уақытымен сағат 12:20-да Алматы қаласы аумағында террорлық қауіптің «қызыл» деңгейі енгізілді. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын жоғарыда аталған деңгей кезіндегі талаптарды бұлжытпай орындауға шақырамыз", - деп жазады Алматы ІІД.

Мұнан соң іле-шала Алматыда антитеррорлық операция жүргізілетіндігі туралы жарияланды.

ҚР ҚМ еліміздің ҚК әскери бөлімдерінде және мекемелерінде тәртіпті күшейтті.

«Алматыда террористік қауіптің қызыл деңгейі енгізілуіне байланысты ҚР ҚК әскери бөлімдері мен мекемелері қызмет етудің күшейтілген режимге көшірілді. Қару-жарақ және оқ-дәріні сақтау нысандарын күзету қосымша күшейтілді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде, WhatsApp-мессенджерінде таратылған Қапшағай қаласындағы әскери бөлімге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп мәлім етті ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Алматыдағы лаңкестік оқиға бойынша барлық жаңалықтарды мына жерден таба аласыздар

Тағы да оқыңыздар:

Алматыдағы атыстан соң 7 полицей жансақтау бөлімінде жатыр

Алматыда жантүршігерлік атысты ұйымдастарған күдіктілердің бірі ұсталды (видео)

Алматыда террорлық қауіп-қатердің қызыл деңгейі жарияланды

ІІД антитеррорлық операция жүріп жатқанын хабарлап, азаматтарды үйінен шықпауға шақырды

Алматыдағы атысты қолына автомат ұстаған белгісіз адам бастаған

Алматыдағы атыста полиция қызметкерлерін өлтіріп кетті (фото +18)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1192942-almatydaghy-eldi-durliktirgen-shabuyl/