Шымкенттік ана ырымдап Жазира Жаппарқұлға сәбиін түкіртіп алды (фото, видео)
Опубликовано:
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, зілтемірші Жазира Жаппарқұл жүлдегер атанған күні дүние есігін ашқан шымкенттік сәбиге қазақы ырыммен түкіріп, тілегін жеткізді. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшіcі хабарлайды.
Шымкенттік келіншек Динара Керімбаева тамыздың 10-ынан 11-іне қараған түні үшінші рет ана атанып, салмағы 4,5 келі қыз баласын дүниеге әкелді.
Аталған әулет Жазира Жаппарқұлдың жанкүйері. Сүйікті спортшылары ел қоржынына күміс медаль салған күні ата-анасы өмірге келген сәбилеріне түкіртіп алуды ойлаған. Алайда "сәті қалай түседі?" деп ойлағанын да жасырмайды жас ананың енесі.
Риодан оралып, ел қошеметіне бөленіп жүрген спортшы өзі түлеп ұшқан білім ордасына бас сұғуды ұмытпапты. Дәл осы сәтте сәбилі болған келіншек нәрестесін мектепке алып барады. Өйткені бұл күні Динара Керімбаеваның тұңғышы мектеп табалдырығын аттайды.
Видео авторы Анара Сулеева
"Жазира бізге бөтен емес, шәкіртіміз. Бәріміз оның жанкүйеріміз. Жүлде алған күні келінім немере сыйлады. Алғашында есімін "Жазира" деп қоямыз ба дегенбіз. Бірақ біздің жақын туыстарымыздың қызының есімі "Жазира" болғандықтен немеремізге өзге есім таңдап, "Айя" деп қойдық. Жазира мектепке келгенде ырымдап түкіртіп алдық. Ол өтінішімізді аяқ етпеді. Тіптен саспастан, немеремді дереу қолына алып тілегін айта жөнелді", - деді жас ананың енесі Нұржамила апа.
Немерелі болған шымкенттік ұстаз бұл әрекетін былайша түсіндірді.
"Қызымыз міндетті түрде зілтемір көтерсін деп емес, әйтеуір Жазира секілді елге пайдасын тигізіп, халқының қызы болса деген тілекпен осындай қадамға бардық", - деп ағынан жарылды сәбидің апасы.
Айтпақшы, Динара Керімбаеваның енесі Жазира білім алған мектепте қызмет етеді. Яғни, спортшы немерелі болған кейуананың шәкірті. Тағы айта кетерлігі, немере сүйген кейуананың өз анасы дүниеге келгенде әжесі күш атасы - Қажымұқанға ырымдап, түкіртіп алған екен.
Тағы оқыңыздар:
Ерболат Беделхан "өзін гейлерді қолдайды" деп қауесет таратқандарға жауап берді
Бақытбек Есентаевқа қандай айып тағылғаны жария етілді
Ресей Кейкі батырдың басын алдағы 2 аптада қайтаратын болды
Бір түнге 50 доллар: АҚШ-та киіз үйлер жоғары сұранысқа ие (фото)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1243130-zhazira-zhapparqul-shymkenttik-sabige-q/