Қазақша білетінін міндет қылған бойжеткен шымкенттік жігіттің намысына тиді (фото)
Опубликовано:
Күні кеше NUR.KZ порталында алматылық Яна Тишкованың мемлекеттік тілді жетік меңгергеніммен, жұмыс табу қиынға соққандықтан Ресейге кетемін деп мәлімдеген сұхбаты шыққан болатын.
Қазақстанға өкпесі қара қазандай болған орыс ұлтының қызына өзі секілді қазақ тілін «шемішкеше» шағатын Николай Путилин есімді Шымкенттегі әкімдік қызметкері жауап берді. Алматылық арудың сөзіне ашуланған шымкенттік бұл туралы ойын аймақтағы NUR.KZ тілшісімен бөлісті.
«Шынымды айтсам, сіздердің порталдарыңызда жария етілген мақаланы алғашында көзім шалғанымен, мән беріп оқымадым. Кейін тағы бір-екі желілерден қарап, үңіле оқып шықтым. Оқып отырып, Яна деген арудың бұл пікіріне кәдімгідей таң қалдым», - деп бастады әңгімесін Николай Путилин.
20 жастағы шымкенттік жігіт мемлекеттік тілді жетік меңгердім деген арудың онысына күмәнмен қарайтынын да жасырмады.
«Яна Тишкова мектепті, жоғары оқу орнын қазақша бітіріпті. Дегенмен оның әлгі видеодадағы сөзі қазақ тілін жетік меңгергенінің дәлелі емес. Мемлекеттік тілді білу бір басқа, ал жұмыс істеу тағы бөлек. Содан соң, жоғары оқу орнын бітіре сала бірден жақсы қызметке барғысы келеді. Ал орын табылмаса, елден қашуға ниет етіп отыр. Меніңше, ол дұрыс емес. Кез келген маман біліктілігін, сол жұмысқа деген сүйіспеншілігін дәлелдеуі керек», - деп ашынған Путилин жас та болса өзінің еңбекке ерте араласқанын және жұмыс берушіден ешқандай жалақысына қосымша төлем сұрамағанын жайып салды.
«Мен мектеп оқып жүрген кезімнен журналистика саласына қатты қызықтым. Белгілі себептермен ол бағыт бойынша оқуға түсе алмадым. Бірақ, мектепті бітіре салып Шымкенттегі облыстық арналардың біріне жұмысқа тұрдым. Сенесіз бе, сол кезде мен қолыма ай сайын 22 мың теңге жалақы алып жүрдім және қазақ тілін білгенім үшін ешкімнен артық ақша сұрағаным жоқ. Мен үшін тәжірибе жинау, шыңдалу – басты мақсатым болды. Керек десеңіз, сол арнада қазақ тілінде бағдарлама да жүргіздім. Кейін тағы бір арнаға жұмысымды ауыстырып, содан соң менің мемлекеттік тілді жетік меңгергенімді байқағандар облыстық әкімдік баспасөз қызметіне жұмысқа шақырды. Қазіргі таңда Шымкент қалалық әкімдік баспасөз қызметінде жұмыс жасаймын»,- деген орыс ұлтының жігіті Николай Яна Тишковаға қызметтік мансапты төменгі сатыдан бастауға кеңес берді.
Ресейге көшемін деп мәлімдеген Тишкова өз сұхбатында айналасындағылар оның қазақ тілінде еркін сөйлеуіне үйренбегендіктен, кейде кедергілер болатынын айтқан болатын. Путилин арудың бұл пікірін де назарынан тыс қалдырмады.
«Басқа қалаларда қалай екенін білмеймін, біздің Шымкентте менің қазақша сөйлеуімді дұрыс қабылдап, маған ризашылығын білдіріп жататындар көп. Тіпті сенесіз бе, айналамдағылардың бәрі «Коля, мен саған ризамын» деп айтады. Әрине, ол кезде кәдімгідей марқайып қаласың. Дегенмен мен мемлекеттік тілді меңгергенімді ешкімге міндет етпеймін. Себебі мен Қазақстан азаматымын және тілді білуім өзгелермен тіл табысуыма үлкен көмегін тигізіп жатады. Янаға айтарым, еліміздің оқылымы көп порталына «жұмыс бермейді» деп сұхбат беру менің ойымша дұрыс емес. Ал елден кетемін дегенді тіптен түсінбеймін. Сен осында өсіп, нанын жеп, білімін алдың ба, демек елді құрметтеуің керек. Қазақстан азаматы екеніңді ұмытпауың керексің», - деді Николай Путилин.
Естеріңізге салсақ, күні кеше NUR.KZ порталына алматылық Яна Тишкова мемлекеттік тілді жетік меңгергенін, алайда жұмыс таппай жүргендіктен Ресейге көшуге шешім қабылдағанын мәлімдеген. Тек ол елде қазақ тілі керексіз болып қалады деп алаңдаған да еді.
Сонымен қатар алматылық бойжеткен өз сұхбатында Қазақстанда қазақ тілін толық білетіндер үшін жалақысына 30 пайыздық үстемақы қосылу қажеттігін де атап өткен.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Тағы да оқыңыздар:
Алматыда 100 миллионның көлігін мінетін студенттер кімдер? (фото)
Шымкентте бір рет көрген қыздарды алып қашып, келін қылатыны рас па?
Сырқаттанып қалған Назарбаевтың орнына Арменияға Сағынтаев ұшып кетті
Еліміздегі салафит оқушылар қазақ мемлекеттілігін мойындамайтын болып шықты
Министр "машаллах", "ифтар" секілді араб сөздерінен бас тартуға шақырды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1283864-qazaqsha-biletinin-mindet-qylghan-boyzh/