Дін істері министрлігі салафизм ағымына қашан тыйым салынатынын айтты
Опубликовано:
Дін мәселесі қашанда өзекті. Осыған орай NUR.KZ порталы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне арнайы сауалнама жолдап, халықтың көкейінде жүрген бірнеше сұраққа жазбаша жауап алған еді.
«Салафизм» еліміздегі тыйым салынған ағым қатарына қашан кіреді?
Қоғам ішінде салафизмге тыйым салу қажеттілігі туралы пікірлер айтылуда. Қазіргі таңда бұл мәселе мемлекеттік органдар тарапынан мұқият зерттеліп жатыр, күн тәртібінен түспейді. Танымал теологтар мен сарапшылар салафизмның келеңсіз әрекеттері ретінде олардың өздерінің идеялары мен құндылықтарын ұлттық тарих пен мәдениеттен, елімізде тұратын басқа этностарды айтпағанда қазақ халқының рухани құндылықтарымен дәстүрлерінен жоғары қоятынын айтуда.
Осы ретте, әлеуметтік сауалнамалар қазақстандықтардың 85%-ы радикалды діни идеяларды қабылдамайтынын көрсетті. Қазіргі уақытта министрлік тарапынан осы бағыт бойынша түсіндіру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде. Егер аталған іс-шаралар оң нәтижелерін бермесе, онда осы ағымға заңды түрде тыйым салу мәселесі қарастырылатын болады.
Қазақстанда жат ағымның жетегінде кеткендердің нақты саны қанша?
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Дін істері басқармаларының соңғы деректері бойынша еліміздегі жат ағымның жетегінде кеткендердің саны 11000-ға жуық адамды құрап отыр.
Діни ахуал еліміздің қай өңірінде өршіп тұр?
Діни ахуал белгілі бір өңірде өршіп тұр деу шындыққа жанаспайды. Жалпы алғанда еліміздің барлық аумағында діни ахуал біркелкі. Әрбір облыс және үлкен қалаларда министрлік тарапынан құрылған сауықтыру орталықтары жұмыс жасауда. Олар жат ағымның жетегінде кеткендермен тығыз жұмыс жасап, діни сауатын ашумен айналысады. 2017 жылдың І жартыжылдығында радикалдық діни ағымдардан зардап шеккен 6600-ден астам адамға теологиялық және кеңес беру көмегін көрсетіліп, нәтижесінде 1134 адам теріс діни көзқарастарынан бас тартып, дәстүрлі ортаға оралды. Түзеу мекемелерінде жүргізілген кеңес беру және оңалту жұмыстарының нәтижесінде 281 адам радикалдық ойларынан қайтарылды.
Радикалды діндерді насихаттау жолдары көбінесе ғаламтор арқылы жүзеге асуда. Осыған қатысты қандай жұмыстар атқарылуда?
2016 жылы 10 700-ден астам интернет-сайттар зерделеніп, оның ішіндегі 1495 интернет-ресурстардың мазмұны заңға қайшы келетіні анықталды. Бұл сілтемелерге жүргізілген дінтану сараптамасының теріс қорытындылары ҚР АКМ Байланыс, ақпараттандыру және БАҚ саласындағы мемлекеттік бақылау комитетіне бұғаттау жұмыстарын жүргізу үшін жолданды. 2017 жылдың І жартыжылдығында 2751 интернет-ресурстар зерттелді, оның ішінде 1417 сілтемеріне теріс қорытынды беріліп, ҚР АКМ Байланыс, ақпараттандыру және БАҚ саласындағы мемлекеттік бақылау комитетіне бұғаттау жұмыстарын жүргізу үшін жолданды.
Сондай-ақ шетелде жиһад жолында жүрген Қазақстан азаматтарының саны туралы мәліметтерге министрлік құзыреттеріне кірмейтіндерін айтып, қысқа қайырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1636006-din-isteri-ministrligi-salafizm-aghym/