Жертөледе екі баласымен қайыр сұрайтын шымкенттік келіншек қалай жан бағып отыр? (фото)

Опубликовано:

Екі қызымен жертөледе қайыр сұрап, нәпақа табуға мәжбүр боп жүрген шымкенттік келіншек қайырымды жандардан көмек сұрайды. 30 жастағы тұрғын тілемші болуына не себеп болғанын және қазіргі өмірі туралы өңірдегі  NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Айнаш Тұрлыбекова Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын ғана ауылдың қызы. Ол да өзгелер секілді толық отбасыда дүниеге келген. Тек 7 жасында туған анасы дүниеден озған соң өмірі күрт өзгеріпті.

Өгей шешенің жылулығын сезіне қоймаған ол 9 сыныпты бітірген соң орта арнаулы оқуға түскісі келеді. Тіпті көршілес жатқан Ордабасы ауданындағы ақысыз білім ұясына құжатын да тапсырмақ болады. Тек өгей шешесі рұқсат бермей қойыпты.

Содан Шымкентке жол тартқан ол кафе жағалап, даяшы, ыдыс жуушы боп жұмыс істеп күнін көреді.

Кейінірек тұрмысқа шығады. Сәбилі болады, екінші қызы дүниеге келеді. Айтуынша, ата-енесі "туған шешем болмағандықтан мені үнемі жерден алып, жерге салып отыратын" дейді. Тіпті кейде қол да көтеретін жағдай кездесіпті. Онсыз да бала күнінен мейірімсіздіктің ащы дәмін татып өскен ол жолдасымен жиі жанжалдасып, екіге айырылысып, қайта қосылып, ақыры күйеуімен бірге еншісін алып шығыпты.

Бүгінде Айнаш пәтер жалдап тұрады. Ал оның ақысын екі қызымен бірге жертөледе қайыр сұрап төлеуге мәжбүр. Күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ. Табылған қара жұмысты атқарып, отбасын бағуға жолдасының денсаулығы көп кедергісін тигізеді екен.

Айнаш Тұрлыбекованың жертөледе қайыр сұрап отырғанына бір жыл болды. Оған дейін дәмханалардың бірінде ыдыс жуушы болып нәпақа тауып келген ол  кенже қызы жиі сырқаттана берген соң жұмысынан  айырылып қалады.

Содан шарасыздан қайыр сұрауға мәжбүр болдым дейді. Былтыр Рамазан айында Шымкенттегі орталық мешіт маңына барып, келім-кетім адамдардан көмек сұрай бастағанда ондағы имамдардың бірі екі қызымен бірге қуып жіберіпті.

Оның сөзіне сенсек, мешіттің алдын жағалайтын мұқтаж жандар саны онсыз да жеткілікті. Демек «конкуренция» басым.

«Менің мұндай күйімді көргендер "мешітке бармайсың ба?" дейді. Бірақ ондағы имамдар жолатпайды. Былтыр ораза кезінде ғой қайыр сұрап отырған өзге әйелдің сөзін сөйлеп, маған «кет» деп итеріп жіберіп еді, құлап қала жаздадым», - деді көмекке мұқтаж келіншек.

Ал қазір оның қайыр сұрап отыратын белгілі орны бар. Күні сайын таңертең сонда келіп, жертөлені тазалап шығады.  «Отыратын жеріміз әйтеуір таза болса деймін» деген ол қас қарайғанша сонда отыратынын айтты.

«Мейірімді адамдар жоқ емес» деп сөзін жалғаған келіншек жертөледегі саудаугерлермен туыстары секілді боп кеткенін жеткізді. Ара-тұра тамақтарын әперіп тұратын олар кейде қыздарына қажет киімдерді қарызға да береді екен.

Ал енді бірде Айнаштың өзіне саудагерлер тауарларын сеніп тапсырып, саудасын жүргізуге рұсқат та береді. Ол үшін, әрине, екі баланың анасы ақысын да алады.

«Өзімнің екі сіңлім мен бір інім бар. Олар қайбір жетісіп жүр дейсіз? Көмек бере алмайды. Ата-енемнен де қайыр жоқ. Керек десеңіз, немерелерін іздемейді де. Әйтеуір осындағы саудагерлер түсіністікпен қарайды. Тек... Кейде ары-бері өткендер ауыр сөздер айтып, дөрекілік танытады. Полицейлер де келіп, қуады. Ал мен қай жетіскенімнен отыр дейсіз? Әйтеуір қыздарымды қатарынан қалдырмасам деймін. Бала ғой, ананы-мынаны жегісі келеді. Қайыр сұрап тапқан ақша болмаса күніміз не боларын білмеймін» деген келіншек жанары толған жасты жасыра алмады.

Тағы бір атап өтерлігі, көпшілік тастап кеткен тиын-тебенмен күнелтіп отырған келіншекке кей кездері «қыздарыңды олай қинағанша балалар үйіне өткізбейсің бе?» деп жекіп сөйлейтіндер де кездеседі екен.

«Өзім аш жүрсем де, қыздарымның қарны тоқ болса болды. Аш қалдырмау үшін барлығына дайынмын. Мен оларды өткізу үшін туғаным жоқ қой. Қыздарым – менің барым. Солар үшін өмір сүріп жүрмін. Әйтеуір мейірімді адамдар тиын-тебенін тастап кетіп жатыр», - деді ол.

Айтпақшы, шымкенттік тұғрынның үлкені 6 жаста. Биыл даярлық сыныбын тәмамдады. Айнаш Тұрлыбекова қызын сабақтан алып қалмауға тырысып баққан. Таңертең жолдасы мектепке апарса, түскі уақытта өзі алып қайтып жүрген. Кешке дейін екі қыз анасының қасында отырады.

Сұхбат барысында кейіпкерімізден «Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында жертөледе отырғанша, басқа жұмыс іздеп көрмедіңіз бе?» деп те сұрап көрдік.

«Жұмысқа тұрғым-ақ келеді, жоғары білімі жоқ менің жалақысы жақсы жерге тұра алмайтынын белгілі. Ал қазіргі табысым күнелтуіме жетеді. Оның үстіне қазір бала ұрлығы көбейіп кетті ғой. Мен жұмыста болсам, оларға кім қарайды? Әйтеуір көз алдымда жүрсе деймін. Келер жылдан бастап екіншім де сабаққа барады. Оны ойласам, жүрегім ауырады. Киімі, оқуға қажеттілігі мен тамағы бар. Дегенмен алдағы күннің жақсы боларына сенемін. Қашанғы бұлай отырамын?» деп сөзін түйді келіншек.

Сұхбат соңында тағдырдың қатал сынына ұшыраған келіншек қайырымды жандардан көмек сұрады. Оның арманы – кепе болса да өз баспанасы болғанын қалайды. Себебі қайыр сұрауының басты себебі де осы.

Осы ретте екі бүлдіршінімен бірге жертөледе отырған Айнаш Тұрлыбековаға қол ұшын созамын деушілер болса, төмендегі байланыс нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Айнаш Тұрлыбекова: 8 771 137 93 87

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

ОҚО-да кілең хиджаб киген мектеп бітірушілер әлеуметтік желіні шулатты (фото)

Алматы жолдарында кортежбен шоу жасаған түлектер жазаға тартылды (видео)

Көкшетауда әжесімен тұрғысы келмеген 13 жастағы қыз үйінен қашып кетті

АҚШ президенті бірінші қатарда тұру үшін әріптесін итеріп жіберді (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1504856-zhertolede-eki-balasymen-qayyr-surayt/

jitsu gif