Түркістандағы жындыхананы тексергендер адам сенгісіз мəлімдеме жасады (видео)
Опубликовано:
Түркістандағы психоневрологиялық әлеуметтік мекемесіндегі адам шошырлық жағдайға қатысты жаңа дерек шықты. Жабық мекемедегі аш-жалаңаш жүрген науқастарды бір қызметкер әдейі шешіндіріп, ойына келгенін істеген екен.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мадина Есімова мәлім етті деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
Естеріңізде болса, қыркүйек айының соңында NUR.KZ порталында Түркістандағы психоневрологиялық әлеуметтік мекемеге тоғытылғандардың мүшкіл жағдайы туралы материал жарияланды.
Онда құдды бір құр сүйегі қалған африкалық тұрғындарды еске салатын науқастардың мекеме ауласында жалаңаш жүріп, әр жерде талапқа сай емес тағамдармен тамақтанып отырғаны туралы жазылған.
Осыдан соң үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Астанадан арнайы комиссия жолдады. Жұмысшы топ қыркүйек айының 30-ы мен 1 қазан аралығында, ал прокуратура тарапы қазан айында әлеуметтік мекемені тексеріп, қорытынды шығарғанына қарамастан, жауапты басқарма зерделеу жұмыстарының қорытындысын қарашаның 9-ында мәлімдеуді жөн санапты.
Сонымен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мадина Есімованың сөзіне сенсек, порталда жарияланған мәлімет дәлелін таппапты. Яғни, ондағы науқастар нормаға сай тамақтанады, жалаңаш жүрмейді. Ал біз жариялаған мақалада науқастардың жалаңаштанып жүруі әлдебір қызметкердің қасақана ұйымдастыруымен жүзеге асқан.
Мекемедегі бір ғана қызметкер оннан астам науқасты әдейі шешіндіріп, қолдарына нан ұстатып, ойына келгенін жасаған. Тіпті тозығы жеткен ыдыстарға дейін әдейі өзі тапқан. Бұл фотолар таңғы жетілер шамасында түсірілген. Есімованың айтуынша, фотодағы науқастар соңғы сатыдағы (паллиативтік дейгейдегі) жағдайы мүшкіл және өздігінен ешнәрсе жасай алмайтын, тек біреудің айтқанын орындайтындар.
Яғни, «арам пиғылды» қызметкер олардың осы бір күйін өз пайдасына жаратқан. 400-ден астам қызметкері бар және үнемі бақылауды талап ететін мекемеде оған «әй» дейтін «әже», «қой» дейтін «қожа» табылмапты. Тек тағы бір екі қызметкер науқастарға ойындағысын жасатқан қызметкердің әрекетін көрген. Бүгінде олар есімдерін жарияламауды өтініп отыр екен.
Бір қызығы, соңғы сатыда жағдайы мүшкіл делінген науқастар өздігінен жүріп-тұра алатын болып шықты. Басқарманың арнайы өкілі барлық жағдайды қасақана ұйымдастырған қызметкер заң тұрғысында жауапқа тартылатынын жеткізді.
Мадина Есімованың ойынша, қызметкер бұл арқылы директорды орнынан «ұшырып», өзі сол орынға отыруды көздеген болуы мүмкін. Дегенмен, әлеуметтік мекемедегі жағдай мүлдем сынсыз деуге келмейді. Кемшіліктер шаш-етектен. Соның ішінде ондағы медициналық қызмет өз деңгейінде ұсынылмаған. Соның салдарынан әлеуметтік оңалту шаралардың жүргізілуіне кесірі тиген. Комиссияның анықтаған кемшіліктері төмендегідей:
- Бір қызмет алушыға берілетін алаңның көлемі 5 шаршы метрден кем болмауы тиіс болатын болса, жалпы алғанда 34 науқасқа ол жағдайлар қарастырылмаған;
- Паллиативтік бөлімшелерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қолданыстағы нормалар мен талаптарға сай емес;
- Алғашқы медициналық көмекті көрсетуге арналған дәріханалық құрамалық жиынтықтар, дәрілерді тағайындау парақшалары, дәрілерді сақтау, дәрілерді науқастарға берген еміне сәйкес олардың орындалуы жөніндегі журнал, қысқасы, медициналық құжаттар талапқа сай жүргізілмеген;
- Дағдарыс палатасының қабырғалары мен есіктері нормаға сай болмай шыққан.
Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер негізінде мекеме директоры қызметінен кеткен. 17 қызметкерге әкімшілік және тәртіптік шара қолданылған. Оның біреуі жұмыстан босатылып, тағы біреуі қызметінен төмендетілді. Айтпақшы, жұмыстан қуылған директор бұл орында отырғанына 17 жылдан асыпты. Бұл жылдар ішінде онда ешбір шу шықпаған.
Тек былтыр өмір бойына мекемеге тоғытылып, кейін ақыл-есі сау болып шыққан Маржан Тұрлыбаева ісінен кейін ескертпе көбейген. Мәселен, жыл басынан бері ол мекемеге үш рет тексеру жүргізілген. Соңғы тексеруді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасындағылар жүргізген. Шілде айында өткен тексеруде де кемшіліктер анықталыпты.
Ол кезде алты қызметкерге шара көру туралы қорытынды шыққан. Бірақ, мекеме басшылығы ол ескертпені орындамапты. Астаналық комиссия жүргізген тексеруден соң мекемеде қаржылық жағынан ешқандай кемшілік анықталмаған.
Қысқасы, шыққан шудан кейін басқарма аталған мекемені қатаң тексеруді жүйелі түрде жүргізуді қолға алыпты.
Тіпті өзге сала мамандарын да жұмысшы топ құрамына қосуды жоспарлап отыр. Есімова ханым осылай деді. Айта кетейік, Түркістандағы әлеуметтік мекеме облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады. 400-ден астам қызметкері бар психоневрологиялық орында 510 науқас бар. Оның әрқайсысына тәулігіне 2900 теңге жұмсалады, оның 900 теңгесі тек қана тағамына кетеді.
Ерекше айта кетерлігі, Астанадан арнайы комиссия келген кезде Түркістандағы мекеменің адам танымастай болып өзгеріп кеткенін науқас Нұрсұлтан Сардарбековтің анасы Лаура Сардарбекова редакциямызға айтып берген болатын.
«Сенесіз бе, мен комиссия келген кезде мекемеге барып, жағамды ұстадым. Ішіне кілемдерін төсеп, өзгертіп тастапты. Науқастар да адам танымастай кейіпке енген», - деді Лаура Сардарбекова.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Тағы оқыңыздар:
Атышулы Алматы хайуанаттар бағының директоры ақыры қызметінен кетті
Көзі көгерген Антонио Бандерас нәзік жандыларды шошытты (фото)
Түркіменстан президентінің ұшағы апатты жағдайға тап болды
Андрей Аршавиннің Алматыдан кеткісі келмей қалды
Хиллари Клинтон Трамптан жеңілгенін мойындап, телефон соқты
Назарбаев Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы атанды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1311858-turkistandaghy-zhyndykhanany-teksergen/