ОҚО-да Атамқұловтың өзі қосып кеткен газды әкім кеткен соң сөндіріп тастады (фото)

Опубликовано:

Астана күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданы толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді деген ақпарат тараған еді. Ауданға арнайы барған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жергілікті тұрғынның бірінің үйінде газ жағып, шай қойған да болатын.

Алайда ауыл жұртшылығы әзірге газды пайдалана алмай отыр деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Шілденің алғашқы күндерінде Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылдық округінің Дәубаба-1, Дәубаба-2 және Төрткүл ауылдарына жеткен табиғи газды беру салтанаты өтті. Кенжебековтер әулетіне бас сұққан аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов аталған шаңырақтың келіні Айдаркүл Кенжебековамен бірге газ плитасына шай қойған да еді.

Бірақ, ауыл тұрғындары үшін бұл қуаныш көпке созылмапты. Айтуларынша, бұл ауылға газ құбыры жүргізіліп, қажетті шаралары жасалынғанымен газ әлі берілмеген. Мердігер компания қажетті құбырдың бәрін жүргізіп, әр үйден тиісті қаржыны да жинап қойған.

75 мың теңгенің жартысын төлеген тұрғындар жауаптылар келер айда көгілдір отынды қосып береміз деп уәде етті деп отыр. Дәубабалық жамағат осынша күнге дейін шыдап келдік, бір айды да күтеміз де енді дегенді айтуда.

«Өткенде келді ғой облыстың әкімі. Біздің үйден шәй ішіп, қуырдақ жеп кетті. Сол кезде газ беріліп, қазір өшіріп тастады. Жақын күндері қайта қосамыз деп отыр»,-деді Айдаркүл Кенжебекова. Бұл сөзге оның көршісі Күлпан Асылбекова да қосылды.

«Сұраған ақшасына келістік. 75 мың теңге керек екен. Жартысын бердік. Қалғанын газ толығымен кірген соң беретін болдық. Құбырлары жүргізіліп, үйіміздің алдына дейін әкелінді. Бірақ, әлі берілген жоқ», - деді 75 жастағы әжей Күлпан Асылбекова.

Аталған ауыл тұрғыны Жаңабек Мамырбеков те газ келді деп қуанғанымен, әлі ол қуанышты сезіне қоймағанын жасырмады.

Айта кетерлігі, Астана күні қарсаңында жергілікті билік Түлкібас ауданы 100 пайыз газбен қамтылды деп сүйіншілеткен. Жоғарыда атап өткен ауылдарды газбен қамтуға облыстық бюджеттен 2 014 млн теңге бөлінген.

Әр үй газды өзіне тартып алу мен құжаттандыруына өз қалталарынан қаржы шығаруы тиіс. Дегенмен Астана күні қарсаңында көпшіліктің көзінше жағып, бөліскен бұл жағымды жаңалық әзірге ауыл тұрғындарына пайдасын тигізбей отыр.

Тағы оқыңыздар:

Қарағандыда келіншек босанғаннан кейін жарты тәулікке жетпей жан тапсырды

Мысырға оқуға кеттім деген ақтөбелік жігіттің Сирияда соғысып жүргені анықталды

Заттыбек Көпбосынұлы дүкенін намазханаға айналдырып, ауылдастарына сыйға берді (фото)

Cаясаттанушы түзеу мекемелерін ҰҚК-нің құзырына беруді ұсынды

Жер комиссиясы екі жарым айда не тындырды?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1202649-oqo-da-atamqulovtynh-ozi-qosyp-ketken-g/