Қазақша мақтан: Жігіттер кредитке той жасап, ата-анасының үйін кепілге қоя бастады (фото)
Опубликовано:
«Той десе қу бас домалайды» дейтін қазақ мәтелінің дәурені өтіп бара жатқандай. Қазір халық тойға шақырмаса ренжімейтін болды. Олай істейтін жөні бар. Елімізде қатарынан үш рет орын алған девальвация халықтың қалтасын қағып, елді есеңгіретіп тастады.
Тойды жасау үшін қарызданып, кредитке кіріп жатқан қазақтар қаншама?! Сол көп тойлар өз-өзін ақтап жүр ме? NUR.KZ порталы осы сауалды жақында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып үлгерген той иелеріне қойып көрмек.
Алматылық Майя Омарова Талғар тас жолы бойындағы тойханалардың бірінде ұлының үйлену тойын өткізді. Тойға 250 адам шақырылған екен. Соңғы жылдары шақырған қонақтарының біразы сан түрлі сылтау тауып өзінің келе алмайтынын алдын ала айтып қоятын болған. Ал түптеп келгенде оған жалғыз себеп – қалтаның жұқалығы екені жасырын емес.
«Біздің ойымыз біреумен жарысу емес, асып-тасып жатқанымыз жоқ. Той деген қуаныш», - дейді Майя ханым.
«Той күнін сәуірдің 30-на белгілеп, тойханаға ақпан айында алдын-ала тапсырыс беріп қойдық. Кісі басына 8 мың теңгеден болатын. Ал сол той кезінде бұл баға 10 мың теңгеге көтеріліп кетті. Девальвация. Бірақ тойхана әкімшілігі бізбен келіскен бағаны ұстап тұрды. Шақырған 250 адамымыздың 50-і келмей қалды. Тойға 1 миллион 500 мың теңгедей ақша түсті, өз қалтамыздан тағы 500 мың төледік», - дейді той иесі.
Ал осы жазда қызын құтты орынына қондырған Дария ханым қыз ұзату тойын кісі басы 12 мың болатын тойханада өткізген.
«200 адамға лайықтап дастархан жайдық. 40 шақты қонағым келе алмай қалды. Демалыста тойхана бос болмай, жұмыс күні жасап едік. Содан ба деймін. Жалпы, өзіміз сияқты өткізетін тойлар көбінесе өз-өзін ақтамайды. Біз қалтамыздан қосымша 450 мың теңге көлемінде ақша шығардық», - деп ашығын айтты Дария.
Оразхановтар отбасы тойды дүркіретіп өткізу үшін үйін кепілге қойып, банктен кредит алған. Жаңадан отау құрған Дастан жалақысының жартысынан көбін осы қарызды жабуға жұмсап келген.
«Алматыда той жасау қымбат. Біз де ел қатарлы тойымызды жоғары деңгейде өткізгенді қаладық. Ата-анама артық салмақ салғым келмеді. Сөйтіп өз атыма банктен 12 мың доллар кредит алдым. (2010 жылғы курс бойынша 1 млн 800 мың теңге – авт.) Әке-шешемнің үйін банкке кепілге қойдым, әрине. Өзім 150 мың теңге жалақы алатынмын. Айына 86 мың теңгеден төлеп келдім. Абырой болғанда келесі девальвацияға дейін қарызымды толық жауып үлгердім», - дейді Дастан Оразханов.
Алматылық «элиталық» мейрамханалардың бірінің әкімшісі Лаура тойдың көпшілігі соншалық, қалада тойхана көптеп ашылып жатса да жұма, сенбі күндері тұрмақ, жұмыс күндері де бос зал болмайтынын қадап айтты.
«Тойханаға сұраныс көп, мүмкін халықтың тойды салтанатты сарайда жасайтындай жағдайы жақсарды ма, әлде қарызға жасап жата ма, білмеймін. Әйтеуір көп», - дейді ол.
Байқағанымыздай, той оған кеткен шығынды толығымен ақтамайтын болып тұр. Демек кредитке той өткізуші жұрттың қалтасына екі есе ауыр тиеді деген сөз.
«Тойдың - масқаты пайда табу емес. Қазақ жиған-тергенін қашан да тойға шашқан», - дейді жақында ғана келін түсіріп, құдасымен төс қағыстырған Ілияс ақсақал.
Тағы да оқыңыздар:
Өскеменде әскерде оңбай таяқ жеген сарбаз ауруханада ес-түзсіз жатыр
Әйелдер еркектерге қарағанда әлдеқайда көп жұмыс істейтін болып шықты
Баян Мақсатқызы: Бұл жаныма қатты батты
Бақытбек Есентаев тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды
Илья Ильин мемлекеттік қызметке ауысып жатыр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1305628-elimizde-ata-anasynynh-uyin-kepilge-qo/