RU

Саудагерлер үш ағайынды сиыр сатамын деп ажал құшқан базардағы қарақшылар жайлы айтып берді

Алматы облысында мал саудасымен айналысқан үш ағайындының өліміне базарда ұрылардың қаптауы себеп. Қандықол қылмыстан кейін саудаға шығуға жүрегі шайлығып қалған саудагерлер осылай деп отыр.

Олар Ұзынағаштағы мал базарын ұрылардың бұрыннан жағалап жүргенін айтады. Суық қолдылардың құныққаны сонша, төрт түліктен түскен қыруар қаржыны әрбір сауда сайын қағып әкете береді екен. Ал соңғы рет қарақшылардың малды иесімен қоса ұрлап кеткені мәлім.

Мәйіті тауда табылған үш ағайынды – Жарқынбек, Қаділбек және Мұқият соңғы рет Ұзынағаштағы базардан кеткен. Қазір базарға мал саудагерлерінің ірі қарамен келуге жүректері шайлығып қалған. Өйткені ұрылар тым еркінсініп кетіпті. Себебі, сол ағайындылар жоғалар күні ол жерде тағы 15 тұяқ ұрланған.

"Осыған қарақшылардың қатысы бар деген күдігіміз бар", - дейді саудагер Кәрімхан Нәби.

Ағайындылармен бірге мал саудасымен айналысқандар базар болған сайын ұры-қары қарық болып қайтады дейді. Онда да миллондап олжалайды екен. Мәселен, Есболат Мағаздың қарақшылар бір ай бұрын бақандай 4 миллион теңгесін базар ішінде қағып кеткен.

"Базардың ішінде оншақты адам бар. Саудагерлерді аңдып, ақша ұрлайды. Бұл өткен жылдан басталған", - дейді саудагер Есболат Мағаз.

Өздерінің айтуынша, Ұзынағаштағы мал базарында ақшасын ұрлатпаған адам жоқ екен. Полицияға шағымданғанымен, бірде-бірін тауып бермеген. Ақыры қолын бір сілтеп, арыз жазуды да қойыпты.

"Малды сатып 870 мыңды алдын-ала төлем ретінде алғанбыз. Қалғанын кейіннен алатын болдық. Ақшаны тура қалтамыздан қағып кетті", - дейді саудагер Саяхат Салтанатұлы.

Сорақысы сол, бұл оқиғалардың бірі де камераға түспеген.

Қырық бас сиырмен жоғалып, артынша өлігі табылған үш бірдей арыстай азамат Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият соңғы рет міне осында сауда жасап тұрыпты. Соңғы рет ол кісілерді куәгерлер сенбі күні таңғы сегізде көрген, ал күндізгі сағат 11-лерде сиырлар тиелген жүк көлігі базардан сыртқа шығып кеткен. Бірақ өкінішке қарай базар аузында тұрған 6 бірдей камераға ол үш азамат та олардың сиырлары да, оларды алып кеткен күдіктілердің бірі де түспепті.

Камераға түспегенімен, күдіктілердің бірі – Талғат дегенді саудагерлер танып қойыпты.

"Талғат деген жігітті өзі «ұры» деп айтады. Інісі отырып келген 15-16 жыл", - дейді саудагер Есболат Мағаз.

Ағайындылардың өлімінен кейінде мал базарында сақтық шаралары күшейтілмепті.

Осылай деп күлген күзет ірі қара сататындардың қауіпсіздігіне жауап бермейміз деп отыр. Есесіне, әрбір мал басына, оны алып келген көлікке де 700 теңгеден салық жиналады екен.

Тағы оқыңыздар:

Ауқымды делегациямен Бас прокурор келер алдында Ақтөбе «сақалдылардан» тазартылды

Қапшағайда сарбазды ұрып өлтірген командир қамауға алынды

Рүстем Әбдірашев "Қазақ елі" фильміне қатысты ащы шындықтың бетін ашты

Көліктен шықпай дәрет сындырған алматылық полицей жұмысынан қуылды

Алматылық қария 80 жасында өзінен екі есе кіші сүйіктісінен балалы болды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1267784-saudagerler-ush-aghayyndy-siyr-satamyn/