Қыз алып қашып, басы дауға қалған жігіт екі-үш күнде тұрмысқа шығатын қыз іздеп жүр

Опубликовано:

ОҚО-да қыз алып қашып, басы дауға қалған жігіт енді тез арада тұрмысқа шыққысы келетін қыз іздеп жүр деп жазады Замана басылымына сілтеме жасап  NUR.KZ.

Автордың жазуынша, таяуда құрбысы қоңырау шалып, екі-үш күн арасында тұрмысқа шығатын жақсы қыз керек екенін айтқан. Досының бұл қылығын түсінбеген автор құрбысының үйіне барып, оқиғаның мән-жайын өзі білмекші болады.

"Барсам, құрбымның үйінде көп адам жиналып, бір нәрсені қызу талқылап отыр. Сол жерде қыз іздеген жігіттің де барын білдім. Есімі Ерлан екен. Барлық мән-жайды маған сол айтып берді", - деген автор жігіттің оқиғасын баяндады.

"Ерлан осыдан екі жыл бұрын Нәзира есімді қызбен танысып, екеуі жақсы араласыпты. Кейін Ерлан оны өзінің үй-ішімен таныстырады. Нәзира жігіттің ата-анасына да қатты ұнап қалады. Содан әке-шешесі Ерланға биылдан қалмай үйлен, әйтпесе мынадай қыздан айырылып қаласың деуді жиілетіпті.

Содан екі жастың ата-анасы танысып, бір дәмханада «тәтті шай» ішкен. Бірақ Нәзираның әке-шешесі екі жастың үйленулеріне үзілді-кесілді қарсы болыпты.

Бірақ арада бірнеше күн өткеннен кейін Ерлан Нәзираны өзінің келісімімен алып қашып кетеді. Бұл кезде Ерланның үйі қызу дайындық үстінде екен. Анасы қатты қуанып, Нәзираның маңдайынан сүйіп, оң аяқпен табалдырық аттатқызады. Беташарға қызу дайындық болып жатқан кезде хабаршыға адамдар кетеді.

Алайда беташар­ға дайындалып жатқан кезде Нәзираның әкесі төргі бөлмеге ашулы күймен кіріп келіп айқайға баса жөнеледі. «Сот­қа беремін! Мен сендерге қазақшалап айттым ғой қызымды бермеймін деп!» – деген ол Нәзираның басындағы орамалды жұлып алып лақтырып жіберіпті. Қызының: «Осы үйден кетпеймін. Ерланды жақсы көремін», – деп еңіреп жылағанына қарамайды. Ұрып-соғып, ауылына әкетіп қалады.

«Нәзираға обал болды. Обалына қалдым-ау! Ата-анасының ондай адамдар екенін қайдан білейін?..» – деген Ерланның көзінен жас шығып кетті. ...Қысқасы, ата-анасы тойға дайындалып қойған Ерланға сол күні аяқ астынан біреуді алып келу керек болыпты. «Екі-үш күннің ішінде тұрмысқа шығатын қыз» іздеу содан басталған екен", - деп жазады оқиға куәгері.

"Бұл жерде мен әкенің өз қызының тағдырына соншалықты қатыгездікпен қарағанына таңмын. Перзентінің көз жасы селт еткізбеген ол кісінің сондағы арманы не екен? Бай жермен құда болғысы келді ме? Олай дейін десең, Ерланның отбасы да жерге қарап отырған жоқ, бір ауылға беделі бар отбасы екен. Қалай болғанда да екі жастың жүрегіне жара түсті. Оған қыз ата-анасының себепкер болғаны өкінішті", - деп түйіндейді автор.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Имамдар иегова куәгерлерінің сектасына кірген қазақ жігітін қалай құтқарғанын айтты (фото)

Атырауда ит талап тастаған 13 жастағы бала ауыр халде жатыр

Қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс елімізде ет қымбаттап кетті

Сербия астанасында жойқын жарылыс болды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1505948-qyz-alyp-qashyp-basy-daugha-qalghan-zhigit/