72 жасқа келсе де бірде бір жері ауырмайтын әжей мықты денсаулықтың құпиясымен бөлісті

Опубликовано:

Шымкентте Бибіайша Ахметова есімді ерекше әже тұрады. Ол кісінің жасы қазір 72-де деп хабарлайды Замана басылымы.

Бибіайша әже әлі де тың, қартайдым деп қарап отырмайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі дене жаттығуларымен айналысады.

«Осы жасқа келгенше дәрігерге тексерілген емеспін. Бұл жасқа келіп, әлі де ширақ жүруім бірінші Алланың, екінші көп жұмыс істегенімнің арқасы шығар. Жас кезімде жұмысқа құмар болғанмын. Соғыс жылдарында өмірге келгендіктен еңбекке ерте араластық, жұмыс талғамай істей беретінбіз. Бұрынғының адамдары шаршау дегенді білмеген ғой. Мен өзім жеті жасымнан бастап колхоз-совхоздарда жұмыс істегенмін. Әке-шешемнің жанында жүріп мақта теріп, шабық шабатынбыз. Өз басым көп қимылда болған адам ешқандай ауруға ұшырамайды деп ойлаймын», - дейді Бибіайша апа.

Бибіайша апа таңертең және кешке жаттығу жасауды әдетке айналдырған екен. Одан бөлек, үйінде тігін тігіп, сиыр сауып, күбі пісе беретінін айтады. Одан қалса, немерелеріне киім тоқиды екен.

"Көп адамдар маған осынша жасқа келсе де тыным таппай тірлік істейді деп таңқалып жатады. Меніңше, бұған таңданудың жөні жоқ, адам үнемі қимыл-қозғалыста болса, белсенді өмір салтын ұстанса, жастығын көпке дейін сақтай алады", - деген әжей ұзақ өмір сүргісі келген адамдарға өз кеңесін айтты.

"Жаттығуды көп жасап, денсаулыққа пайдалы сұйықтарды көп ішіңіздер. Әсіресе қаламыздағы Қошқарата өзенінің суы денсаулыққа өте пайдалы, соны жиірек ішіңіздер. Ол суда ағзаға пайдалы химиялық элементтер өте көп. Дәріханадан қымбатқа дәрі алғанша, аурудың алдын алып, денсаулыққа жақсылап қарау керек.

Мақтанғаным емес, менің еш жерім ауырмайды. Адамдар сәл де болса ойланса екен деймін. Алла-тағалам аманат етіп берген денсаулыққа қиянат жасамауымыз керек. Жұрт осыны ұмытпаса екен", - дейді Бибіайша апа.

Тағы оқыңыздар:

Астанада уақытша тіркеуге тұрғандар мемлекет бюджетін жарты миллионмен толтырды

Павлодарда 69 жастағы әже жұмбақ жағдайда жоғалып кетті (фото)

Геннадий Головкин жаңа салмақ дәрежесіне өтетін болды

Жанқош Тұраров: Головкин Джейкобсты нокаутпен жеңеді

Ақтауда 32 жасар ер адам өз пәтерінде асылған күйі табылды

Ақмола облысында ауқатты отбасынан шыққан мектеп оқушысының мәйіті табылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1370305-72-zhasqa-kelse-de-birde-bir-zheri-auyrmay/