Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ажыраспа: Танымал блогер әйелдерді отбасы үшін күресуге шақырды (фото)

Опубликовано:

Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – ерлі-зайыптылардың екіге айрылуы мен балалардың тірідей жетім қалуы болып отыр. Осы орайда танымал блогер Айна Досмахамбетқызы отбасын сақтап қалудың жолдарын түсіндіріп, жастарды бақытты өмір үшін күресуге шақырады. Ол NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, ең пайдалы кеңестерімен бөлісті.

- Айна ханым, ең алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз..

- Ата-анаммен бірге тұрамын. Ажырасқанмын. Үш баланың анасымын. Мамандығым - PR және әлеуметтік желі маманы.

- Сіз «ажыраспа» деген блог жазасыз. Ал бүгінде елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы түрлі шаралар ұйымдастырылып, әйелдердің құқығын таптатпау бойынша жұмыстар жүргізілуде.Қалай ойлайсыз, бұл әйелдің кеудесін керіп, отбасында өздерін еркектермен тең сезінуіне, нәтижесінде ажырасудың жиілеуіне алып келмейді ме?

- Бұл екеуі екі бөлек нәрсе. Отбасылық жағдайда шыдаудың екі түрі бар: активті және пассивті шыдау. Пассивті дегеніміз – күйеуі ұрып жатса әйелі түк істемей, таяқ жеп, жылап отыра береді. Мен оған түбегейлі қарсымын. Сіз атап өткен қоғамда қолға алынған шаралар осының бетін қайтару үшін жасалып жатыр. Себебі көп жағдайда біздің қоғамда зорланған қыз үндемей, ішінен тынып жүре береді. Қоғам оны «өзің жеңілтек сияқты жүрдің, ашық киіндің. Енді сені ешкім алмайды» деп айыптайды. Осы пікірлерден кейін көптеген әйелдер бәрін ішінде сақтап жүре береді. Бұл дұрыс емес және осы нәрсемен күресу керек.

Ал активті шыдау - ажыраспас бұрын қандай да бір әрекет ету. Мысалы күйеуі ұрып жатса полицияға барып, шағымдану керек. Ал біздің халық оған ұялады. Өз күйеуіне шағымданыпты деген сөзге қалғысы келмейді. Өзінің қауіпсіздігін, денсаулығын емес, «жұрт не дейді» дегенді ойлайды. Алайда бұл мәселені шешу үшін әйел өзін қорғауы керек. Мұндай мәселелерді сотпен де шешуге болады. Тым құрығанда, жігіттің ата-анасына, өз ата-анасына жағдайын айтуы керек. Психологқа барғаны да дұрыс. Адам қарап отырмай, өзін қорғауы керек. Бұл үшін ажырасу шарт емес.

Әйелге отбасын сақтап қалу үшін барлық нәрсеге шыда, барлық нәрсені істе деп айтпау керек. Қандай жағдайда да, адам ең алдымен өзін сыйлап үйренуі керек. Өзін сыйламайтын әйелді ертен еркегі де, балалары да сыйламайды.

- Халық алдында жүрген адамдар – елге үлгі көрсетеді. Жақында Баян Алагөзова туралы пост жаздыңыз. Көпшілік арасында да Байзақова мен Баянды жұртқа үлгі етіп көрсетпеу керек деген пікір бар. Осы тұрғысында сіздің ойыңыз қалай?

- Менің ойымша, бұл проблеманың түп негізі басқа жерде сияқты. Бізде қазір ұлттық идеология жоқ. Идеалогия - ол дін сияқты. Адам оған сенсе, ешқандай саяси агитация, жарнамалық кампаниялар керек емес. Есесіне белгілі бір бағдар бар, қозғалыс векторы бар. Менің айтып отырған идеологиям міндетті түрде коммунизм сынды режим емес. Бірақ халыққа түсінікті, халық бір ауыздан қолдайтын идея. Ал ондай ортақ идея жоқтығынан бізде халық еліктегіш болып кеткен сияқты.

Мәселен, Байзақова сияқтылар елімізде өте көп. Шешініп, темекі тартып жүрген тек сол ғана ма? Жоқ. Оған дейін де Байзаковалар болды, одан кейін де болады.

Бірақ, неге Айжан ғана халықтың назарына ілікті? Себебі ол халықтың жанды жерін тауып алды. Баршаға мәлім, Айжан қыздарды шешіндіргені үшін үш күнге қамауға алынды. Бұл оны қамауға болмайды деген сөз емес. Тек халық бір ауыздан «неге адам өлтірген Үсеновты қамамай, қыздарды шешіндірген Байзақованы түрмегет жапты?» деді. Мәселе еліміздегі әділетсіздікте болып отыр. Айжан осы жараның бетін тырнап алды.

Мейлі, оны үш күнге қамасын, алайда Үсеновты да 30 жылға соттасын. Бізде көп қылмыс жасаған адамдар бостандықта жүр. Ал осындай «кішігірім» бұзақылық жасағандар жауапкершілікке тартылады. «Байзакованың феномені» деп осыны түсінемін.

Адам болып өмірге келуден, адам болып өмірден өту қиын. Адам кез-келген нәрсеге адамгершілікпен қарауы дұрыс. Баян мәселен, кітабында жазады: «Мен күйеуімді жақсы көрмей үйлендім. Жақсы көріп кетемін бе деп ойладым. Бірақ олай болмай шықты» дейді. Жарайды жақсы көрмесін, ондай әйелдер көп қой елімізде. Бірақ оның отбасылы еркекпен кездесуі – эгоцентристік әрекет дер едім. Әлгі еркектің әйелінде еш жазық жоқ. Сондықтан ең болмаса, заңды түрде ажырасып, ғашықтарымен қосылу керек еді деп ойлаймын. Ажыраса алмадым дейді. Онда әйелі бар адаммен қосылма. Бірінші ажырасу проблемасын шешіп ал. Бәрі заңды түрде, ретімен, санаға сыйымды болса ол да мүмкін халықтың сөзіне қалмас па еді.

- Алдыңызға көмек сұрап келіп, сіздің кеңесіңізден кейін отбасын сақтап қалған адамдар болды ма?

- Болды, ондайлар көп. Дос, туыстарымның арасында, әлеуметтік желідегі оқырмандарымның арасында да болды ондай жағдайлар. Мәселен достар арасында әйелі немесе күйеуі келіп ақыл сұрағанда, олардың нағыз мәселесі неде екені сырттай көрініп тұрады. Бұдан бөлек, өзімнің парақшама жазып, рахмет айтып жататындар да кездеседі. Соған қарағанда, блогтың нәтижесі бар сияқты.

- Бүгінде ерлі-зайыптылардың екіге айрылысып жатқанына көбіне не себеп?

- Себептер өте көп. Біздің қоғам тұрақсыз. Болашағымыздың қалай болатыны белгісіз. Біз ертеңімізге сенбегендіктен, барлығын қазір жасағымыз келеді, сабырсыздық танытамыз. Кеңес Үкіметі кезінде ажырасудың аз болғаны да сондықтан. Мәселен, оқуын бітірген адам жұмыс істейді, содан кейін оған үй береді. Адамдар түбінде бәрі болатынына сенетін.

Ажырасудың жиі кездесетін себебі – ер адамдардың жұмыс істемеуінен де болып отыр. Көбісі отбасының жауапкершілігін толық сезінбейді. «Жүргізуші болу – маған лайықты емес, жүк тиеу – ауыр жұмыс» деп, сылтау іздейді көбісі. Ешқандай жұмысты жиренбей істейтін еркектермен әйелі ажыраспайды. Осылай жүріп бір күні байып кетеміз деп ойлағандықтан емес, ертеңгі күні аш қалмайтынына сенеді олар. Ондай еркектің жанында әйел өзінің қорғаны бар екенін сезеді.

Әйелге қорған керек. Егер еркектің ата-анасы барлық жағдайды жасап беріп жатса, ондай еркектер көп жағдайда «саған не керек: жегенің алдыңда, жемегенің артыңда» деуі мүмкін. Былай қарап тұрсаң, дұрыс сияқты. Бірақ, әйел іштей азаматына сену керек, қолынан келетінін көру керек. Жағдайын ата-анасы жасап беріп жатқан адамға қалай сенесің?

Бұдан бөлек, енелер мен туыстар екі ортаға көп түседі. Бізде бір жаман әдет бар. Ересектер баласы үйленгенге дейін оның өміріне араласпайды да, үйленгеннен кейін араласып бастайды. Негізі, керісінше істеу керек.

«Мен сені өсірдім, енді сен маған өмір бойы қарыздарсың» деп міндеттеп қоямыз. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ананың өзі саналы болуы керек. Ол үшін айналып келгенде, қоғамдағы жағдай тұрақты болуы керек деп ойлаймын.

Бұл бір ғана адам шешетін мәселе емес. Мемлекетте халықтың жағдайы жақсы болса, онда адамдар да біртіндеп түзеле бастайды. Ал әзірше, фокус сыртта болып тұр: ақша табуды ойлаймыз, ертеңгі күнді ойлаймыз. Сондықтан, ішкі, отбасылық, психологиялық проблемалар назарсыз қалып отыр деп ойлаймын.

- Сіз ұйымдасарып жүген тренингке қатысатын адамдар көп пе? Көпшілігі қандай мәселемен келеді?

- Халық тренингтің керек екенін енді-енді түсініп жатыр. Соның өзінде олар ақша төлегісі келмейді. Бірақ тегін білім – білім емес. Тегін тренингке барған адам ол жердегі тапсырмаларды орындамайды да. Адам өзінің жанынан бірнәрсені қиып шығарған кезде ғана, пайдасын көкейіне түйеді. Ал әйелдер тренингке барғанша, сол ақшаға үйге тамақ алайын деп ойлайды. Бағана айтқан тұрақсыздық проблемасы.

Мен тренингтерге жасөспірімдер келсе екен деймін. Себебі, мәселенің барлығы сол жұп таңдаудан басталады. Бізде қыздарға аналары қандай жігіт таңдау керек, неге мән беру керек екенін ашық түрде көп айта бермейді. Олар өз құрбларымен ақылдасады да, өз ойындағы «күшті» жігітке шығып кетеді. «Мен оны өзгертіп аламын» деген аңызға сенеді. Бірақ адам өзі өзгергісі келмейінше, оны біреудің өзгертуі мүмкін емес.

Кей әйелдер ажырасқан соң барлық мәселе аяқталады деп ойлады. Шын мәнінде керісінше, одан да көп мәселе басталады. Ал кей біреулер екі айырылысқан соң балаларын әкесіне көрсеткісі келмей жүреді. «Ол бізден кетті, енді не үшін көруі керек?» деп ойлайды. Алғашында блогты осының барлығын түсіндіргім келіп бастағанмын.

Ер адам мен әйелдің психологиясы екі түрлі. Әйелдерге жақсы көру деген – қамқорлық таныту. Ал ер адам үшін жақсы көру – ақша табу. Мәселен, ер адам түнге жақын келеді де, балаларына әкелген шоколадын беріп қойып, жатады демалып. Оған әйел келіп, «Тағы жатырсың ба? Балалармен бір сәт ойнап-сөйлессең қайтеді?» деп шүйлігеді. Ал әкесі, өз кезегінде «барлық шаруаны беске орындап тастадым» деп ойлайды. Олар бір-бірін түсінбейді, естімейді мүлдем.

-Мұндай жағдайды қалай шешуге болады? Ұрыс-керіссіз ситуациядан қалай шығамыз?

- Ер адам үйге демалуға келеді. Олар үшін жұмысқа бару - соғысқа аттанғанмен тең. Ал үйде барынша демалғысы келеді. Ол үшін әйел күйеуіне сондай жайлы жағдай жасауы керек. Алдымен жақсылап демалып, тамақтанып алсын. Теледидар көріп, телефонын шұқылап алсын. Мұның бәрі – қалыпты жағдай. Содан кейін ғана олармен сөйлесіп, ойымыздағыны жаймен, астарлап түсіндіруге болады.

Әйел адам барынша нәзік және аздап қулау болуы керек (бірақ өзім ондай емепін, тік мінез сияқтымын ау). Үнемі еркектің көмегін қажет етіп тұратын, оларсыз ешнәрсе жасай алмайтын болып қалыптасуы керек. Сонда олардың рөлдері де араласып кетпейді.

Көп еркектер үйдегі тазалықтан гөрі жанының тыныштығын қалайды. Сондықтан, оны да шұқылай бермей, бір мезгіл өзіңіз де демалуға уақыт табыңыз. Өзіңізді құрбан етіп, бар тапқаныңызды балалар мен отбасыңызға арнай бермей, қалауыңызды қанағаттандырып үйреніңіз.

Ұрысып қалып, іштегіні айтып тастаудың өзі кейде дұрыстау көрінеді. Себебі ренжіп, іштей тынып жүру одан да жаман нәрсе.

- Халықтың санасында әйелдерге қатысты «сол үйден сүйегің шықсын» деген стереотип қалыптасқан. Шынында, соның арқасында отбасыларын сақтап, бүгінде бақытты болып отырған жандар жетерлік? Сіз осыған қалай қарайсыз? Қандай шекке жеткенше адамдар бір-біріне шыдауы керек?

-- Жалпы біздің қазақтың ырым-тыйымдарын дұрыс түсіну керек. Олардың қай жағдайда, қалай пайда болғанын зерттеу керек. Біздің салт-дәстүрлеріміз, ырымдарымыз керемет, мағынасы зор! Бірақ олар қай кезде қалыптасты? Сонау рулық-тайпалық көшпелі замандарда. Ол кезде әйел үйінен кетіп қалса қайда барады? Далада жапан жалғыз қалып, бір күндік тамаған да таба алмайды. Жұмысқа орналасатындай жұмыс жоқ. Тамағыңды сатып алатын дүкен жоқ. Көрші ауыл жүздеген шақырым жерде болуы мүмкін. Не істейді? Таңдау жоқ. Әйелдердің өмірі түбегейлі еркектерге тәуелді болды. Сүйгі шыққанша сол үйде қалмай не істейді? Еріңнен кетсең біттің, құрыдың. Әмеңгерлік те осыдан шыққан. Әйел жалғыз қалса, өзі де, сол әулеттің балалары ба жалғыз қалмасын деген оймен пайда болған салт. Ал қазір бәрі басқаша. Заман өзгерген. Нарықтық экономика. Бұл жағдайда әйел түгіл, балалар да жұмыс тауып, күнін көріп жүре бере алады. Ырым-тыйымдарды ұмыту керек деген сөз емес, оны қайта дұрыс түсініп, дұрыс қолдану керек деп санаймын.

-Байқап отырсам, қазақшаңыз өте жақсы дәрежеде. Неге блогтарыңызды ана тілінде жүргізбейсіз?

-Мен негізі орысша ойлаймын. Себебі көбінесе орыс тіліндегі кітаптарды оқимын. Ал әлеуметтік желідегі блогтарды жазғанда, оның барлығы менің жүрегімнен шығады. Мен «Ажыраспа» деген блогты әдейілеп те бастамадым. Ішімнен шыққаны сол.

Соңғы уақытта осы жобаны түбегейлі қазақ тіліне көшіремін деп отырмын. Бірақ мені ойландыратын бір нәрсе – менің аудиториям «50/50» қазақ және орыс тілді адамдар. Сондықтан ескі парақшада орысшаны қалдырып, жаңасын толық қазақшаға арнасам ба деп отырмын.

- Қыздардың барлығын ажыраспауға шақырасыз. Егер құпия болмаса, өзіңіз күйеуіңізбен неге ажырастыңыз?

- Ол бөлек сұхбаттың әңгімесі сияқты (күліп)

- Қазір қаншама қиындықты бастан өткердіңіз.. Өкінбесеңіз де, егер сол уақытқа қайта түсер мүмкіндігіңіз болса, қалай әрекет етер едіңіз?

- Ең бастысы, өз ойымды ашық айтып білдірер едім. Бар ренішімді ішімде сақтап жүре бермес едім. Әйтпесе мен онда ешкіммен ұрысып, сөзге келіп қалған кезім болған емес.

Бұл жерде ер азаматтарға тағы бір маңызды нәрсені айтар едім: әйеліңді қорғау деген – анаңнан бас тарту емес, онымен ұрсысу емес. Тек оған «бұл - менің отбасым, мәселемді өзім шешейін» дегенді түсіндіру керек. Маған ертең ұлым солай десе, мен қуанар едім. Демек мен өз мәселелін өзі шеше алатын, өз таңдауына өзі жауап бере алатын еркекті тәрбиеледім. Егер ене екі жастың арасына түссе, ол мәселені әйел ешқашан шеше алмайды. Оны шешу - ер азаматтың міндеті. Бірақ біздің еркектер бұны басқаша түсінеді.

Әйелдердің арасына түскім келмейді дейді. Арасына түсу – мүлдем басқа нәрсе. Ал өз отбасың үшін жауап беру, ата-анаңа «мен отбасымның мәселесін шеше аламын, уайымдамаңыздар» деп айту - ол басқа нәрсе. Әйелді сен таңдадың. Ол өз отбасын тастап саған келді. Енді оны анаңның мойнына жүктей салу дұрыс емес. Жауапкершіліктен қашпауды үйрену керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1721342-azyraspa-tanymal-bloger-jelderdi-otbasy-sin-kresuge-sakyrdy-foto/

pixel