Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Даяшы халал тойға ішімдікті тығып кіргізетіндердің қулығын жайып салды

Опубликовано:

Қазіргі кезде салауатты өмір салтын ұстанып, өзін ішімдіктен аулақ салып жүрген жастар қатары көбейген. Осыған байланысты елімізде арақ-шарапсыз той өткізіп жатқан адамдардың барын естиміз. Оған кейде жастардың өзі себепші болса, кейде екі жақтың ата-аналары бастама көтеріп жатады. Дегенмен, көпшілік жиналған сол тойлар шын мәнінде халал өте ме?

NUR.KZ порталы тойдың басы-қасында жүрген жандармен тілдесіп, арақ-шарапсыз тойдың қаншалықты халал өтетіні жөнінде сұрап білді.

Айнұр есімді даяшы қыз осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы элиталық тойханалардың бірінде халал тойда қызмет жасаған. Оның айтуынша, халал деген тек аты ғана.

«Тойға келген қонақтардың арасында ішімдік дәмететіндер табылып жатады. Ішетін адамдар көбінесе алдын ала келісіп, бір үстелге жиналып алады. Әсіресе, той иелерінің достары, ұжымдастары отырған үстелде ащы су ағылып жатады.

Мысалы, мен арақты минералды судың бөтелкесінен құйып ішіп отырған қонақтарды талай көрдім. Оларға кейде той иелері шәйнекке құйып әкеп беріп жатса, кейде үстелге жиналғандар өздерімен бірге ала келеді», - дейді бойжеткен.

Даяшы белгілі отандық әншінің халал тойында болған жайды да есіне түсірді.

«Отандық әнші Нұрболат Абдуллиннің тойында да қонақтарға қызмет еттім. Оған шақырылған бірқатар жұлдыздар да тойдың халал екеніне қарамастан алкогольді ішімдікті судың ыдысымен көпшіліктен тығып ішті», - деп ағынан жарылды даяшы.

Алматылық Арыстан Байжігіттің айтуынша, халал той арақ құйылған тойдан көңілсіз өтеді.

«Халал тойда дастархандағы ас та жүрмейді, не билей алмайды екенсің. Достарымның тойына барып, үндемей қайтқан кезім болды. Жас болған соң, ойнап-күлгің келеді. Ішудегі мақсат мас болу емес. Той болған соң, қуанышын бөлісіп, көңілді жүргің келеді. Халал той деген аты да қызық естіледі. Ол жерде арақты тығып болса да ішіп жүргенін білеміз ғой», - дейді жас жігіт.

Той басқарып жүрген асабалар да халал тойдың 100 пайыз арақ-шарапсыз өтпейтінін айтады.

«Халал той басқарып жүрміз. Ондай тойларды көбінесе намазхан жандар жасайды. Кейінгі кезде қала халқы тойды арақ-шарапсыз жасауға әуес болып жүр. Ал ауылдағы ағайын тойды ішімдіксіз өткізбейді», - дейді Қуаныш Тастанқұлов есімді асаба.

Ішімдікпен өткен тойларда түрлі ерсі билерімен көпшілік алдында масқара болып жатқан жандар көп. Ақылға қонбайтын қылықтарға толы той видеолары желіде өріп жүр. Той-томалақсыз жүрмейтін қазақ үшін атадан қалған ас секілді арақ әлі де төрде тұрып келеді.

Тағы да оқыңыздар:

Ресей мен Батыс неліктен Украина мәселесінің шешім тапқанын қаламайды?

Ата-аналардың келісімімен мектептерде бірнеше пән ағылшын тілінде оқытылмақ

Димаш Құдайберген атақты голливуд фильмінің саундтрегін орындамақшы (фото)

ШҚО-да жас мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желідегі әдепсіз суреті үшін жазаға ілікті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1449654-dayashy-khalal-toyda-ishimdikten-urttap/

pixel