Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зың, нән, әгүршік, леген: Еліміздің төрт өңіріндегі тұрмыс-тіршілік туралы не білеміз?

Жарияланған күні:

Еліміз жер көлемі жөнінен әлемде 9 орынды иеленіп, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқандықтан, республиканың түкпір-түкпірінде тұрмыс-салт, әдет-ғұрып пен сөйлеу мәнерінде де түрлі ерекшеліктер байқалып жатады. Әсіресе, еліміздің «оңтүстігі» мен «батысына» қатысты көпшілік арасында әзіл-әңгімелер мен қағытпа қалжыңдар жетіп артылады. NUR.KZ порталы назарларыңызға төрт өңірдің тұрмыс-салтындағы айырмашылықтар мен ел арасында жиі айтылатын «аңыз-әңгімелерді» ұсынады.

Сурет: NUR.KZ
Сурет: NUR.KZ: UGC

1.«Ежиктер, южандар» - көпшілік арасында аталған атпен әлдекімдерді атап жатса, ойымызға бірден еліміздің оңтүстік өңірінің тұрғындары елестейді.

Қазақстан халқы жылы аймақ тұрғындарын – еңбекқор, тез тіл табысатын, пысық, қу, айлакер жандар ретінде таниды. Сондай-ақ, салт-дәстүрді берік ұстанып, «сәлем салу», «ертемен тұрып, аула сыпыру», «жүздеген қонақ шақырып, ұлан-асыр той жасау» сынды әдет-ғұрыптар да осы өңірдің тумаларына тән қасиет екені баршаға мәлім. Ал, «өлә, зың, лажы болғанда, зуала» деген сөздерді алғаш рет естіген республикамыздың кез келген тұрғыны аталған ұғымдардың мағынасын түсінбей де қалуы мүмкін. Десе де, «южандар» үшін бұл атаулар қалыпты құбылыс – мұндай диалект сөздерді олар күн сайын күнделікті тұрмыс салт барысында жиі қолданады.

2. «Северяне» қазақша айтқанда «солтүстік» тұрғындары – жүздері суық, аққұба келген, мінездері қатал, «орыс тілді» азаматтар.

Еліміздің барлық тұрғындары дерлік, теріскей халқын дәл осындай кейіпте елестетеді. Алайда, Ресеймен шекаралас аймақ дегені болмаса, мұндағы жұрт қазақы дәстүр ұстану мен салт-сананы дәріптеу жағынан республиканың өзге аймақтарынан кем түспейді. Бұл өңірлерде де «беташар», «қыз ұзату», «сырға салу», «тұсау кесу» және т.б. әдет-ғұрыптардың барлығы сақталған. Мәселен, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында күні бүгінге дейін домалақ жер үстелде тамақтану дәстүрі бар. Айтпақшы, бұл өңірлерде де тек өздеріне ғана тән диалект сөздер бар. Мәселен, «леген», «ақман», «жұқа нан», «тақ» және т.б. Сол сияқты, «а» әрпін жіңішкертіп «ә» деп дыбыстау «дәстүрі» де бар. Мәселен, тұрғындардың дені «бәқыт», «уәқыт» деп сөйлеп жатса таң қалмаңыз, оларға бұлай деп тіл қаты қалыпты жағдай. Сондай-ақ, бұл облыстарда «Шым қала, Техас» деген сияқты ірі қалалардың да өз атаулары бар. Мысалы: Петропавл – «Питер», Павлодар – «Павлик», Көкшетау – «Көкше» және т.б.

3. «Ақтөбеліктер», «ақтаулықтар» немесе «оралдықтар» - еліміздің батыс аймағының да өз өңіріне тән айтарлықтай ерекшеліктері бар.

«Нән», «баршиш, қойшиш», «не зат», «не хабар» деген сияқты диалект сөздерден бөлек, мұнда республиканың басқа облыстары атап өте бермейтін – көрісу дәстүрі бар. Наурыздың 14-і мен 22-сіне дейінгі аралықта батыс жұрты, бір-біріне сәлем беріп, көрісу дәстүрін өткізеді. Батыс қазақстандықтар, сондай-ақ, «балықтан бешбармақ» жеп, «тарымен шай ішеді». Дәстүрге берік, ұлттық ұстанымы күшті. Бұл өңірдің де келіндері бастарына орамал тағып, үлкендерге шай беруден алдына жан салмайды. Республика халқы батыс жұртын тік мінезді, ержүрек, батыл халық деп біледі. «Жерде – мұнай, аспанда – Құдай, ортасында – адай» деген әзіл дәл осы аймақтың тұрғындарына арналған.

4. Еліміздің шығысы – Абай мен Шәкәрім, Мұхтарды дүниеге әкелген өлке болғандықтан, мұнда қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрдың иісі аңқып тұрады деп айтуға толық негіз бар.

Алайда, қазақстандықтардың көпшілігі «шығыстықтарды» «орыстанған, орыс тілді» деп жатады. Бұл пікір – Шығыс Қазақстанның Ресеймен шекаралас аумақтарында Риддер, Бородулиха, Шемонайха деген сияқты санаулы аудандарының болуымен қалыптасқан «жалған ұғым» деуге болады. Себебі, өңірдің басым бөлігін қазақы аудандар мен елдімекендер алып жатыр. Ал, шығыс қазақстандықтардың әйгілі «ши бауырсағы» мен дәмді етін, «Алакөлінің» шипалы суы мен «Зайсанның балықтарын», табиғаты тамаша «Катонқарағайы» мен «Марқакөлін» білмейтін жан бүгінде кемде кем. Сол сияқты, облыс тұрғындарының «әгүршік», «тосып отырмын», «чай» деген сөздерінен, олардың бірден аталған аймақтың тумасы екенін аңғаруға болады. Алайда, әдебиеттегі «әдеби норма» терминіне сай келетін тіл осы өңірге тән десек артық айтқанымыз емес.

P.S. Жалпы Қазақстанның қай өңірінің болса да салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты ерекшеліктер болғанымен, олардың көпшілігінің мақсаты бір – ұлттық дәстүрді ұмытпау, оларды келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1721059-zy-nn-grsik-legen-elimizdi-trt-irindegi-trmys-tirsilik-turaly-ne-bilemiz/