Алматы облысында жас жігіт жазықсыз үш адамды мүгедек қылды (фото)
Опубликовано:
Алматы облысында үш адамды бірдей бірінші топтағы мүгедек атандырған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасына қатысты тергеуде жүрген күдікті әскерге кетіп қалған деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Бұл туралы мүгедек жандардың өкілі, заңгер Асылхан Оташев мәлім етті.
Нұрқалым Нұрлыбек, Абилов Мақсат, Абиров Ермек есімді үш жігіт жол-көлік оқиғасында алған жарақаты салдарынан бірінші топтағы мүгедек атанып отыр. Аталған азаматтардың үшеуі де қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында. Олардың барлығы қаражаттың жоқтығынан емін үйден қабылдауға мәжбүр.
Мақсат Абиловтың бас сүйегі сынып, оған пластмасса жалғанған. Ол екі ай сайын жүйелі түрде ота жасатып тұрады.
Екі жігіт те жабық бас сүйек-ми зақымын алған.
Ал зардап шеккен үшінші жігіттің оң жақ аяғы 18 жерден сынған. Оған жақын арада ампутация жасалуы мүмкін.
22 жастағы көлік жүргізушісі дін аман. Тіпті әлі күнге сол жол-көлік оқиғасына байланысты іс бойынша жауапкершілікке тартылмаған.
«Бұл кісілер үйінде қауқарсыз жатыр деген соң, іздеп бардым. Іске дәрігерлерді салып, олардың еңбекке жарамсыз мүгедек екенін дәлелдедік. Туыстарының айтуынша оқиға орын алған соң, қылмыстық іс қозғалып, екі тараптың келісімімен тыныш қана жауып қойыпты. Егер мына үш адамның жағдайы қиын болып жатса, істі қалай жабады?! Бұларың болмайды деп, істі қайта қозғаттым», - дейді Асылхан Оташев.
Жол апаты былтыр маусым айының соңында кешкі сағат 21-30 шамасында «Алматы – Көкпек - Көктал» тас жолындағы Жаңатұрмыс ауылының маңында орын алған.
Екі жолушысы бар «BMB-520» автокөлігін тізгіндеген 22 жастағы жігіт алдындағы көлікті оң жағынан сағатына 160 шақырым жылдамдықпен басып озбақ болады. Алайда ол автожолдың шетімен кетіп бара жатқан салт аттыны қағып, жантүршігерлік соқтығысқа жол берген.
Заңгердің бастамасымен жол-көлік оқиғасы бойынша сараптама тағайындалыпты. Оның нәтижесінде жүргізушінің жылқышыны соққаны расталып шыққан.
«Алайда, екінші тарап мұнымен келіспей арыз жазып, жол-көлік оқиғасының қатысушыларынсыз қайта сараптама жасатты. Оның қортындысында шындыққа жанаспайтын деректерді басшылыққа ала отырып, жол жиегінде кетіп бара жатқан жылқышыны кінәлі деп шығарып берді. Ал шын мәнінде істе ондай жоқ. Мен бұл жалған экспертиза үшін ішкі істер министрінің орынбасары Бейсенқұлов мырзаның жеке қабылдауында болдым. Сондай-ақ қазірге дейін мен бас прокуратураға, облыстық прокуратураға, ішкі істер департаменті басшысының орынбасарына бардым. Сөйтіп, бұл іс екі рет тоқтатылып, бір рет жоғалып, соңғы ретінде тергеушіге қайтарылды. Прокурор істі қайтадан өндіріске жіберді», - дейді Асылхан Оташев.
Ең қызығы, мүгедектердің өкілі екі тараптың келіспеушілігіне орай өтініш хат жазып, істің мән-жайын анықтау кезінде қылмыстық істе күдікті ретінде тергеуде жүрген көлік жүргізушісінің әскерге кетіп қалғанын біледі.
Заңгерді тергеуде жүрген күдіктінің әскерге қалай кетіп қалғаны таң қалдырып отыр.
«Мен өтініш хат жазайын десем, күдікті әскерге кетіп қалыпты. Осыған байланысты ішкі істер министрілігі, тергеу департаментінің басшысы Амиров мырзаға хат жаздым.
Ішкі істер министрі орынбасарының бақылауында тұрған қылмыстық іс бойынша күдікті адам қалайша қарулы күштердің қатарына кетіп қалды?», - деген заңгер атпалдай үш азаматты мүгедектікке душар еткізген қылмыскердің бостандықта жүргеніне қапалы.
Тағы оқыңыздар:
Алпыстан асқан Лидия Кәденова би билеуден жастарды шаң қаптырды (видео)
Қазақ әжеймен бірге екі ай бойы өмір сүріп, қой баққан шетел азаматы өзінің әсерлерімен бөлісті
Қарағандыда сегіз жасар қызды бір жыл бойы аңдумен келген ер адамға қатысты жаңа дерек пайда болды
Жаңа Зеландия деген ел бар екенін білмеген шекарашылар оның азаматын Қазақстанға кіргізбей қойған
Қайрат Нұртасқа қатты ұқсайтын кореялық актриса кім?
Нағима Есқалиева таяқтың астына алатын күйеуінен қалай құтылғанын айтып берді
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1337107-almaty-oblysynda-zhas-zhigit-ush-adamdy-b/