Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі дін істер басқармасының басшысы орамалды оқушылардың ата-аналарын сабырға шақырды

Опубликовано:

Ақтөбеде мектеп формасына бағынбаған ата-аналардың талабы күшейді. Кейбір мектептер оқу орнының жанына полиция қызметкерлерін қоюға мәжбүр. Өңірдегі жағдайға алаңдаған облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов ата-аналарды сабырлы болуға шақырды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

"Соңғы жылдарда білім беру ұйымдарында жалпыға бірдей киім үлгісінің енгізілуімен шариғат заңдарын басшылыққа алатын ата-аналар мен мектеп арасындағы туындаған дау басылар емес. Басу айтушылар, арағайындық жасаушылар, керісінше арандатушылар да баршылық. Дегенмен, мәселе шешімін таппай, екі тарап ортақ келісімге келе алмай, бірін-бірі сотқа сүйреп, ең ауыры екі өгіздің ортасындағы шыбынның кейпін бала кешіп, білім алудан шеттеп отыр. Исламның құндылықтарын қате түсінген кей ағайын бесіктен белі шықпаған баласын орап, балабақша мен даярлық және бастауыш сыныптарда оқитындарын да орамал тағуға мәжбүрлеуде", - дейді облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов.

Басшы өңірде орамал тағып жүрген жасөспірімдердің дені балиғат жасына толмағанына қынжылды.

"Ақтөбе өңірінде мектепке орамал тағып келіп отырған оқушылардың 75 пайызына жуығы – балиғатжасына толмаған балалар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:«Үш адамға қалам жазылмайды» (үш адам жауапқа тартылмайды) деген. Олар балиғат жасына жетпеген балалар, ұйқыда жатқан адам және ақыл есі кем жандар. Әбу Бәкірқызы Әсмаға Алла Елшісінің (с.ғ.с) балиғат жасына жеткеннен кейін ғана әурет саналатын жерлерін көрсетпеуін ишарамен білдіруі де осыған дәлел емеспе?!
Ендеше парызды дер кезінде, уақыты туғанда орындасақ, бүгінгі туып отырған жағдай орын алмауы да мүмкін екендігін ескеруіміз қажет. Біз зайырлы елде өмір сүрудеміз. Мемлекет заңдарын сақтап, бойұсыну да кез-келген республика азаматына тікелей қатысты мәселе. Қадірлі ағайын, баршаңызды баланың білім алуы міндетті екендігін ұғынып, білім беру ұйымының ішкі талап, ережелерін сақтауға шақырамын. Білімсіз амал істеген адамның қоғамға тигізер пайдасынан зияны көп болады", - дейді Жолдас Қалмағанбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1711663-aktbedegi-din-ister-baskarmasyny-bassysy-oramaldy-okusylardy-ata-analaryn-sabyrga-sakyrdy/