Астанада ІІ Республикалық имамдар форумы өтті (фото)

Опубликовано:

Бүгін Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы болып өтті. Егемен еліміздің түкпір-түкпірінен 500 имам жиналды деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.

Форумға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Дархан Қамзабекұлы бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінің бас мүфтилері, Ресейдің Омбы, Алтай аймағының мүфтилері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, игі бастамаға орай оң пікірлерін білдіріп, баяндама жасады.

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған Республикалық имамдар форумы асыл дініміздің дамуына тың серпін беріп, жаңа белестерге жетелері сөзсіз. «Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» ескерсек, бүгінгі бірегей басқосудың да бағасы тым ерекше. Дін саласындағы жұмыстарды оңтайландырып, тиімді жүйе қалыптастырудағы маңыздылығы да ұшан-теңіз. Осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілген.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да өз баяндамасында діни басқарма алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – қазіргі заман талабына лайықты имам дайындау екенін айта келіп, «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасын – дін қызметкерлерінің беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам деп бағалады.

«Қабылданғалы тұрған Тұжырымдамада дін қызметкерлерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқындалды. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге кезең- кезеңімен сатылап тағайындалатын болады. Өйткені, имам қызметі тек бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейді. Имамның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шараларды ұйымдастыру сынды өзіне жүктелген жауапкершілігі жоғары мол жұмыстары бар.

«ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты құжаттың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық принциптерді ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету. Сонымен қатар, бұл Тұжырымдама еліміздің мұсылмандарын бірлікке, татулыққа шақырып, халықты ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын сыйлауға, зайырлылық принциптерді ұстануға, діни экстремизм мен терроризмнің кез келген түріне төзбеушілікке үндейді», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1470626-astanada-ii-respublikalyq-imamdar-fo/