Теріс ағымға түсіп кеткен атыраулық азаматтың қуанышы
Опубликовано:
Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесінде ерекше оқиға болды. Теріс ағымның жетегінде кетіп, 7 жылға сотталған азамат мерзімінен бұрын бостандыққа шығып, туыстарын қуантты деп хабарлайды Aqmeshit.kz.
1988 жылы туған атыраулық Саламат Тұрғанов 2011 жылы Қылмыстық кодекстің 233-бабының 1-тармағы (терроризмді және экстремизмді насихаттау) және 233-бабының 2-тармағы (террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша 7 жылға сотталыпты.
"Діннің атын жамылған, теріс көзқарастағы азаматтарға еріп, радикалды жолға түсіп кеттім, Қате жолда екенімді түрмеге түскен соң ғана түсіндім. Теологтар Құранды дұрыстап түсіндірді, бүгінде дәстүрлі мазһабты ұстанамын және бұл жолды адасқан адамдарға түсіндіргім келеді. Намаз оқығысы келетін жастар діни білімді ғаламтордан алмай, мешіттен, имамнан үйренсе, қала берді, облыстық дін істері басқармасындағы теологтардан дәріс алса, адаспайды. Мен шетелге кеткен жігіттерге ақша салғаным үшін, яғни терроризмді қаржыландырғаным үшін сотталдым. Олар "Шетелге оқуға кеттік" деп алдап кетті, жиналған ақшаның қайда, не үшін салынғанын артынан білдік қой. Жалпы, Сирияда соғыс не үшін болып жатыр, жастар соны білсін. Түзелемін, ақиқаттың, Алланың ақ жолына түсемін деген адамға біздің қоғамда жан-жақты қолдау барын сезіндім. Теологтар исламның дұрыс жолына көзімді жеткізсе, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері өз тараптарынан қатты қолдап, міне, бостандыққа үш жыл бұрын шығып отырмын", - дейді азамат.
Саламат, әсіресе, сонау Атырау қаласынан әкесі мен ағасының әдейі келгеніне қатты қуанды. Саламаттың әкесі Мұрат ақсақал 68 жаста.
«Бес ұл, бір қызым бар. Саламат кенже ұлымыз, қолымызда тұрады. Анасы, келін, мен де намаз оқимыз. Балам қолымызда тәрбиеленді, теріс ағымға түсіп кетеді деген ойымыз болмады. Түрмеде отырған төрт жылда кездесуге келген сайын «Балам, дәстүрлі жолға түс!» деп мен де ақылымды айттым. Оралдағы дін мамандарына алғыс айтамын. Аллаға шүкір, балам қателігін түсінді», — дейді қуанышты әке.
Тағы да оқыңыздар:
АҚШ Тәжікстанда жақын арада теракт болуы мүмкін екенін ескертті
Маңғыстау облысында салмағы алты келіден асатын қыз бала дүниеге келді
Клинтон: АҚШ мүддесі үшін Трамппен жұмыс істесуге дайынмын
Геннадий Головкиннің Астанадағы кездесуі қашан өтеді?
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1312888-teris-aghamygha-tusip-ketken-atyraulyq/