Ұзынағаштағы қанды оқиғаға қатысты күдіктілердің туыстары пікірін білдірді
Опубликовано:
Алматы облысында дүйім жұртты шулатқан, үш бірдей азаматты жауыздықпен өлтіріп, малын олжалады деген күдіктілер жайлы әзірге толық ақпарат айтылмады.
Тек олардың тұрғылықты жері мен аты-жөндері белгілі. Ал олардың бұған дейін немен айналысып, қалай тіршілік еткендері де көпшілікке беймәлім. 31 арна күдіктілердің ауылдастары мен ағайын-туыстарын сөзге тартып, олардың да пікірін біліп көруге тырысқан еді.
Бұрынғы Амангелді совхозы, қазіргі Сұраншы батыр ауылы бүгінде томаға-тұйық. Көшеде бейсауат жүрген адам жоқ, сөзге сараң, ешкім сұхбат та бермейді. Ауылдастарының әрекеті елді шошытқан сыңайлы. Сұрастыра жүріп күдікті Талғаттың үйін таптық. 45 жастағы азамат көп жылдан бері көлік жөндеп күнелткен екен. Соңғы кездері ептеп мал саудасымен айналысыпты. Үш баланың әкесі. Туған-туыстары еңбекқор Талғаттың қанды оқиғаға қатысы барына сенбейді. Бірақ ешбірі сұхбат беріп, ашылып сөйлеспеді.
Ал екінші күдікті Мұрат Оңалбаевтың анасы балам әлдекімдердің арбауына түсіп қалды деп шырылдап отыр.
"Сол күні, базар күні КазЦикте бір жігіттің өліміне әйелімен бәріміз барып келе жатқанымызда телефоны шырылдады. Біреу шақырды, 1-мен 2-нің ортасы не 2 мен 3-тің ортасы. Мен базардан мал алып келе жатыр едім камазбен, үйімнің жанына келіп түсірісіп жіберші деді. Ауылдың баласы, ағайын адамбыз, сосын балам жарайды деді. Бізді түсіріп соған барды, арты осы болды. Одан ары қарай не болғанын, қалай болғанын білмеймін", - дейді Мұраттың анасы.
41 жастағы Мұрат Оңалбаев - үшінші топтағы мүгедек екен. Бір көзі кемтар. Оның да үш баласы бар. Бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылмаған. Көлігімен адам тасып күнелткен.
"Тек адам өлтіреді дегенге сенбеймін. Алтын көріп періште жолдан тайып, саған да бірдеңе береміз десе соған ілесіп кетті ма? Қайдан білейін. Ол тек еруші", - дейді Мұраттың анасы.
Елді дүр сілкіндірген қанды оқиға бүгінде жіті тексеріліп жатыр. Алайда, марқұм Мұқият Зарылханның туған ағасы Адал Зарылхан тепсе темір үзетін үш жігітті екі адам өлтірді дегенге сенбейді.
"Машина дүйсенбі күні, 19 күні өртенген. Кешкі сағат 9 дан 40 өткенде. Ана жердегі малшылар Ұзынағаштың РОВД-сына звондаған. Сонда олар неге қузамайды? Ертесінде таң атпай халық шығарады. Бір-ақ адам көреді. Басқа адам көрмейді. Ол ауылдың учасковыйы қайда. Оны неге жалғыз адам көреді. Маған ғана неге телефон соғады. Оны неге бір аудан көрмейді", - дейді Мұқият марқұмның ағасы Адал Зарылқан.
Жалпы мал баққан шаруалар мен ет сатқан саудагерлерді тонау, өлтіру секілді қылмыстар Алматы аймағында жиі болады. Алматылық малшылар мен саудагерлерге бірнеше мәрте шабуыл да жасалды. Сондықтан базар жағалаған ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін деген әңгіме бүгінде ел ішінде желдей есіп жүр. Қолға түскен екі күдіктінің де жақындары осы ұстанымда. Олар Қайрат пен Талғат әлдекімнің алдауына түсіп, арандап қалды. Шелек жалағандар тұтылып, айран ішкендер құтылып кетпесе деп алаңдайды.
Тағы оқыңыздар:
Меги тайфуны Қытай көшелерін тасқынға айналдырды (фото)
Париждің сән апталығында намаз оқығанда киетін көйлектер көрсетілмек (фото)
Даниал Ахметов: Радикалдарды «қалыпты» және «қалыпты емес» деп бөлуге болмайды
Атырауда бір жылда 30-дан астам үйді тонағандар сотталып кетті
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1266246-kudiktilerdinh-tuystary-bauyrlarynynh/