RU

Аягөзде бойжеткен 77 жастағы қарияны соққыға жығып, тонап кетті

Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында 77 жастағы жалғызілікті қартты белгісіз бойжеткен тонап кеткен. Ол алдымен қарияны талдырып, қалтасындағы 90 мың теңгесін үптеп кеткен деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған NUR.KZ.

Қария. Тонау. Фото: Интернет
Қария. Тонау. Фото: Интернет: UGC

«102» нөміріне хабарласқан ақсақал белгісіз адамның өзін талдырып, ақшасын алып кеткенін айтқан. Түнгі сағат 01.00 шамасында тысқа шығып, қораға беттеген қарияны медициналық бетперде таққан адам талдырып кеткен. Қарияның қалтасында 90 мың теңге қаражаты болған.

Жедел іздестіру шараларының арқасында тонаушының 22 жастағы бойжеткен екені анықталды. Ауылға қонақ боп келген тонаушының жалғызілікті қарияның қалтасында ақша барын қайдан білгені белгісіз. Күдікті сасқалақтап жүріп, бір қолғабын оқиға орнында түсіріп алады. Осы қолғап оның соңына түсуге себепкер болған. Қазір бойжеткенге бұлтартпау шарасы қолданылуда.

Айта кетейік, күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Жергілікті ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 191 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тағайындалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1717288-aagzde-bojzetken-77-zastagy-kariany-sokkyga-zygyp-tonap-ketti/