Эротикалық фильмдердің жұлдызын мешітке апарған ШҚО шенеуніктері сөз естіп тынды
Опубликовано:
Өткен аптада Өскемен қаласына өңір туралы деректі фильмге түсу үшін арнайы келген Голливуд жұлдыздарын қазақстандықтар жаппай сынап жатыр. Көпшілік артистерді әкелуге жұмсалған қыруар қаржыға алаңдаулы деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Кино түсіреміз деп бастары дауға қалған шығыс шенеуніктері тағы да сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе, жұлдыздарды жетектеп мешітке апарған әкімдіктегілерді түсіне алмай дал. Мәселен, Руслан Түсіпбеков есімді азамат өзінің Facebook парақшасында шетел артистерін шақыртып, қыруар қаржы жұмсаған облыс атқамінерлерін сынады.
«Шығыс Қазақстан облысы өңірлер бойынша пиар жасаудан алдына жан салмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Аймақтарды қайтесіз, тіпті, алып Астананың өзін артта қалдырды. Жарнама жасап, жаһанға жар саламыз деп Голливудтың «тасада қалған» артистерін шақырыпты. Хош, шақырды делік, ақшаны қайда шашпадық дейсіз? Қаражатты желге шашуға әбден етіміз үйреніп алды емес пе?
Алайда, Голливуд «әзәзілдерін», мәселен, порнофильмдердің жұлдызы болған – Бай Линді мешітке апарып, не ұтты десеңіздерші? Ол аздай, жұлдыз мешітті жай ғана турист ретінде араламаған, ол сонда қол жайып, дұға еткен»,-деп өз жазбасын бастаған Руслан Түсіпбеков.
Аталған постқа қатысты пікірлер де әр қилы. Facebook қолданушыларының бір бөлігі авторды қолдаса, енді бірі мұның айтарлықтай проблема еместігін жазған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1717635-erotikalyk-filmderdi-zldyzyn-mesitke-apargan-sko-seneunikteri-sz-estip-tyndy/