Бортсерік дауы: Қоғам белсенділері "Эйр Астананың" халықтан кешірім сұрауын талап етті
Опубликовано:
Әлеуметтік желіде үлкен дау тудырған ұшақ бортындағы бейнеролик көпшіліктің қызу талқысына түсті. NUR.KZ порталы қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен жолаушы мен еліміздегі бетке ұстар әуе компаниясының бортсерігі арасындағы ұшақта болған оқиға туралы қоғам белсенділерінің пікірін білді.
Әлеуметтік желіде белсенді блогер Өркен Кенжебектің аталған видеоға қатысты Facebook-тегі пікірі елден ерек болып шықты. Ол Эйр Астана әуе компаниясы қызметкерінің әрекетін дұрыс деп, жолаушының қылығына күлкісі келетінін жеткізген. Блогердің жазбасына сәйкес, әуеде тіл үшін «шу» шығарған түрік азаматының ісі – арзан ойын.
«Air Astana бортында болған қазақ тілін қорғау акциясына қатысты ойым еш өзгермеді. Маған мұндай арзан трюк ұнамайды, тіпті, ырқ-ырқ етіп күлкім келеді.
Жарылқап Қалыбай ағамызды осыған өте ұқсас жағдайда қорғап жазғам - "Амангелді батыр, шауып келе жатыр" деп. Қайдағы, бүкіл салон оған қарсы арыз жазды, ішімдік ішіп, шу көтергені анықталды, кейін өзі мойындады. Ал, не болды ал?
Сол секілді Доған жағдайында оған қарсы арыз жазған төртеу кім деген үлкен сұрақ туды. Өзім шетелде жүрсем де, Эйр Астананың баспасөзіндегі аға маман Тілек Əбдірахимовпен хабарластым. Төрт куəгер де жолаушы деп отыр. Қонар кезде үстелшені түсіру - қауіпсіздік талабы. Негізі, ішкі микрофонмен бұл жайында үш тілде де ескертіледі, мүлдем айтпады деуге келмейді.
Қысқасы, жігіттер, 10 мың метр биіктікте бір тілдің жыртысын жыртқан болу - тым арзан ойын», - деп жазады Өркен Кенжебек.
Өркен Кенжебектің әуе компаниясын жақтап жазған жазбасы көпшіліктің наразылығын тудырды. Сонда да ол өз ойынан қайтпайтынын жазған.
Тағы оқыңыздар: Алматылық актер ақылынан адасқан анасын бағу үшін тоғайда тұрып жатыр (фото)
Арман Сқабылұлы, журналист
- Өз басым ұшақ жолаушысы болған азаматтың талабын құптаймын. Бәзбіреулер оның бұл әрекетін өз атын шығару немесе PR үшін деп айтып жатыр. Егер әр қазақ осылай «пиар» жасайтын болса, онда біздің тіліміздің мәртебесі көтеріледі. Әр жерде - ұшақта, жерде, дүкендерде, пойызда басқа да қызмет көрсету орындарының бәрінде әр қазақ өзін-өзі осылай «пиар» жасайтын болса, тілімізді құтқарамыз. Ал шындығына келгенде ешқандай «пиар» жоқ бұл жерде. Бұл азамат біздің қазақтарға үлгі көрсетіп отыр.
Мен әр нәрсеге бірден баға бере салмаймын. Кеше түнде отырып, ұшақта түсірілген бейнебаянды көрдім. Сосын Оғыз Доғанның қазақ журналисіне берген сұхбатын тыңдадым. Материалдарға қарасаң, Оғыз Доғандыкі дұрыс. Бұл жерде әуе компания қызметкерлерінің тілді менсінбей тұрғандығы, қазақ тілінде сөйле дегеніне мұрнын шүйіре қарап тұрғаны анық көрініп тұр.
Ешқандай да ақтаудың қажеті жоқ. 6800 теңге айыппұл салудың өзі ұят. Эйр Астананың өзі кешірім сұрау керек.
Егер ұшақ жолаушысының әрекетін «пиар» дейтін болса, әр қазақ осындай жасасын. Тілімізді құтқарамыз. Өз атын шығару үшін жасайтын әрекет толып жатыр ғой. Дәл осындай пиарды қолдаймын. Өз жерімізде осындай жағдай болып жатқанына қатты күйініп отырмын.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
- Бұл - шын мәнінде өте ұятты, намысқа тиер жағдай. Мен мұны біздің бетке ұстар әуе компаниясының Ата заңға, мемлекеттің заңдарына, елбасының жасаған мәлімдемелеріне қарсылық танытуы деп білемін. Менің ойымша түрік азаматының көтеріп отырған мәселесі - өте орынды талап. Бір жағынан, қазақ тілінің абыройын қорғап, намысын жыртып отырған өзіміздің азаматтар немесе билік орындары емес, шетелдік азамат болуы мүлде намысқа тиетін жағдай.
Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Бұған дейін де осы іспеттес талай оқиға болды. Ұшақ бортында, түрлі дүкендерде, супермаркеттерде қазақ тілінің өзінің мемлекеттік мәртебесіне жете алмай отырғаны рас.
Бұл мәселені қоздырып отырған белсенділер емес. Олардың талабы біреу ғана - заңға сүйеніп қазақ тілінде қызмет жасауды талап ету. Конституция, заң солардың жағында. Кез келген ұйым қазақ тілінде қызмет көрсете алуы тиіс.
Сондықтан, мұндай мәселенің дәл осылай төтесінен қойылуымен келісемін.
Екіншіден, Эйр Астана әуе компаниясы тек сол азаматтан емес, бүкіл халықтың алдында кешірім сұрауы керек. Бұдан былай бұл мәселені қайталамауды қадағалау керек.
Өкінішке қарай бұл мәселе тек Эйр Астана компаниясымен шектелмейді. Басқа, оның ішінде ұлттық, мемлекеттік компаниялардың да қоғамдық орындарда қазақ тілін менсінбеуі, оған ат үсті қарауы, оны елемеуі сияқты әрекеттер әлі күнге дейін өте кең ауқымда сақталып келе жатыр. Сондықтан қоғамдық наразылық болмау үшін, бұл баяғыда көтерілер мәселе еді. Кезінде көтермеді.
Неліктен Эйр Астана сияқты компаниялар заңды бұзып отыр? Себебі қадағалаушы билік бұған көз жұма қарады. Енді міне, қоғамның өзі дүр сілкініп, әділетсіздікке, заңсыздыққа қарсылығын білдіріп отыр. Мұндай жағдайдан ең алдымен ресми орындар сабақ алуы керек. Меніңше үкіметтің отырысы өтуі қажет.
Қоғамдық орындарда осындай шиеленіс болмау үшін қандай әрекеттер жасау керек? Мұның жолы біреу ғана: заң бойынша талап ету. Қазақ тілінде қызмет жасау талап етілсе, ол орындалуы керек. Тиісінше үкімет тарапынан осы талап күшейтілуі керек. Қажет десе лицензияларын алып тастауға дейін бару орынды. Мұндай әлеуметтік шиеленісті тудырушы қызметкерлер жұмыстан босатылуы керек. Және мұндай талап тек Эйр Астанаға қатысты емес, басқа да ұйымдар мен қоғамдық орындарда күшейтілуі тиіс. 20 жыл бойы қазақ тілі аяққа тапталып, оны ешкім ескермей келді, қазір жағдай өзгерді. Халықтың сана-сезімі оянды. Мұнымен санаспаса шиеліністер пайда болуы мүмкін. Оған жауапты - ресми органдар.
Айгүл Орынбек, заңгер
- Видеодан көргенім бойынша, бортсеріктің әрекеті заңға сай емес. Себебі барлық жерде тұтынушының талабы орынды. Өзге ұлт өкілі қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрағаны үшін қайта қуану керек. Еліміздің бетке ұстар әуе компаниясы болғандықтан оның қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі қажет. Бұл жағдайда жолаушы түсінбей қазақ тілінде сұраған кезде қызметкер бірден қазақ тілінде жауап беруге міндетті.
Еске салсақ, «Air Astana» әуе компаниясының Астана-Алматы бағытының рейсі кезінде экипаж ішінде ережені бұзды деген себеппен жолаушы азамат Огуз Доган полиция бөліміне жеткізілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1589494-bortserik-dauy-qogham-belsendileri-ey/