Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық каратэші имам мешітте тәртіп бұзған сәләфті "ұйықтатып" тастады (фото)

Опубликовано:

Алматы облысы Қарғалы ауылындағы «Сәт» мешітінің тарихын жергілікті жұрт жақсы біледі. 1886 жылы Сәт Ниязбеков есімді болыс салдырған құдай үйі еліміздегі ең көне ғимараттың бірі. Ал аталған мешітке 1992 жылы бас имам болып келген Сейітқали Ыбытаевтың өмір тарихы тіпті қызық.

Бұрынғы тыңшының исламға бет бұрып, молда атануына қызметі себеп болғанын жасырмайды.

NUR.KZ порталы күндіз имам, кешке жаттықтырушы  болып жұмыс істейтін қария жайлы ерекше сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

Сейітқали қажы Ыбытаев 64 жастан асса да, өзін 25-тегі жігіттей сезінеді.

Ол аптасына бірнеше рет 15 келі  тас салынған сөмкені арқалап, төрт шақырымдық тау бөктеріне жүгіріп шығады немесе 10 шақырымды жаяу жортып аз уақытта бағындырады. Ақсақал спорттың ең қиын түрлерін, оның ішінде каратэ, қоян-қолтық ұрысты жетік меңгерген.

«Мен өмірге келгеннен кейін екі айдан соң анам дүниеден қайтты, ал алты жасымда әкем көз жұмды. Тірі жетім болып қалған соң бір кәрі әже бауырына басты. Ол кісі де көп ұзамай өмірден өтіп, мен балалар интернатында тәрбиелендім. Балалар үйінде өзіңе жауап бермесең әлімжеттік болады, содан мықты төбелесуді үйрендім. Мені сырттай байқаған мемлекеттік қауіпсіздік қызметі арнайы мектепке оқуға жіберіп, әскери дайындықтан өткізді.

Ауған соғысы жылдары ең қауіпті нысандардың көзін жою сынды жұмыс атқарып, подполковник шеніндегі офицер болдым. 1988 жылы басшылық Түркия еліне тыңшылыққа жіберді. Намаз оқуды сол жақтан үйреніп, ислам дінін жан дүниеммен жақсы көрдім. 1992 жылы елге оралып, имандылыққа бет бұрдым» , - деп қария өзі туралы қысқаша айтып өтті.

Сейітқали Ыбытаев «Сәт» мешітін қолға алған сәттен бастап төрт рет күрделі жөндеуден өткізіп, қазір 500 адам сиятын ғимаратқа айналдырған. Құрылыс жұмыстарына қалталы азаматтарды тартып, қала берді спорттан шәкірт тәрбиелеп жүріп осындай жетістікке жеткенін мақтан тұтады.

Біздің мешітке сәләфтар аяғын баспайды...

"Сәт" мешітінің басты ерекшелігі - мұнда әскери тәртіп орнатылған. Қызметкерлер де, келем деушілер де ең бірінші тазалықты және ішкі норманы сақтауға міндетті. Болмаса бас имам сыбағасын беретінін жасырмайды.

«Сәләфизм жетегіндегі жігіттер мешітке келіп, қате уағыздарын айтып, мешіт ережесін бұзды. Екі рет ескерту жасап, бұлай болмайтынын айттым. Түсінбеген соң әскери тәсілді қолданып, "ұйықтатып" тастадым. Ертесі маған келіп: «Сен мені ұрдың, сотқа беремін, арызданамын»,- деді. Қайда барсаң да өз еркің деп айттым.

Ол полицияға шағым түсірмей керісінше, ірі денелі, спортпен шұғылданатын 15 сәләф жігітті жинап әкеліпті. Барлығы мешіт ішіне кіріп алып, маған қоқаңдап, қорқытпақ болды.

"Бұл мешітке тек түзу жолдағы адамдар кіреді. Ел секілді намаз оқитын болсаңдар ғана рұқсат. Сәләфизмді тастап, біздің жолды таңдасаңдар ешкім сендерді қумайды", - деп айттым. Түсінбейді, амал жоқ күш қолдануға тура келді. Себебі, олар мені ұруға дайын тұр еді. Бес жігітті спорттық тәсілмен жерге алып ұрып едім, қалғаны күштері жетпейтінін түсінген соң, мешітті тастап жөндеріне кетті.

Содан бері сәләфтардың арасында мен туралы аңыз тарап, олар біздің мешітке аяғын аттап баспайды. Барлығын жұдырықпен шешу мүмкін емес,  үш азаматқа күні-түні түсіндіріп жүріп, сәләфизмнен шығарып алдық. Қазір бізбен бірге жұма намазын оқиды»,- деді имам.

Спортшы имам еш уақытта тойып ас жемегенін айтады. Артық ас адам ағзасына зиян деп түсінетін молда денесін шымыр етіп ұстау үшін аздан ғана тамақтанады. Күн сайын кір тасын көтеріп, суық суға жуынып,  денесін әбден шынықтырған қария осы күнге дейін дәрі мен дәрумен де ішіп көрмепті.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп санайтын қажы соңғы кездері режиссерлердің сұрауы бойынша бірнеше тарихы сериалдар мен киноларда Әйтеке би мен Қорқыт ата сынды тұлғалардың образында ойнаған.

Осындай сан қырлы өнері бар ақсақалды БҰҰ-мүшелері ерекше марапаттап, бата алу үшін арнайы келіп кетіпті. 

Сейітқали Ыбытаев бүгінде «Жамбыл ауданының құрметті азаматы», «Алтын қыран» медалінің иегері.

Ал астындаға қымбат әппақ тұлпарын спортшы шәкірттері чемпион болғандары үшін алғыс айтып,  сыйға тартқан екен.

«Ислам, спорт және әскери қызмет бір-бірімен егіз секілді. Себебі, барлығы тәртіпті және еңбекқорлықты талап етеді», -  дейді қажы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1609866-almatylyq-karateshi-imam-meshit-ishinde/

pixel