Тоқтар Әубәкіров 70 жасын туған жерінде дүркіретіп атап өтті
Опубликовано:
Қазақтың біртуар ұлы, Халық қаһарманы, кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров 70 жасқа толды деп хабарлайды КТК арнасы.
Еңбек жолын жүк тасушы болып бастап, батыр атанғанша көрген-білгені кітапқа жүк болған ерін елі ұлықтап жатыр. Әлемдегі теңдесі жоқ 10 ұшқыштың қатарына кіретін, ғасыр адамы атанған батыр кіндігі кесілген Қарқаралыға келді.
Халық батыры ұшудағы ең қиын сәт ұшқыш болуы үшін тапсырған емтихан кезіндегі жағдай дейді. Қалғаны тек күнделікті жұмыс. Кәсібінің жілігін шағып майын ішкені сонша, Кеңес үкіметіндегі жойғышы бар, басқасы бар 50 ұшақты сынақтан өткізіп берді. Одақта алғашқы болып 1989 жылы МИГ-29-бен кемеге қонып, қайта ұшып кеткен. Қазақтың қара нардай жігіті жойғыш ұшақпен еш аялдамасыз солтүстік полюске барып келген алғашқы ұшқыш ретінде де тарихта қалды. Кеңес одағының батыры атағын да осы үшін алған. Әлемнің теңдессіз ұшқышы ретінде есімі Вашингтонда жазылды.
"Мені сонау қиыр шығыста ең үздік ұшқыш деп таныды. Ол да жәй себептен емес. Неге десеңіздер мен қазақтың атынан жүрдім. Жалғыз қазақ болғасын ұлтымды жақсы қырынан көрсеткім келді", - дейді ғарышкер Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.
Десе де, бала Тоқтардың күні мамыражай болған жоқ. Әкеден ерте қалып, еңкейген анасын жетектеп Теміртауға келгенде, жасы толмағандықтан жұмысқа тұра алмай қиналды. Өйткені 15-тегі куәлігі жоқ ауыл баласын ешкім маңайлатпаған. Жұмысқа жұлқынып, екі көзі жанып тұрған бозбала ақыры куәлік беретін жерден құр қайтпады.
"Мен отырып алдым. Киетін киімім жейтін тамағым жоқ сендер мені тамақтандырасыңдар деп. Содан кейін мен осы жерге шешейді алып келем дедім. Мен бірінші баланы көріп тұрмын жас күннен жұмысқа барғысы кеп жүрген. Ей, жазып беріңдер деді", - деп сол күнді есіне алды Халық қаһарманы.
Содан Теміртау метелл құю цехінде еңбек ете жүріп алғашында парашюттен секіру, кейін ұшқыштар мектебіне оқуға алынды. Алғыр, ізденімпаз, еңбексүйгіш жігіт ақыры жойғыш ұшақтарды тақымдайтын үздік атанды. 1991 жылы ғарышкерлерді дайындау тобына қабылданып сол жылы күзде қазақ пен ғарышты байланыстырғанын ел біледі. Бір өкініштісі кеңес үкіметі басшылығы ғарышқа ұшқанның бәріне ұстататын батыр атағын оған қимаған. Туған елі 70-ке келгендегі тойын жасап, Қарқаралыда батыр алдымен ата-баба ескерткішіне құран бағыштады. Сәлден соң елінің қошеметіне бөленіп, қаумалаған қарашаның арасында көрінбей кетті.
Алаш жұртының аманатын арқалап, ғарышқа барып келген батырдың тойын туған өлкесі осылай тойлауда. 100-ге тарта киіз үй тігіліп, ат жарысы мен балуан күрестірген ел мәре-сәре. Өйткені тәуелсіздік пен қазақ баласының жеті қат көктен асқанына 25 жыл толғаны ел үшін айтулы мереке боп тұр.
Тағы оқыңыздар:
Елімізде мақтаулы қазақ-түрік лицейлері жаппай жабылуы мүмкін
Олимпиада алтынын алған спортшыға үкімет $250 мың төлейтін болды
Тарихта жерін шетелдіктерге жалға беріп экономикасын дамытқан ел болмаған
Орамал таққаны үшін жұмысқа алынбаған қыз әділетсіздікті қалай жеңгенін айтты
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1205730-toqtar-aubakirov-70-zhasyn-tughan-zherinde/