Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шетелде құлдықта болған 24 қазақстандықты құтқарып қалған орталық туралы не білеміз?

Опубликовано:

Әлем бойынша адам саудасы, сонымен қатар өзгені еркінен тыс құлдықта ұстау есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейінгі қылмыстардың үштігіне енген. Әсіресе шетелдік азаматтарды жұмысқа шақырып, ақыры соңында қамауда ұстайтын жайттар саны өсіп отыр. Шымкенттегі «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы әлемді алаңдатқан мәселеге бей-жай қарамай, онымен күресіп,  азапқа тартылғандарға көмек көрсетумен айналысып келеді.

Осы ретте NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі  аталған орталыққа арнайы барып, аталған бірлестіктің вице-президенті Шахноза Хасановамен сұхбаттасып қайтты.

- Шахноза, қалың жұртшылық арасында «Сана сезім» психологиялық көмек береді деген ұғым қалыптасқан. Жалпы орталық жұмысының негізгі мақсаты мен беретін көмектері туралы кеңінен тарқатып беріңізші...

- Біздің орталық өз жұмысын 2001 жылы бастады. Негізгі міндетіміз зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сонымен қатар адам саудасына тосқауыл қою болып табылады. Біз бұл жұмыстарды негізгі үш басымдықпен атқарамыз. Біріншісі: сот әділеттігіне қол жеткізу. Тек құқықтық ғана емес, әлеуметтік, психологиялық қолдаулар да көрсетіледі.

Бізге келген адам алдымен әлеуметтік қызметшінің  қабылдауында болып, айтылған шағымына қарай маманға жіберіледі. Екіншісі: адам саудасы. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл мәселе бойынша көп оқиғалар орын алып жатыр. Осы мақсатпен өткен жылы мемлекет қолдауының арқасында бізде бейімдеу орталығы ашылды.

Яғни, дәл құлдықтың құрбаны болған адамдар уақытша үймен қамтылып отыр. Жоспарға сәйкес орталықта жылына он адам тұрып, ортаға бейімделгенінше, нақтырақ айтқанда, мәселесі шешімін тапқанша біздің бақылауымызда болады. Басымдығымыздың үшіншісі: еңбек миграциясы.

- Құлдықтың құрбаны болғандарға арналған бейімдеу орталығы қай жерде орналасқан? Уақытша баспанамен қамтылу үшін қайда бару қажет?

- Бізге көмек сұрап келген адамдардың есімдері өзінің рұқсатынсыз көпке жария етілмейді. Сол себептен бейімдеу үйінің мекенжайын да олардың қауіпсіздігі үшін айта алмаймын. Ал уақытша баспана мәселесіне келсем, олардың әрқайсына жеке-жеке пәтер қарастырылмаған. Олардың барлығы бейімдеу үйінде тұрады.

Бізге келген адамның жағдайы мұқият зерттелген соң талаптар бойынша келісімшарт жасалады. Олардың жатын орны, күнделікті тамағы, мамандар тарапынан көрсетілетін көмектің барлығы ақысыз. Оған мемлекет есебінен қаржы аударылады. Бұл сондай арнайы жоба десем болады. Жыл басында қаржы бөлінеді, әрмен қарай жұмыс атқарылады. Бейімдеу үйіне келген адам алты айға дейін де сонда қалуына рұқсат етіледі.

Ол аралықта егер білімі болмаса, түрлі курстар бойынша оқытылады. Егер ол әйел азаматының кәмелет жасына толмаған баласы болса, оны мектепке, балабақшаға орналастыру жұмыстарымен айналысамыз. Қысқасы, аты айтып тұрғандай келген жәбірленуші ортаға бейімделгенінше біздің орталық бақылауында болады. Осы ретте мына бір статистиканы айта кетейін, былтырдан бері біздің орталықтың араласуымен шетелде құлдықта болған 24 адам елге қайтарылды.

- Жалпы орталық қайдан қаржыландырылады? Себебі былтыр ашылған бейімдеу үйі мемлекеттен қолдау тапты деп қалдыңыз. Сонда оған дейін ондай қолдаулар болмаған ба?

- Бізді халықаралық орталықтар, Еуропа одағы, ЕҚЫҰ, Халықаралық көші-қон миграциясы, сонымен қатар ашық қоғам институты белгілі мерзімге сай қаржыландырады. Ал былтырғы жылдан бастап мемлекетпен бірлесіп жұмыс атқаруды қолға алдық. Біз белгілі бір жобамызды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсынамыз, кейін олардың мақұлдауымен қаржы бөлінеді. Тағы да ерекше атап өткім келіп отыр, біз көмекті тегін көрсетеміз.

- Құлдық проблемасы демекші, жуырда Ресей еліндегі атышулы азық-түлік дүкенінде орын алған жағдай көпшіліктің талқысына түсті. Қазіргі жағдай не болып жатыр?

- Бұл мәселе тек биыл емес, 2009 жылдан бері қозғалып келеді. Бізге алғаш рет бір әйел азаматы келіп, өзінің құлдықта болғанын жеткізді. Оның шағымы бойынша құзырлы мекемелерге арыз тастағанымызбен, іс бітпеді. Жәбірленуші өткенін қайта қозғағысы келмей, жаңа өмір бастадым деп қайта шағым түсірмеді.

Арада уақыт өткен соң тағы бір келіншек көмек сұрап келді. Тура алғашқы әйел азаматының басынан өткерген оқиға, қинау, құлдықта ұстау оқиға желісі де бір-біріне келеді. Алғашында біз жай сәйкестік деп ойладық. Ол келіншек екі жылдай сол азық-түлік дүкенінде жұмысқа жегіліп, қашып шыққан. Алайда ол аралықта балалы болған оның сәбиін дүкен иелері алып қалған.

Біздің араласуымызбен баланы анасына қайтардық. Тура сондай жағдай әлгі келіншектің сіңлісінің де басынан өткен. Ол да сонда қамауда болып, оны да біздің араласуымызбен елге қайтарып алдық. Кейінірек уақыт өте жұмысқа тұрамын деп Мәскеуге кетіп, кейін азапқа тартылғандар саны арта бастады. 2009 жылдан бері тура сол дүкенде күштеп ұсталынған қазақстандық оннан астам азамат елге қайтарылды.

Алайда қылмыстық іс Ресей елінде орын алып, айыпталушылар қазақстандық азамат болмағандықтан, біздің құзырлы органдар шарасыз болып отыр. Себебі әр елдің өз заңы бар. Осы жылдар аралығында екі рет біздің мемлекеттің құзырлы органдары іс қозғап, Ресейге жолдағанымен, ондағылар істі кері қайтарды. Енді біз сондағы әріптестеріміз, яғни, біз секілді азаматтарға көмек беретін ұйымдарға хат жіберіп, мән-жайды бақылауына алуларын сұрандық. Олар да қол қусырып қарап отырған жоқ, енді Еуропалық сотқа шағым түсірді. Ал біз ол соттың өзіне тікелей шағым түсіре алмаймыз. Енді сол жақтың жауабын күтіп отырмыз.

- Отандастарымыз көп жағдайда қай елдерде құрбан болып отыр? Және Қазақстанда жұмысқа жегілгендер қай мемлекеттерден көптеп келеді?

- Біздің орталықта тіркелген жайттарды назарға алсам, Ресей, Түркия, БАӘ мен Оңтүстік Корея елдеріне жұмыс іздеп кеткендердің құқығы тапталып жатады. Түркия мен БАӘ-де сексуалды құлдық бойынша фактілер тіркелген. Ал Оңтүстік Кореяда ер азаматтарымызды тегін жұмыс күші ретінде қамауда ұстаған жағдайлар орын алған.

Түркияда болған мына бір жағдай атап өтейін, қыздарымыз үшін үлкен сабақ болады деген ойдамын. Қазақстандық бойжеткен түркиялық азаматпен танысып, жігіт тұрмысқа шығу туралы ұсыныс айтады. Содан Түркияға барған бойда ер азамат бойжеткенді құжатын алып, өзге біреуге сатып жіберген. Ал біздің елге жұмыс іздеп келетіндер арасында көбіне Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтарынан көптеп шағым түсуде.

Жалпы еркінен тыс жұмысқа жегу жағдайлар адамның жынысына байланысты. Қыз-келіншектерді көбіне сексуалдық құлдықта, ал ерлер мал бағу, құрылыс жұмыстары, егін алқабындағы тегін жұмыс күші ретінде қамауда болады. Азаматтарымыздың тек шетелде жұмысқа жегілуі емес, өз жерімізде де сондай күй кешкендері бар. Мысалға, осыдан екі жыл бұрын сарыағаштық аяғы ауыр келіншек жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған.

Ол күйеуімен жанжалдасып, төркініне кетіп қалған. Өзінің аяғы ауыр, оның үстіне отбасымның ойраны шықты деп сары уайымға салынып жүрген оны құрбысы бірге Шымкентке барып қайтуға, оның үстіне көңілің ауланады деп ұсыныс айтады. Оларды таныстары көріп, пәтерден ақшамызды алып шығайық деп алдап алып кіріп, сол күйі қамауда ұстайды. Содан клинеттеріне  екі ай интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлейді. Жүкті келіншек өзі қызмет көрсеткен ер кісілердің бірінен көмек сұрап, ол бізге жасырын түрде  қоңырау шалып, нәтижесінде келіншек үйіне қайтарылды.

- Республикалық деңгейде өтіп жатқан әлеуметтік жобалар байқауында сіздердің ұсынған жобаларыңыз бағын сынап жатқанын білеміз. Сол туралы тоқталып өтіңізші...

- Иә, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқаудың облыстық дейгейінде өткізілген сынында үздік деп танылып, енді республика бойынша бағымызды сынап жатырмыз. Онда біз «Адам саудасы» бойынша жобамызды ұсындық. Байқау  жеңімпазы министрліктің ресми сайтында ашық дауыс беру арқылы анықталады. Бүгінгі таңда дауыс беру жалғасуда.

22 қыркүйек күні Астанада «Әлеуметтік қызметкерлер форумы» өтіп, соның аясында жеңімпаз анықталады. Біздің жобамызда адам саудасына тосқауыл қою, зардап шеккендерге көмек көрсету, одан өзге бейімдеу үйінде қолдау көрсетілетін адам санын арттыру жайттары қарастырылған. Мәселен делік, бірнеше жыл құлдықта болып, кейін отбасына келген адамды туыстары қабылдамай қоятын да жағдайлар кездеседі.

Бір бойжеткеннің басынан мына бір жағдай өткен, ол Ресейге жұмыс іздеп барамын деп сексуалды құлдықта болған. Кейін елге қайтқан одан ата-анасы теріс айналып, «елге масқараладың» деп қабылдамай қойған. Онсыз да азапты күндерді басынан өткерген адам мұндай жағдайдан соң не істейді? Ондайлардың жеңіл жүріске салынып немесе өзі түнгі көбелектердің жеңгетайы болып кету қаупі бар.

Тағы бір жағдай, ер азаматты алайық. Бірнеше жыл хабарсыз кеткен ол аман қалып, отбасымен қауышқанда бала-шағамды баға алмадым деп өз-өзін психологиялық тұрғыда жеп тастауы мүмкін. Міне, көрдіңіз бе, ондайлар үшін бейімдеу орталықтары ауадай қажет. Біз ұсынған жобада әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-мәдени сынды қызмет түрлері қамтылған.

- Әңгімеңізге рахмет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1624110-shetelde-quldyqta-bolghan-24-qazaqstandy/