"Басшыға бағыну керек": Ақтөбелік жазушы Назарбаевтың кітабына пікір білдірді
Опубликовано:
Ел ішінде Қазақстан президентінің жаңа туындысы - «Тәуелсіздік дәуірі» (Эра Независимости) кітабы талқыға түсіп жатыр. Ақтөбелік зиялы қауым өкілдері де аталмыш шығармаға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Кітаптың бір-екі жері есімде қалып тұр. Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қасындағы үлкен бір биікке Қазақстанның туын тікті. Сол кезде біз "президентте осыдан басқа шаруа жоқ па" деп ойлағанбыз. Осы оқиғаны кітаптың ішінде айтып кетеді. Сол кезде «мен қатты толқыдым» деп жазған.
Екінші оқиғада «Меккеге барған кезімде нөсерлетіп жауын жауды, бұл жақсы ырым деп айттым» деген. Ол да адам баласы. Кітапта біздің өміріміз айтылған. Бұл Назарбаев үшін керек кітап емес, халық оқысын, түсінсін деп жазылған.

Әңгіменің турасы керек, кейбіреулер мына кісі бір айтқанын айта береді деп те айтады. Ол кісіде айтпасқа жол жоқ. Өйткені, біз бұрын-соңды болып көрмеген мемлекет құрдық. Үш жүз жылдай тәуелді болып, әркімнің боданында жүрдік. Кешегі кезде біздің халықтың ең жақсыларын жойып, өздеріне жүз пайыз бағынатын құлдарды ғана қалдырған. Біз соның зардабын әлі көріп отырмыз.
Мемлекеттің сүйегі, кірпіші - біз. Сондықтан аулаңның жинаусыз жатқанын біреуге міндетсігеннен гөрі өзіміз жұмыс жасау керек секілді. Тәуелсіз Қазақстанның 26 жылдық өмірі жазылған президенттің жаңа кітабын оқуымыз керек», - дейді «Адырна» журналының редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы.
Танымал публицист басшыға бағына білу керектігін де айтады.

«Бізде мүмкін тойғандықтың белгісі, мүмкін еркіндікті көтере алмағандықтың белгісі шығар. Сынағанның реті осы екен деп көрінген нəрсені келеке қылатын жағдайға келдік. Қазақ əлі де он екіде бір сайманы түгенденбеген халық. Біз бір болуымыз керек, бір адамның айналасына жиналуға тиіспіз.
Кешегі заманда халық Əбілқайыр ханға да бағынбаған, ақыры өлтірді. Бірақ, сол Әбілқайыр тарихта қазақты қазақ қылып кетті.Күштілердің бір ғана мақсаты бар - бүкіл әлемді жалмау.
Біз қанша халықпыз? Біздің әскеріміз оны қорғауға жете ме? Кімге әліміз келеді? Екіншіден, біздің интеллектуалдық деңгейіміз соншалықты аспандап кетті ме? Біз тек Димаш сияқты аздаған таланттардың таң қалдырып жатқанына мәз боламыз. Өзіміз ше? Бұл сұрақ біздің санамызға баяғыда кіру керек», - дейді Мейірхан Ақдәулетұлы.
Қоғам қайраткерлері тәуелсіз еліміздің 26 жылдық тарихы жазылған кітапты әр қазаққа оқуға кеңес береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1716804-bassyga-bagynu-kerek-aktbelik-zazusy-nazarbaevty-kitabyna-pikir-bildirdi/