ОҚО-да шипажай қызметкері көмек сұраған зейнеткерге жедел жәрдем шақырмай сал қылды

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғыны Ықтияр Тәжібаев анасының денсаулығына нұқсан келтіргендер тиісті жазасын алмай отыр дейді. Ал құзырлы органдар істі қысқартып, немқұрайлық танытуда деп дабыл қақты ол.

Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

34 жастағы тұрғынның зейнет жасындағы анасы 2014 жылдың 17 қарашасында ОҚО, Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» шипажайына мемлекеттен берілген жолдама арқылы барған. 24 қараша күні таңғы уақытта зейнеткердің қан қысымы көтеріліп, қызметкерлерден көмек сұрапты.

Алайда шипажай қызметкерлері көмек көрсетуден және жедел жәрдем шақырудан бас тартқан. Жағдайы күрт нашарлаған зейнеткер 25 қарашаға қараған түні сағат 02.00-де кіші дәретке шығуға тұрып, есінен танып құлап, жамбас сүйегінен зақым алыпты.

Анасының мұндай күйге душар болуы қызметкерлердің салғырттығынан деп санаған Ықтияр Тәжібаев бірнеше құзырлы мекемеге шағым түсірген.

«...Жамбас сүйегі сынып, аяқ-қолы істемей қалған анамның жанында жатқан Елмира Серікова не істерін білмей, мейірбикені іздеп, сағат 04.00 шамасында тауып келген. Мейірбике еш көмек көрсетпей, азанда 09.00-де дәрігер өзі келіп қарайды деп кетіп қалған. Туыстарына анамның ауыр халі туралы еш хабар бермеген. Ал дәрігер таңғы онда бір-ақ келіп, «бұл аурухана емес, санаторий» деп дауыс көтерген. Анамның жағдайы ауыр болғандықтан, жедел жәрдем шақырған. Ол 11.30-да келіп, анам 13.00-де Мақтарал аудандық орталық ауруханасының терапия бөліміне жатқызылды. Анама ми қан айналымының бұзылуы, ишемиялық инсульт диагнозы қойылды», - делінген шағымданушының ОҚО прокурорына жазған арызында.

Шипажайдағы оқыс жағдайдан соң қызметкерлер тұрғын Тәжібаевтың үйіне кешірім сұрап келіпті.

«Мен қалай кешірім беруім керек? Іс қозғалған кезде «бұлар ақша сұрап отыр» деп әңгіме таратқан оларды не үшін кешіруім керек?», - деп налыды төсек тартып жатқан зейнеткердің ұлы.

Талай есіктің табанын тоздырып, арыз тастаған Ықтияр Тәжібаевтың бұл жанайқайына Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінен жауап келіпті. Комитеттегілер 2015 жылдың 26-29 қаңтар аралығында аталған шипажайға жоспардан тыс тексеру жүргізгенін хабарлаған.

Тексеру барысында шипажайдағылар Ықтияр Тәжібаевтың анасына медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастырушылық және емдік-сипаттағы қателіктердің жібергенін анықтаған. Ол аз дегендей, тексеру кезінде емдеуші терапевтің маман сертификатының болмауы да белгілі болған. Осыған сәйкес, емдеуші терапевт пен кезекші мейірбике тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.

«Шипажай қызметкерлерінің салғырттығынан анам әлі күнге дейін төсекке таңулы, жүрмек түгілі, отыра да алмайды» деп ашынған тұрғын одан бері 1 жыл, 8 ай өтсе де кінәлілер тиісті жазасын алмады деп отыр.

Алғашында құзырлы органға шағымданған оның бұл арызына Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасындағылар орын алған оқиғаға қатысты Мақтарал аудандық ІІБ-ына 317-баптың 2-бөлігі бойынша іс қозғау туралы нұсқау беріптті.

Алайда аудандық ІІБ Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 1-бөлігімен іс қозғаған.

Айта кетейік, заңға сәйкес немесе арнайы ереже бойынша көмек көрсетуге міндетті адамның дәлелсіз себептермен науқасқа көмек көрсетпеуінен науқастың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқса, 317-бабы, 1-бөлігімен іс қозғалады.

Ал егер көмек көрсетуге міндетті адам науқастың өліміне не оның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, оның үстінен аталған баптың 2-бөлігімен іс қозғалып, тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Ықтияр Тәжібаев аудандық ІІБ аталған оқиғаға қатысты істі тоқтатып, өзіне ешқандай ұйғарым бермегенін айтты. Істің тоқтатылғанын ОҚО прокуратурасына шағымданғанында бір-ақ біліпті. Содан ОҚО ІІД басшысы мен «Нұр Отан» партиясының ОҚО филиалына арызын тастаған ол әзірге нақты жауап алмадым деп отыр.

Облыстық прокуратураға тағы да шағымданған Тәжібаев іс қайта қозғалғанын айтты. Алайда ІІД тарапынан әлі күнге дейін нақты жауап алмапты. Яғни, ішкі істер органдары істі аяқтауға асығар емес.

Әділдік іздеп шарқ ұрған тұрғын «Жолымызды кесіп тастаған. Сатып алған... Ешқайсысы жауап бермейді» деп зар илеп отыр.

Оның ендігі тілегі республикалық деңгейдегі құзырлы мекемедегілерде. Ол ҰҚК-іне, президент әкімшілігіне шағымын түсіріп үлгерген. Сөзінің соңында Тәжібаев кінәлілер заң аясында жазасын алса деген тілегін айтты.

Тағы да оқыңыздар: 

Төрт тілде еркін сөйлейтін жігіт ҚазТрансОйлды басқаратын болды

Рио-2016: Алтыншы тамыздағы Қазақстан спортшыларының шығу кестесі

Мамандар: Әр тұрғын қорға ай сайын 500 теңге салып отырса, үй кезегі тез жылжитын еді

Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды (видео)

Қазақстан құрамасы Рио Олимпиадасының ашылу салтанатында жүріп өтті (видео)

Іздеуде жүрген танымал бизнесмен Таиландтан елімізге экстрадицияланды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1212401-oqo-da-shipazhay-qyzmetkeri-zhaghdayy-nash/