Шымкенттік жанұя алты баласымен бір бөлмелі қара суық үйде отыр (видео)
Опубликовано:
Шымкентте көпбалалы отбасы қаңтардың қара суығында алты баласымен аядай ғана бір бөлмелі үйде жылусыз отыр. Ал шиіттей бала-шағасы бар отағасы мүгедек болғандықтан отбасын асырауға қауқарсыз. Анасы болса кішкентай балаларының күтімімен үйінен шыға алмайды. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Сайранбаевтар отбасының бүгінде далада қалу қаупі бар. Өлместің күнін кешкендер, жалдамалы үйге қаржы төлемек түгілі, кейбір кездері жанұядағы бала-шағаға бір үзім нан табуға зәру.
Ең сорақысы - жалға алып отырған үйінде жылу да жоқ. Сондықтан көпбалалы ана үйді жылыту үшін нан пісеретін электрлі пешті таңнан кешке дейін қосып отырады.
Мұндай пештің қауіпті екендігін біле тұра, бала-шағасы үшін қытайлық қондырғыны тәулік бойы қолдануына тура келеді екен.
Айнұр мен жары осыдан жиырма жыл бұрын отасқан. Алғашқыда жұбайлар тіршіліктен таршылық көрмепті. Кейін отағасының денсаулығы сыр беріп, төсек тартып қалады. Көп жылдар бойы сырқаттанған отағасы бүгінде жарымжан ретінде жұмысқа жарамыз.
"10 жылдан бері жалдамалы пәтерді күнелтіп жүрміз. Әкімшілікке өзге де тиісті мекемелерге қол жайғанымызбен, көмек қолын созған жоқ. Ал қазір жылусыз үйде отырмыз. Амалсыз қытайдың нан пісіруге арналған қондырғысын қолданамыз. Техника қауіпті екенін білсем де, үйді жылыту үшін балаларымның саулығы үшін осы "пешті" қосуға тура келеді.
Киім тұрмақ, тамақты тойып жеуді қойғанбыз. Менің қазіргі жалғыз тілегім - балаларымның амандығы, денсаулығы. Сол үшін жерлестерімнен, өзге де жомарт жандардан көмек сұраймын!", - дейді Айнұр Сауранбаева.
Жанұяның қазіргі кірісі– көпбалалы отбасыға берілетін 15 мың теңге жәрдемақы. Осы қаражатты ай сайын азық-түлік пен пәтер ақыға жеткізеді. Сондықтан, жанұядағы алты бала-шағаға тамақты тойып жеу арманға айналған. Қаржының тапшығынан үйдегі бүлдіршіндер ашқұрсақ жүруге мәжбүр.
Ал жергілікті атқамінерлер бұл жанұяның әлеуметтік ахуалын жақсы біледі. Көпбалалы батыр ана қазіргі мүшкіл жағдайын айтып, талай есікті сығалаған.
Десе де, құзырлы орнгандар өзіне тиесілі жердемақыдан бөлек өзге көмек берілмейтінін айтып, шығарып салған екен.
Тұрақты жұмысы жоқ отбасы енді көпшіліктен көмек сұрап отыр. Жомарт жандардың мейіріміне мұқтаж әйел, тым болмаса, балаларына киім-кешек пен азық-түлік сұрайды.
Қол ұшын созамын деген жандар мына байланыс нөміріне хабарласуға болады: 8-702-786-17-16 Айнұр Сайрамбаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1712250-symkenttik-zana-alty-balasymen-bir-blmeli-kara-suyk-jde-otyr-video/