Алматылық таксист бір түнде бірнеше клубқа баратын қазақ қыздарынан жиіркенетінін айтты
Опубликовано:
Алматыда жас қыздар бір түнде қаланың төрт-бес клубында көңіл көтеретіні белгілі болды. Үстінен темекі түтіні мүңкіп, ауызынан әдепсіз сөздер арылмайтын алматылық бойжеткендердің түнгі өмірінен хабардар болған алматылық таксист олардан жиіркенетінін жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Серік Орақбаев күнделікті кешқұрым өзінің жеке автокөлігімен шай-пұлға ақша таппаққа қаладағы түнгі жолаушыларды аңдиды.
«Таксилік ету - негізгі жұмысым емес, бірақ қазір қолым бос болғандықтан ақша табайын деп біраз уақыт түнге қарай, қаладағы қоғамдық көлік тоқтайтын уақытта көшеге шығып жүрдім. Маған ең ауыр тигені өзіміздің қарадомалақ қазақ қыздарының көшедегі жүрісі. Жүрсе жүрсін, қыдырсын, бірақ қыздардың әдептен озбауы тиіс екенін олар ұмытқан. Соған көзім жетті. Аузында шылым, ішімдікке тойып алған қыздарды көргенде не дерімді білмедім», - дейді таксист жігіт.
Ол түні бойы қала клубтарын кезіп, таң атқанша көңіл көтеретін қазақ қыздарының қылықтарын жайып салды.
«Мұндай қыздар түнгі сағат 12-ден кейін қаптайды. Оларды Алматыдағы жастар арасында таңдаулы үш-төрт мекен-жайды айналып жүрсең, кездестіруге болады. Менің көлігіме отырған екі бойжеткен де осы байқағанымды растады. Олар бірінен шығып екіншісіне, одан үшіншісінің есігін қағады екен. Үсті-басына түтіннің иісі сіңіп алған, аузынан іліп алар жөні түзу сөз шықпайды, әдепсіздік көзге ұрып тұр. Естіген құлаққа жағымсыз, қазақ қыздарының осындай деңгейге түсіп кеткеніне қатты қынжылдым. Жиіркенішті»,-дейді Серік.
Ол әр сенбі сайын қыдыруға ақшаны табатын жастардың жүрісіне таңданысын жасырмады. Оның айтуынша, түнгі қыдырысқа шыққан бойжеткендер арасында қаланың тұрғылықты қыздары көп емес.
«Менің байқағаным, олар қаланың қыздары емес. Қазақ екенімді көре тұра, мардымсыз орысшасымен маған тілін бұратып сөйлейді. Түрлеріне қарап, жігіт іздеп жүр деп те айтпайсың. Тек мақтан үшін жүрген сияқты», - деп ойын түйіндеді алматылық таксист.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1607280-almatylyq-taksist-bir-tunde-birneshe-k/