Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қытай компаниясындағы қара жұмыстан құлағы естімей, арбаға таңылған жігіттің тағдыры (фото)

Опубликовано:

Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылының тұрғыны Темірлан Романқұлов І топ мүгедегі. 6-шы сынып оқып жүргенінде ата-анасынан айырылып, жетімдікті көрген ол қара жұмысқа да ерте араласқан.

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды. Ауыр дертіне ем таба алмаған ол оқырмандарға хат жолдады. 

«Хатымның арқалаған жүгі ауыр. Менің жан жарам, қайғы-мұңым бар... Қара түнегімді нұрландырған өмірімнің сәулелі тұстары да жоқ емес. Ата-анамнан ерте айырылып, бес бала ағамның қолына келдік. Тағдырымызға көніп, алты бала есеңгіреп қала бердік. Ағама қиын болған соң бұғанам қатпай жатып, ауыр жұмысқа жегілдім. 11-ші класты бітіре сала Қытай компаниясына жұмысқа кірдім. Бір күн демалысқа зар болып, бес жыл қатарынан жұмыс істедім. Ұзындығы 200 метр, салмағы 40 келі болатын кабель жинаймыз. Қасымдағы талай адам жұмыстың қиындығына шыдай алмай кетіп қалды. Үйде маңдайымнан сипап күтетін анам болмаған соң, шыдап жұмыс істей бердім. Оқымағасын ауылда басқа жұмыс та болған жоқ. Ақыры белім сыр беріп, 23 жасымда арбаға таңылдым», - дейді Темірлан жазған хатында.

Ол қара жұмыстың соңында жүріп, энцефаломиелит деген диагнозбен арбаға отырғанын айтады. Темірлан өзін арбаға таңып тастаған ауруды жұмыстан таптым деп еш шағым жазбаған. Қалтаның жұқалығымен ем іздеп еш жерге бармай, ауылдың дәрігеріне көрініп, үйде жата береді. Жүйке жүйесіне әсер еткен дерттен бүгінде құлағы да естімей қалды.

«Жоқшылық, ауыр жұмыс денсаулығымды, жастығымды құртты. Жақындарыма масыл болып жатқаным жаныма батты. Қолдың қысқалығымен емделуге де мүмкіндік жоқ. Артымда ұрпақ қалдыруды армандап, отбасы құрдым, екі балам бар. Біраз уақыт пәтер жалдап тұрдық. Ештеңеге жетпей қалды. Ауыл әкімінен қайта-қайта барып көмек сұраған соң, уақытша біреудің кіре беріс екі бөлмесін алып берді. Ол жер қыста суық. Балаларым үшін алаңдаймын», - дейді қиын тұрмысы туралы баяндаған ол.

Ол бар үмітінің NUR.kz порталының оқырмандарында екенін айтып, көмек сұрайды.

«Ағам да Қытай компаниясына жаз мезгілінде қара жұмысқа кіреді. Өзінің отбасы бар. Інілерім біреуге жұмыс істеп, мал бағып жүр. Менің отбасымның кірісі -мүгедектігім үшін берілетін жәрдемақы. Мен сіздердің қандай да бір көмектеріңізге мұқтажбын. Жігер беретін сөздеріңіз де мен үшін демеу. Мен NUR.kz порталын үнемі оқып отырамын. Адамдардың тағдыры туралы жиі жазатындарыңыз ұнайды», - дейді ол.

Темірлан Романқұловқа көмек көрсетемін деушілер мына нөмірге хабарласа алады: 8 702 51 69 145. Оның есту қабілеті нашар болғандықтан тек SMS хабарламамен байланыс жасай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1203630-qytay-kompaniyasyndaghy-qara-zhumystan/