Қонаевтан бата алған балуанға шәкірттері дүркіретіп той жасады
Опубликовано:
Бір кездері КСРО-ның бас хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтан бата алып, еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері, жиырмаға жуық спорт чемпионын тәрбиелеген Саймасай Өміржанұлының зейнетке шығуына байланысты шәкірттері ұлттық спорт түрлерінен туған ауылдары Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ащысай ауылында турнир ұйымдастырды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Ұлттық спорттың қос түрі еркін күрес пен көкпардан жасөспірімдер арасында турнир өткізіп, жүлделі сыйлықтар тағайындады. Сонымен қатар волейбол мен теннистен де жарыстар өткізілді.
Шелек ауданының 1 май ауылында дүниеге келген Саймасай Өміржанұлы - Еңбекшіқазақ ауданының "Құрметті азаматы", жылдық төсбелгінің иегері, дене тәрбиесінен аудандағы қоғамдық әдіскер және бес мәрте аудандық мәслихаттың депутаты атанған жан.
Бұдан бөлек ауыл тұрғындары мен шәкірттері Саймасай Өміржанұлының ауыл жастарын спортқа тынбай тәрбиелеп, бар өмірін қоғам мен шәкірт тәрбиелеуге арнаған адал ұстаз екенін айтуда.
"Бұл кісінің ауыл спортын дамытудағы еңбегі орасан зор. Ағамыз өз ісіне берілген жан. Неге десеңіз, таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат тоғызға дейін спортзалдан шықпайды. Тіпті күніне спортзалдың алдында ағайымыздың терлегеннен су болған үш-төрт майкасы жайылып тұратын. Ағамыз бар өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнап, үйіндегі бар шаруасын екінші орынға қойған жан.
Бұл кісінің тәрбиесі арқасында салауатты өмір салтын ұстандық. Ауданымыз бен ауылымыздағы кез-келген проблемаға бей-жай қарамайтын, өзі баламен балаша, үлкен адаммен үлкен кісіше сөйлесетін өте ақкөңіл кісі.
Ұстазымыз мықты жаттықтырушының қолына түскенде халықаралық аренада танымал болар еді", - дейді шәкірті Тұрсынбай Байбекұлы.
"Мықты спортшының бәрі ауылдан шығады", - дейтін Саймасай Өміржанұлы өміріндегі ең бақытты сәті Қонавтан бата алған кезі екенін алға тартты.
"Менің өмірімдегі ең бақытты сәтім 1974 жылы Асы жайлауындағы шопандардың дәстүрлі тойында қырғыздармен күресіп, түйе палуан атағын жеңіп алғанда, Қазақстанның сол кездегі бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың риза болып, маңдайымнан сүйіп, батасын берген кезі",-деп еске алды.
Саймасай Өміржанұлының зейнетке шығуына орай спорт турнирінен бөлек, ауылдастары мен шәкірттері спортшыға ат мінгізіп, шапан жауып, ақ дастархан жайып құрметтерін білдірді.
Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз
⇓⇓⇓
Тағы оқыңыздар:
Үкімет оралмандарды үй кезегінен алып тастауы мүмкін
Усэйн Болт қаза болған досына өзі барып, қабір қазып берді (видео)
Қанат Ислам кезекі жекпе-жегіне АҚШ-та қалай дайындалып жатыр? (фото)
Полицей күйеуінен таяқ жеген ақтөбелік келіншек жолдасын қорғаштап отыр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1493005-qonaevten-bata-alghan-baluangha-shakirt/