Поляк ғалымы: "Нағыз қазақы" деген Шымкенттің өзі Ресей сияқты
Опубликовано:
Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істейтін поляк ғалымы Шымкент қаласында екі айға жуық уақыт өткізіп, ондағы қазақ тілінің жағдайына күйінді. Айналасын Ресейге ұқсатқан лингвист-ғалым шыдамай, қолына қалам алып, Замана газетіне хат жолдады деп хабарлайды NUR.KZ.
Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің 65 жастағы ғылыми қызметкері Генрик Янковски Шымкент көшелеріндегі қазақ тілінің аянышты жайын жазған. Оны қазақтардың сөз арасында «если», «хотя бы», «чтобы», «или», «да» сөздерін қолдануы қатты таңғалдырыпты.
"Қазақ тілінің күшті қорғаны деп саналатын қалаларыңызда екі айға жуық уақыт өткіздім. Осы арада тұрған жерім – №11-ші мөлтекаудан. Айнала Ресей сияқты. Көрші-қолаң далада әңгімелессе, бір орыстілді келсе болды, орысшаға көшіп кетеді. Даладағы балалар ертеден кешке дейін орысша сайрап, ойнап жүреді", - деген шетел ғалымы қаладағы қазақша сөздің тапшылығын қатты сезінген.
Тағы оқыңыздар: Бір өліп, қайта тірілген бүлдіршіннің анасы шарасыздықтан елден көмек сұрады
"Уәлиханов көшесіне шықсам, киімдер, «российский холодильниктер». Сыра ішейін деп бір мейрамханаға кірдім. Даяшы сыра не екенін білмейді, «пивоның» қасына «фисташки» ұсынады.
Шүкір, қазақы жерлер де бар, «Әлия» қымызханасы сынды. Қымыздары тамаша. Сол жаққа барайын десеңіз, орталықтан автобуспен келіп №36 мектептен өтіп, «Уәлиханов» деген аялдамадан түсесіз. Алайда, мектеп мектеп емес, «школа», Уәлиханов та Уәлиханов емес, «Урицкий». Аялдама да аялдама емес, «остановка».
Тек 11-18 мөлтекаудандар емес, тек Еңбекші ауданы емес, бүкіл Шымкент осындай. Барлық жерде «Green Bus Company»-дың «Conductor»-лары, өзгелер де, «школа», «больница», «Север», «Восток», «Озеро», «Колос» деп айқайлап жүр.
«Сен «Нұрсәтке» бар, ол нағыз бір қазақ ауданы», - деп кеңес берді біреулер. Бардым. Алайда көзіммен не көрдім? « Стоянка для клиентов», «Сдам в аренду», «Дом продается», «Продается участок», « Процедурный кабинет», «Место сбора при землетрясении».
Міне, Қазақстан, міне, Шымкент!", - деп жазады ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1609338-polyak-ghalymy-qazaqylyqtynh-qaymaghy-bu/