Шымкент әкімдігі шыршаға кететін қаржыны 800-ден аса жетім балаға үлестіріп берді (фото)
Опубликовано:
Шымкентте бас шыршаның шамы жағылды. Жаңа жылдың басты символын орнату мен шаһарды безендіруге биыл да қазынадан бір тиын да қарастырылмаған. Қала әкімдігі ол қаржыны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан және жетім балаларға үлестіріп берді, деп хабарлайды NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.
Биыл Шымкенттегі әл-Фараби алаңындағы бас шыршаның шамын қала басшысы емес, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі жақты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы ширек ғасырда тәуелсіздік жылдар ішінде Қазақстан жеткен жетістіктерді де сөз етуді ұмытпады. Тіпті бүкіл әлем Қазақстанды мойындағанын да мақтанышпен мәлім етті.
«Тәуелсіз еліміздегі осындай кештер, мерекелер, түрлі шаралар көп бола берсін. Мінеки, өздеріңізбен де дүниені айналып, жаңа жылды қарсы алуға араларыңызға келіп отырмыз. Өздеріңізбен бірге келесі жылы көптеген жұмыстарды атқарамыз деген жоспарымыз бар. Оның шет жағын айтып жатырмыз, қалған жағын өздеріңізбен ақылдасамыз... Әлем – біздің ортақ үйіміз. Ширек ғасыр ішінде Қазақстанымызды әлем мойындады. Мұның бәрі елбасымыздың арқасында. Жаңа жылды қарсы алуға аз ғана уақыт қалды. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға, жақындарыңызға бақыт, сәттілік, денсаулық тілеймін», - деді құттықтау сөзінде Түймебаев.
Мұнан соң облыс әкімі бас шыршаның шамын жағып, Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов екеуі шараға қатысушылармен бірге шыршаны айналды.
Мерекелік шара салтанатты отшашуға ұласты.
Еске салсақ, былтыр Шымкентте қаланы жаңа жылдық безендіруге 80 млн теңге қаралып, кейіннен ол қаржы әлеуметтік жағдайы төмен және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қыстық киім алуы үшін есепшоттарына аударылды.
Биыл да жергілікті билік бұл қайырымдылық шарасын ұмытпады. Яғни, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыдан шыққан және жетім 804 бала қаржылай сыйлық алды.
Олардың әрқайсысына 20 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 42 мың теңгеден аударылды. Ал әл-Фараби алаңына өткен жылдан қалған биіктігі 18 метрді құрайтын шырша орнатылды. Қаланы безендіруге жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасаған.
Тағы оқыңыздар:
Петропавлда 15 миллион теңгеге салынған хоккей кортының шатыры опырылып қалды (фото)
Алматы облысында мал базарына кеткен тағы бір азамат жоғалып кетті
Қостанайдағы арнайы операцияда 59 жастағы әйел ұсталды
Ресей елшісіне шабуылдан кейін ел билігі дипломаттардың қауіпсіздігін күшейтті
Ірі мұнай ұрлығына қатысты Ішкі істер министрлігінің лауазымды шендісі ұсталды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1353487-shymkenttegi-bas-shyrshanynh-shamyn-zhanse/